Тазалық. Кез келген адам үйінің де, тұратын жерінің таза болғанын қалайды. Себебі тазалық адамға керемет көңіл-күй сыйлайтыны белгілі. Мәселен, қала ішінде кетіп бара жатып, жан-жағыңа қараған кезде мұнтаздай таза болса керемет емес пе?! Ал қоқыс жатқанын көрсеңіз, көңіліңіз әп-сәтте бұзылады. Сондықтан да тазалыққа әрбір адам үлес қоса білуі тиіс. Көктем келіп, аулаларды ретке келтіретін уақытта жетті. Осы мақсатта қаламызда санитарлық талаптарды күшейту мақсатында арнайы рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Мақсат – көшелер мен аулалардың тазалығын бақылау, заңбұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру. Себебі тазалыққа немқұрайлы қарайтындар саны әлі де азаймай тұр.
Қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев қала аумағында құрылыс пен тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастап, абаттандыру қағидаларын бұзу фактілері бойынша рейд жұмыстарын жүргізді.
Рейд барысында қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары, жеке секторлар, сауда орындары мен қоғамдық орындар тексерілді. Айта кету қажет, рұқсат етілмеген, арнайы белгіленбеген орындарға қоқыс төгу, құрылыс материалдарын көше бойына қою, абаттандыру қағидаларын бұзу фактілері анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес шара қолданылады.
Мамандардың айтуынша, кейбір тұрғындар тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастау, құрылыс қалдықтарын рұқсатсыз шығару секілді заңбұзушылықтарға жол беруде. Мұндай жағдайда ескерту жасалып, тиісті әкімшілік шаралар қолданылуда.
Сонымен қатар рейд барысында кәсіпкерлік нысандардың маңайындағы тазалыққа да ерекше назар аударылды. Кейбір дүкен иелеріне аумақты талапқа сай ұстау жөнінде ескерту берілді. Мұндай рейдтік шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Сала мамандары тұрғындарды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, тазалық сақтау мәдениетін қалыптастыруға шақырады.
Қала тазалығы бір мекеменің ғана емес, тұрғындардың да қолында. Мәселен, «Қызылорда тазалығы» мекемесі бүгінде қала тазалығын сақтау үшін тынымсыз жұмыс істеуде. Ауланы ретке келтіріп, ұқыпты ұстау санитарлық талап қана емес, мәдениет пен талғамның белгісі. Тазалық табалдырықтан басталатынын ұмытпайық.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!