Жағалауда қайырлап қалған кемедей жан азабын тартқан сәттері санадан өшіріле ме сірә?! Сан сынаққа шыдап қайсарлық танытса да, тағдырдың сынағы жан дүниесін қаусатып, бақыттың жұпар гүлін жұлып кеткеніне, көңіл терезесіндегі әдемі сезім моншақтарын үзіп кеткеніне жаны жараланып қалғаны рас. Қос жұлдызы өшкенде өмірдегі атақ-даңқтың да өзіне жұбаныш бола алмайтынын жан жүрегімен сезінді. Иә, ол жылдар келмеске кетті. Бірақ санасында жарылыс жасап, жан-жүрегін сыздатып кетті.
Ол сол қиын сәттегі жан толқынысын жазба қып қалдырып, шер тарқатқан. «Алланың жазуына көнеміз ғой. Бірақ та Талдықорғанда еңбек етіп жүргенімде жалғыз ұлымды жоғалттым. Жиырма жасқа толып, жарқырап жүрген жарығым қатыгездіктің құрбаны болып, бір-ақ түнде қараңғы түнге сіңіп жоқ болды. Құйрықты жұлдыздай ағып түсті. Соны ойласам, көңілім құлазып, жүрегім қарс айырылады. Топырақ ата жұртынан емес, Талдықорғаннан бұйырыпты. Осы жағдайдан кейін біз де бұл қалада көп тұрақтай алмадық. Жұбайым Әлия екеуміз 2003 жылы туған жерге оралып, театрдағы жұмысымызды қайта жалғастырдық. Бұл жақта да шүкір жылдарымыз жемісті өтті. Мұнан соңғы өкінішім жан жарымды жоғалттым. Қос қызым жанымнан табылып, демеу болса деп, көңілімде ойсырап бір бос орын тұрады. Әңгімеміздің басында айтқанымдай, осылайша өмірім сағынышпен өтіп жатыр».
Шынында, төредей қып төбесіне көтерген халықтың ықыласы ғана жан жарасын емдеп, көңілін жұбататынын бүкіл болмысымен сезініп, мойындағанда ғана өн бойына жылы шуақ тарап, өмірдің керемет сағаттары қайта соға бастады.
Біз әңгімелеп отырған Сыр перзенті, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Хұсейін Жүсіпұлы Әмір – Темірдің өмір жолы бүгінде 6 кітапқа арқау болған. Өзінің мәдениет әлеміндегі парасатты бейнесін қалам қуатымен елге паш еткен өнер адамымен сыршыл сұхбаттар өте көп. 85 жасқа толса да әлі тұғырдан түспей, бойындағы бар білігі мен білімін кейінгі буынды тәрбиелеуге күш салған тұлғаның режиссерлық қарымы жоғары екендігін тілге тиек етсек болғандай. Нардың жүгін көтерген өміршең туындысы «Бір сахна – егіз ғұмыр» деп аталады. Онда өзінің жұбайы Қазақстанға еңбек сіңірген актриса Әлия Арысбаева екеуі жайлы белгілі театр сыншыларының, ақын-жазушылардың, журналистер мен көрермендердің ой-пікірлері топтастырылған.
Ал екінші кітабының атын Сырдың дүлдүл ақыны Әскербек Рақымбеков «Өнер-Баян» деп қойыпты. Ол жинақта режиссердің режиссура әлеміндегі алғашқы қадамы 1968-90 жылдардағы Н. Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық драма театрында режиссер, бас режиссер болып жұмыс істеген жылдардағы пьесаны талдап, оған жан кіргізген ізденістері кеңінен сөз етілген. Ал үшінші «Өнер-Өмір» кітабында Талдықорғандағы Б. Римова атындағы театрда бас режиссер болып жұмыс істеген кезеңінен сыр шерткен. Төртінші кітаптың да салмағы жеңіл емес. «Адам болып өтейін» тақырыбын арқау еткен туындыда драматургияға қатысты пьесалары, инсценировка, орыс тілінен аударылған шығармалары топтастырылған.
«Өнер-Әлем» аталатын бесінші кітапта 2003 жылдан бастап Н. Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында көркемдік жетекші болған кездегі еңбек жолы баяндалған. Онда автор «труппаны қайта тәрбиелеп, жаңадан жасақтау, режиссерлық еңбекпен қатар ұстаздық ұстанымды іске асыру, қойылған әрбір спектакль барысында артистерді роль табиғатына енгізуге ұмтылыс, жан-жақты ізденіске бағытталған репитиция, әлем сахналарындағы Қызылорда театрының гастрольдері және республика көлемінде өткен фестивальдердегі артистердің еселі еңбегі жайлы жазған жазбаларым баяндалған», – дейді.
Алтыншы кітаптың да көтерер жүгі ауыр. Кітаптың аты театр сыншысы, өнертану докторы Бақыт Нұрпейісовтің кеңесімен «Сырлы сазды сахна» деп қойылған. Онда режиссура, актер шеберлігі туралы еңбектер, лекциялар, сұхбаттар, мақалалар, естеліктер, бала кездегі хаттар топтастырылған.
Ғұмырының сәулелі сәттері және тағылым мен ғибратқа толы өмір жолының тарихын ұқыптап жинап, құндылыққа айналдырып, 6 кітапқа арқау еткен Сыр бойының сыршыл перзенті, атақты режиссер, ерекше дарын иесі Хұсейін Әмір – Темір ағамыздың еңбегі ерен екені даусыз. Бұл жинақтар кейінгі буын режиссерларға, актерларға, өнер саласында жүрген жандарға таптырмас оқу құралы.
Байыпты туындыларымен Сыр бойының өнер тарихына өшпес мұра сыйлап отырған өнер қайраткері өз миссиясын орындағанын тілге тиек ете келе, театр ұжымдық өнер екенін баяндайды.
– Спектакльді сахнаға шығару тек актер ойынымен шектелмейді. Суретші болашақ спектакльдің көркемдік шешімін тауып, оның макетін жасайды. Композитор музыкасын жазады. Суретшінің нұсқауымен ағаш ұстасы сахна алаңын әзірлеп, тігінші актердің киімін тігеді. Жарық беруші өзінің аппаратурасын тәртіпке келтіреді. Барлық цехтың қызметін бақылап, сахнаны түгелдей әзірлеп беретін қойылым бөлімінің меңгерушісі. Ал спектакльді дайындауға қатысқан бүкіл ұжымның әрбір мүшесімен тіл табысып, спектакльдің толыққанды дайын болып, сахнаға шығуына тікелей басшылық ететін режиссер. Театр өнерінің қиындығы да, қасиеті де осында жатыр. Бүкіл ұжымның қолымен, жанымен шығатын спектакль жеке адамның басшылығымен жарық көреді. Сондықтан да бүгінгі таңда режиссерге жүктелген міндет те, жауапкершілік те орасан зор, – дейді терең толғаныспен мерейтой иесі.
85 жастың төріне шыққан тарлан талант иесі, сахна саңлағы Хұсейін Әмір-Темірдің сара да, дара жолы мен өміршең туындылары болашақта дәуір сахнасынан айшықты орын алары сөзсіз.
Гаухар Асқарқызы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!