«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы биыл да өз жалғасын тапты. Табиғатты қорғау мен туған өлкенің экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған бұл бастамаға Сыр жұртшылығы да белсене қатысуда.
Өңірдің барлық аудандарында және елді мекендерінде санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сенбіліктерге тек мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, еріктілер, жастар, ардагерлер мен қарапайым тұрғындар да бірауыздан атсалысып келеді. Облыстық әкімдіктің мәліметінше, жыл басынан бері 440 мыңнан астам қызылордалық тазалық шараларына қатысып, 19 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық арнайы полигондарға шығарылған. Нәтижесінде 510 сквер мен парк, 256 тарихи-мәдени ескерткіш, 1019 әлеуметтік нысан, сондай-ақ 3 603 өндірістік және кәсіпкерлік орын қоқыстан тазартылды. Сонымен қатар 332 су айдыны мен 41 394 көше бойы қайта қоқыстан тазартылған. Бұл игі іске 540-тан астам арнайы техника жұмылдырылған.
Тазалық шараларымен қатар, көгалдандыру жұмыстары да кеңінен қолға алынуда. Табиғи-климаттық жағдайға бейімделген 255 мыңнан астам ағаш көшеттері, яғни қарағаш, терек және сыр талы егілген. Айта кетейік, Қызылорда қаласы республика бойынша «Таза Қазақстан» акциясына белсене атсалысу бойынша көш бастап тұр. Бұл – Қызылорда тұрғындарының мәдениетінің көрінісі. Сондықтан да мұндай акциялардың маңызы зор.
«Ақмешіт-ақпарат»

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!