Жедел ішек инфекциясы – бұл ішектің жұқпалы ауруы, ол көбінесе бактериялар, вирустар немесе паразиттер арқылы таралады. Бұл аурулар негізінен, ас қорыту жүйесін зақымдайды және адам ағзасына айтарлықтай зиян келтіреді. Жедел ішек инфекциялары әлемде кеңінен таралған, олар көбінесе санитарлық-гигиеналық жағдайлардың нашарлығынан және жеке бас гигиенасының сақталмауынан туындайды. Бұл инфекциялар көбінесе балалар мен қарттарда асқынуларға және ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар инфекция ауыз арқылы жұғып, қоздырғышы ішекте өсіп жетіледі де, микробтары нәжіспен сыртқы ортаға түсіп, тарайды.
Инфекция гигиеналық тазалықтың төмен дәрежеде болуынан, азық-түліктерден, яғни жуылмаған көкөністер, пісірілмеген сүт, сапасыз шала пісірілген тағамдарды қолдану, сондай-ақ ауызсуды қайнатпай ішу, лас суға түскен кезде жұғуы мүмкін. Жаз айларында инфекцияны көп жағдайда шыбындар таратады.
Аурудың алғашқы белгілері:
Іштің жиі су сияқты өтуі, дене қызуының көтерілуі, емшектен бас тарту, асқа тәбеті болмау, шөлдеу, құсу, бас ауру, жалпы әлсіздік, селқостық, мазасыздық, ауырсыну, дәретінде қан қоспасының немесе кілегейдің пайда болуы. Науқас қайта-қайта құсып, іш өткен сайын жағдайы ауырлай түседі. Өйткені организм өз тіршілігіне қажетті су мен тұздарды көп жоғалтады. Жоғарыдағы аталған клиникалық белгілер пайда бола бастағаннан дәрігерге көріну керек. Дәрігер келгенше мүмкіндігінше ем жасай бастаған жөн. Ол үшін сұйықтықты мол, көбірек ішкен дұрыс. Өздігінше емделу аурудың асқынуына әкеліп соғуы немесе созылмалы формаларына ұласуы мүмкін. Антибиотик қабылдау сырқаттың клиникалық сипатын өзгертеді, мұның өзі дұрыс диагноз қоюды қиындатады.
Жоғалған сұйықтықтың орнын толтыру үшін емшек сүті, айран, сорпа, күріш суы, сұйық шай, кисель, қайнатылған және салқындатылған су, ауыз арқылы ішетін тұзды-минералды су ерітіндісі қолданылады.
Алдын алу шаралары:
Ішек инфекциялары – кір қолдың ауруы. Оның алдын алу үшін:
– жеміс-жидектер мен көкөністерді ағынды су астында жақсылап жуғаннан кейін пайдаланыңыз;
– өнімдердің жақсылап қуырылып, қайнатылуына көңіл бөліңіз;
– жұмыртқаны шикі немесе шала қайнатылған күйінде қолданбаңыз;
– дайын тамақты пайдалану кезінде оның исіне, дәміне мұқият мән беріп, тез бұзылатын тағам өнімдерін тоңазытқышта сақтаңыз;
– арнайы көрсетілген жерлерде шомылыңыз;
– суды тұтынар алдында міндетті түрде қайнатыңыз немесе бөтелкедегі суды ішіңіз;
– балаларды әрбір тамақтандырар және тамағын дайындар алдында қолды жақсылап сабындап жуу керек, оның әрбір затын, ойыншықтарын, бөтелкесі мен емізіктерін таза жағдайда ұстаңыз;
– ішек инфекцияларының алдын алу үшін жеке бас тазалығын қатаң сақтаңыз;
Кей жағдайларда ауру өте ауыр түрде өтіп, өмірге қауіп тудыруы мүмкін. Сол себепті өткір ішек жұқпаларының жоғарыда көрсетілген белгілерінің бірі сізде немесе отбасы мүшелерінде байқалса, тез арада дәрігерлік көмекке жүгінгеніңіз дұрыс.
Арай КӘДІРБЕКОВА
№4 қалалық емхананың жедел жәрдем бөлімінің фельдшері
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!