Сенбі, 07 ақпан, 01:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№10 (2222)
07.02.2026
PDF мұрағаты

Таза қала – еңбектің нәтижесі

07.02.2026

44 0

Бүгінде Қызылорда «Таза қала» бойынша  көш бастап келеді. Атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Бұл туралы «Қызылорда тазалығы» директоры Сапарғали Асылбеков БАҚ өкілдеріне берген брифинг барысында мәлімдеді.

«Қызылорда тазалығы» мекемесінің негізгі мін­де­ті – қала көшелерінің санитарлық тазалығын қамтама­сыз ету, тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, жаз мезгілінде көшелерді жуу мен су себу, ал қыс айларында қар тазалау және көктайғақтың алдын алу. Сондай-ақ көше бойындағы арамшөптерді тазалау, жол жиектерін жуу, ағаштарды әктеу жұмыстары да кәсіпорын жауапкершілігінде.

Кәсіпорында штаттық кестеге сәйкес 538 қызметкер еңбек етеді. Материалдық-техникалық базада 178 ар­найы техника бар. Жыл басынан бері тұрмыстық қатты қал­дық­тар полигонына 96713 тонна қоқыс шығарылған. Қала бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қыз­метіне 180 мыңға жуық абонентпен келісімшарт жасалған. Ай сайынғы түсім көлемі шамамен 97,7 млн теңгені құрайды. Төлемді уақытылы төлемеген тұрғын­дар заң талаптарына сәйкес жұмыстар атқарылуда.

Қысқы маусымға дайындық жұмыстары да қарқынды жүргізілуде.

– Қала көшелеріндегі қозғалыс қауіпсіздігін қамта­масыз ету мақсатында 59 арнайы техника жұмылдыры­лып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Қоймада 1157 тонна құм мен 223 тонна тұз қоры сақтаулы. Көктайғақтың алдын алу үшін бұл жұмыстар орындалуы шарт. Бүгінде 270 қызметкер  қысқы маусымда еңбек етуде. Кейде тұрғындар «қарды әзір күремеңіздер, қар жауғанын сезінейік» деп айтып жатады. Себебі біздің қызметкерлер қар жауған бойда өз жұмыстарына кірісіп кетеді, – дейді Сапарғали Асылбеков.

2026 жылға кәсіпорын алдына бірқатар маңызды міндеттер қойылған. Атап айтқанда, шы­ғындарды азайту, дебиторлық қарыздарды өндіру, келісімшарттар санын арттыру және материалдық-техникалық базаны нығайту жоспарланған. Сонымен қатар лизинг арқылы жалпы құны 2 млрд 843 млн теңгені құрайтын 32 жаңа техника сатып алу көзделіп отыр.

Алдағы жылы тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару үдерісін цифрландыру мақсатында «Waste Management» ақпараттық жүйесін енгізу жоспарлануда. Аталған жүйе қоқыс тасымалдау маршруттарын GPS арқылы бақылауға, абоненттік базаны цифрлық форматта жүргізуге және жанар-жағармай шығынын оңтайландыруға мүмкіндік береді.

А.БАХТИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: