Қала әкімінің тапсырмасымен шаhарда санитарлық рейдтік шаралар жалғасуда. Бұл бастаманың мақсаты – қала тазалығын сақтау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Қазіргі таңда қала көшелерінде бейберекет тасталған қоқыс, құрылыс қалдықтарының үйіндісін жиі кездестіреміз. Қала тазалығын сақтау мақсатында санитарлық талаптардың орындалуын қадағалауға бағытталған рейдке шықтық. Рейд барысында тазалық сақтамай, ескертуді елемеген тұрғындарға заң аясында айыппұл салынды.
Бұл іс-шараға қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп, қала құрылысы және сәулет бөлімі мен құқық қорғау органдарының өкілдері де қатысып, қоғамдық орындар мен көшелердің тазалығын қадағалады. Тексеру барысында заңсыз салынған құрылыстар мен қалдықтары анықталып, санитарлық талаптарды өрескел бұзған тұрғындар мен кәсіпкерлерге ескерту жасалып, заңға сәйкес әкімшілік шаралар қолданылды.
Мәселен, Мұстафа Шоқай көшесіндегі көпқабатты тұрғын үй аулаларында тұрмыстық және құрылыс қалдықтарының тасталғаны анықталды. Бұл жағдай тек қоршаған ортаға ғана емес, балалардың өміріне де қауіп төндіруі мүмкін.
– Құрылыс қалдықтары балаларға қауіп төндіреді. Олар ойнап жүріп жарақат алып қалмаса екен деп алаңдаймыз. Балаларымызды ол жаққа жібермей, қызғыштай қорып отырамыз, – дейді алаңдаушылық білдірген тұрғындар.
Шынында да, ауыр әрі үшкір заттар қайғылы жағдайға себеп болуы мүмкін. Осыған байланысты тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ескерту жасалды.
Рейд барысында Қожа Ахмет Яссауи көшесінде де заңсыз тасталған құрылыс қалдықтары табылды. Қаланы ластаған тұрғынға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша ескерту беріліп, талап орындалмаған жағдайда 78000 теңге айыппұл салынатыны ескертілді.
– Қала әкімінің тапсырмасы бойынша полиция басқармасымен бірлесе отырып, абаттандыру ережелерін бұзған азаматтарға шара қолданылды. Бұл іс-шара бір айдан бері жүргізілуде. Нәтижесінде тұрғындар арасында құрылыс қалдықтарын тастау дерегі едәуір азайып, қалада темірдей тәртіп орнай бастады, – дейді қалалық полиция басқармасының учаскелік инспекторы Мұхаммедәли Сақтағанов.
Тазалық – әр тұрғынның міндеті. Өз ауласы мен көшесін таза ұстау – өркениетті қоғамның басты талабы.
Жол жөңделуде
Қала тазалығын бақылауға арналған рейдтен соң, жол жөндеу жұмыстарын да көрдік. Биыл Қызылорда қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында ауқымды жобалар қолға алынуда. Бұл бастама тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталды.
Қаланың шет аймақтарындағы 11 көшеде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, Әбдімомынов, Қайруллаев, Арыстанбай батыр, Қашқынбаев, И.Сейтов, Х.Әбенов, Бұлғақов, Атамекен, Алтай, Атакент және Егемен көшелері жаңартылып, тұрғындар игілігіне берілмек. Бұл мақсатта 800 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген.
Ең алдымен Саяхат шағын ауданы жанындағы Қайруллаев көшесіндегі жол мамандарымен тілдестік.
– Қайруллаев көшесінде асфальт төсеу жұмысы қызу жүріп жатыр. Жолдың ені – 7 метр, қалыңдығы – 6 сантиметр. Айдың ортасында пайдалануға беріледі, – дейді жауапты маман.
Сондай-ақ қаланың солтүстік бөлігінен кіре беріс саналатын Сағымбаев көшесін төрт жолақты етіп кеңейту жұмыстары жүргізілуде.
Жол құрылысы мұнымен шектелмейді. Биыл 16 көшеге күрделі жөндеу жүргізілмек. Өткен жылы басталған сегіз көшедегі жұмыс аяқталды. Қалған көшелер биыл жоспарға енді.
– Көшіп келгеніме он жылдан асты. Осы уақыт ішінде биыл, міне, жаңа жол салынды. Қуанышымызда шек жоқ. Ендігі кезекте жолмен қатар жарық та орнатылса екен, – дейді Х.Әбенов көшесінің тұрғыны.

Тұрғындар жаңа жолға дән риза. Дегенмен қыстың қараңғы кешінде балалардың мектепке баруына алаңдаушылық білдірген тұрғындар көше жарығы да қатар орнатылса деген тілегін жеткізді.
Қалаға қарасты елді мекендер де назардан тыс қалып жатқан жоқ. Қызылөзек ауылдық округіндегі Қожақ каналы арқылы өтетін көпірге күрделі жөндеу жүргізілуде.
Жалпы, жыл басынан бері 17 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асуда. Бұл бастамалар қаланың тек орталығы емес, шет аймақтарын да қамтыды. Жолдар мен көпірлердің жаңаруы көлік кептелісі мен жол апатының алдын алып қана қоймай, тұрғындар қауіпсіздігіне де кепіл болады.
Айдана БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!