Қалаға қонаққа келген жұрттың «Қызылора таза қала екен» деген сынды ризашылығын әлеуметтік желілерден оқып жүрміз. Шынында, тазалық тақырыбы қаланың әрбір тұрғынына қатысты екені белгілі. Қызылордалықтар өз ауласының тазалығына мән берсе қаланың тазара түсетіні сөзсіз. Дегенмен кемшіліктер де жоқ емес. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қала әкімдігі ұйымдастырған санитарлық-норма талаптарын бақылайтын жұмысшы топ қала көшелерін аралады.
Рейд барысында Ы.Жақаев көшесі №83 үйдің алдында құрылыс материалдары жаяу жүргіншілер жолын жауып жатқаны анықталды. Сонымен қатар Т. Есетов көшесі бойында үй қақпасына ілінген тозығы жеткен бильборд қаланың сәнін кетіріп тұрғаны байқалды. Сол мезетте тұрғын үй иесіне ескертіліп, алып тасталды.
– Көшедегі қоқыс қалдықтарын тастаған, кәріз құдығын көшеге орнатқан тұрғындарға ескерту берілді. Мұндай іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп, заңсыз қоршалған аумақтар мемлекет меншігіне қайтарылады, – деді қалалық ауыл шаруашылғы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мейрамбек Әжібеков.
Рейдтік тексеру барысында Т.Әубәкіров көшесінің бойындағы заң бұзушылыққа жол берген бірнеше тұрғын назарға ілікті. Құрылыс материалдарын бей-берекет тастап, жаяу жүргіншілер жолын бөгеген, үй төңірегін қамыс басқан, кәріз құдығы бетін ашық қалдырған кемшіліктер байқалды. Жұмысшы топ талап бұзған үй иелеріне ескерту жасап, кемшілікті түзеуді тапсырды.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!