Сейсенбі, 25 қараша, 01:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№90 (2202)
25.11.2025
PDF мұрағаты

Таза қаланың құпиясы

25.11.2025

29 0

Бүгінгі Қызылорда бұрынғыға ұқсамай­ды. Қазір қала айнадай таза. Көшесінде қоқыс түгілі, қылау жоқ, тәртіп пен тазалығы үйлескен заманауи шаһар. Қала көшелерінің айнадай жарқырап тұруы, тұрғындардың мәдениеті ғана емес, қыруар еңбекті қажет ететін тазалық мекемесі қызметкерлерінің көзге көрінбейтін жұмысы. Олар үшін әр көше, әр бұрылыс, әрбір аялдама  өз үйінің ауласындай. Таң атқаннан кеш батқанға дейін  еңбек етіп жүрген  жандардың ерен еңбегін  айтпай кетпеске  болмас. Тазалықшылардың арқасында Қызылорда бүгінде таза қалаға айналып отыр. Қаланың тазалығын қадағалап, санитарлық жұмыстарды үздіксіз жүргізіп отырған мекеме – «Қызылорда тазалығы» ЖШС. Осы тұста қаланың таза болуына сеп болып жүрген мекеменің жұмысына  шолу жасауды жөн көрдік. Қызылордада қаhарлы қыс болмаса да, мекемеге арнайы бардық.

Таза қаланың құпиясы

Қазіргі таңда «Қызылорда тазалығы» мекемесінде 90 арнайы техника, 240 жұ­мысшы және 70 жүк тиеуші қаланың 500-ден аса көшесінде күнделікті тазалық жұмыстарын жүргізеді. Бұл – бір күндік емес, жыл он екі ай бойы жүргізілетін үздіксіз еңбек. Тазалықшылар таңнан түске дейінгі уақытты тазалыққа арнаса, кешкі ауысымда тағы да сол қарбалас қайталанады. Қызметкерлер үшін мекеме есебінен арнайы киім, жыл мезгіліне қарай қажетті құрал-жабдықтар, кешкі ауы­сымдағы қызметкерлер үшін жатын орны қарастырылған.

Таза қаланың құпиясы

– Жаздың аптап ыстығында, қыстың аязды суығында қала тазалығына жауап беру оңай шаруа емес. Себебі біз кеңседе, белгілі бір уақытпен жұмыс істемейміз. Жұмыстың қиындығы да осы. Көзге көрін­бейтін жұмыс болғанымен, қаншама еңбек, маңдай тер жатыр. Мәселен, біз қала ау­мағын 12 секторға бөлеміз. Әр сектордың бригада жетекшісі, тазалық жұмыстарын атқаратын біртұтас құрамы бар. Сонымен қатар  ауа райына қарай сақтық шаралары да қарастырылған. Әрбір тазалық қызметкері өзіне берілген жұмысты жүйелі орындайды. Мақсатымыз ортақ – Қызылорданы таза  қалаға айналдыру, – дейді ӨТБ бөлім басшысы Маржан Шанаева.

Көзге көрінбейді…

Қала көшелерін сыпыру, тұрмыстық қалдықтарды жинап, оны полигонға жеткізу, жаз мезгілінде көшелерге арнайы көлік­пен су себу, қоқыс жәшіктерін тазалау, бау-бақша аумақтарындағы шөпті шабу, жол бойындағы бордюрлерді ретке келтіру, әктеу, қыс мезгілінде көшені қардан таза­лау, көктайғақ болдырмау мақсатында құм-тұз аралас қоспа себу осының барлығы күн сайын жүргізіледі. Қала тазалығы жай ғана қоқыс жинау емес, бұл  тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру. Осы орайда, тазалық қызметкерлерінің ерен еңбегін айтпай кетпеске болмас.

– Осы мекемеге келгеніме екі жыл болды. Адал еңбегімнің арқасында балаларымды асырап, табыс тауып жүрмін. Әдетте, мұндай жұмыстарды істеуге көпшілік на­мыстанып жатады. Ал мен өз жұмысыма ешқашан да намыстанған емеспін. Өмірдегі басты қағидам – қандай жұмыс болса да, адал атқару. Әрине, жұмысымыз оңай емес. Таң атысымен, күн ұясына батам дегенше далада жүреміз. Алдымызда қыс келе жатыр. Қыс мезгілі тіпті қиын. Суық күнде қар күреп, жолдағы мұздарды оямыз. Мұның барлығы халық үшін жасалады. Көзге көрінбейтін жұмыстың артында қан­шама тазалық қызметкері тұрғаның қала тұрғындары ұғынса деймін. Себебі көшеге тастаған әрбір қоқыс тек табиғатқа емес, адамзатқа да қауіпті болмақ. Сондықтан тазалықты әрбір жан өзінен бастағаны абзал. Ал жұмысыма келер болсақ, осы еңбегімнің арқасында облыс әкімінен марапат алдым. Бұл – елеулі еңбегімнің еленген сәті деп білемін, – дейді тазалық қызметкері Гүлнәр Оразқызы.

Таза қаланың құпиясы

Ауыр техниканы басқару да өнер

Жүргізушілердің де ерен еңбегін атап өтпеске болмас. Қала көшелерін күн сайын тазартып, ауыр техниканы басқару оңай шаруа емес. Бұл істің артында тынымсыз еңбек, төзім мен жауапкершілік жатыр.

– Бұл салада еңбек етіп жүргеніме үш жылға жуықтады. Осы уақыт ішінде бұл жұмыстың оңай еместігін, әр күннің өз сынағы бар екенін түсіндім. Әрине, жұмыстың оңайы жоқ. Ал жұмысқа шағымдану дұрыс емес. Аяқ-қолың сау неге жұмыс істемеске дегім келеді. Ең маңыздысы, адалынан атқарсаң болғаны. Шын мәнінде тазалық қызметкерлері үшін уақыт деген ұғым кейде маңызын жоғалтқандай көрінеді. Күннің суығын да, түннің қараңғысын да елемей жұмыс­қа шығамыз. Қыс мезгілі тіпті қиын. Қар аралас жаңбыр жауып, жол көктай­ғақ болған кезде ел жүретін көшелер қауіп­сіз болуы үшін мұзға қарсы құм себеміз. Бұл – жауапкершілігі жоғары жұмыс. Ал ауыр техниканы басқару өз алдына бір өнер. Ол үшін шыдамдылық та, ептілік те керек. Кейде таң атпай жолға шығамыз. Кей­де түн ортасына дейін жұмыс істейтін сәттер болады. Бірақ мұның бәріне мойымай­­мыз. Себебі біздің мақ­сат – қаланың тазалы­ғын сақтау. Ал қала жұртшылығы таза, көрікті көшелермен жүрсе еңбегіміздің жемісі сол, – дейді жүргізуші Мақсат Жомартұлы.

Тазалық мекемесінде кәмелеттік жасқа толған азаматтар жұмыс істей алады. Алайда мұнда басым бөлігі зейнет жасына жуықтап қалған жандар.

– Біз жұмысқа денсаулығында ақауы жоқ жандарды қабылдауға тырысамыз. Себебі бұл кеңседе отырып істейтін жұмыс емес. Көшені тазалау барысында сақтық шараларын сақтау қажеттігі қатаң ескертіледі. Өйткені зулаған көлік, табиғи апаттар болуы ғажап емес. Алайда біздің мекемеде басым бөлігі зейнет жасына жақындаған жандар. Жастар мұндай жұ­мыс­тарды істеуден қашады. Сол себепті жұмыс­шылардың айлық табысын көтеруге өтінім бердік, – дейді М. Шанаева.

2025 жылдың алғашқы он айында қала аумағынан 85137 тонна қоқыс шығарылған. Бұл – айына орта есеппен 8513 тонна, ал бір күнде 284 тонна қалдықтың полигонға жеткізілгенін көрсетеді. Полигонга жеткі­зілген қоқыстар қайта сұрыпталады. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 79196 тонна болған. Яғни қалада тіршілік қарқыны артып, адам саны көбейіп, қоқыс көлемі арт­қанымен, тазалық жұмыстарының сапасы төмендеген жоқ. Сондай-ақ бей-берекет қоқыс орындарын азайту мақса­тында мобильді топ құрылып, бейнека­мералар орнатылған. Санитарлық талапты бұзған тұрғындарға ескерту беріліп, айып­пұл салынады. «Қызылорда тазалы­ғы» кәсіпорнының сектор меңгерушісі Гүлзинат Жұмабекованың айтуынша, енді қала аумағында бей-берекет қоқыс тастаған тұрғындар заң алдында жауап береді.

– Заң бәріне ортақ. Қала тазалығын бұзған азаматтарға «Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы» кодекстің 505-бабы негізінде ескерту беріледі. Ал 434-баптың 2-тармағы бойынша айыппұл салу қа­растырылған. Сонымен қатар бейне­каме­ралар орнатылып, рейдтік жұмыстар күнделікті жүргізілуде, – дейді сектор меңгерушісі.

Қысқа дайындық қалай?

Қыс мезгілі қай өңірді болсын, тол­ғандыратын, тазалық қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік артылатын уақыт. Аяз, қар, көктайғақ секілді табиғат құбы­лыстары жыл сайын көше тазалығы қызметіне үлкен жүк артады. Осыған орай, мекеме 59 арнайы техниканы қысқа дайындап, 2000 тонна құм мен 400 тонна тұзға тапсырыс берілген. Осы бағытта қала бойынша жыл сайын 80 көше қардан тазаланып, құм-тұз аралас қоспа себіледі. Жаяу жүргінші жолдары, аялдамалар, бордюр жиегін жұмысшылар арнайы тех­никалық құралдармен тазалайды. Мұнда 2 басқарушы, 2 сектор меңгерушісі, 12 шебер, 59 жүргізуші және 195 жұмысшы жұмылдырылып, жалпы алғанда қысқы маусымда қала тазалығына 270 адам қызмет көрсетпек.

2025-2026 жылғы қыс мезгіліне арнал­ған техникалар да алдын ала жоспарлан­ған. Қала жолдарын күтіп ұстауға 59 арнайы техника дайын тұр. Оның ішінде көпбейін­ді жүк көліктері, қар тазалайтын арнайы техникалар, тракторлар, жаяу жүргінші жолдарын тазалайтын шағын машиналар және қар тиегіш сынды ауыр техникалар бар. Барлық техника толық дайындықтан өткізіліп, кез келген уақытта жұмыс істеуге әзір.

– Қысқа дайындық қарқынды жүріп жатыр. Техникалардың барлығы толық тексеруден өткен. Қыс мезгіліне дайынбыз десек те болады. Биыл Қызылорда таза қала ретінде республикада көш бастап тұр. Бұл тазалық қызметкерлерінің еңбегі деп білемін. Кейде бізге қала тұрғындары шағымын білдіріп жатады. Неге десеңіздер, «қарды күремей қоя тұрыңыздар. Қысты сезінейік» деп айтады. Әр тазалық қыз­меткері өзіне берілген аймақты тез тазалайды. Міне, бұл  – таза қала Қызылорданың айғағы, – дейді Гүлзинат Жұмабекова.

Тұрғындардың жауапкершілігі қандай деңгейде?

Қала тазалығы тек техниканың күші­не ғана емес, тұрғындардың жауапкерші­лі­гіне де байланысты. Қазіргі таңда көпқабатты үйлер бойынша 120634 адам, жеке секторда 62007 адам, ал заңды тұлғалар бойынша 2853 нысан кәсіпорынмен келісімшарт жасаған. Әр адамнан алынатын тариф белгі­леніп, төлем жүйесі реттелген. Бұл қыз­меттің тұрақты, сапалы жүруіне негіз болмақ.

Тәртіп орнаған жерде тазалық болады, тазалығы бар қалада мәдениет қалыптасады. Қызылорданың бүгінгі келбеті – жаңарған сананың, еңбектің, тәртіп пен мәдениеттің жемісі. Таза қала – бір күндік шаруа емес, күнделікті жүйелі жұмыстың нәтижесі.

    Айдана БАХТИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: