Сейсенбі, 09 қыркүйек, 15:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№68, 2181
09.09.2025
PDF мұрағаты

Текті өнерді тебіренткен Бейсенбек

09.09.2025

142 0

«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дегендей, біз кейіпкеріміз Бейсенбек Төлеубаев жайлы айтпас бұрын әңгімені атасы Төлеубайдан бастағанды жөн көрдік.

«Сыр елінің төбе ақыны» деген атаққа ие болған шоқтығы биік ақынның бірі  Төлеубай Үркімбаев еді. Ол  атақты Сыр сүлейлерінің өлең-жырларын оқып, оларды жатқа айтып, халықтың көңілінен шыққан дүлдүл бола­тын. Жыр алыбы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігіне қатысып, кеудесіне орден тағып оралған Жамбылды Алатаудан бастау алатын мөлдір бұлаққа балап, «Жамбыл бұлақ» деген өлең арнаған.

– Мұз болып дүниежүзі қатқан кезде,

Адамға ащы тұрмыс батқан кезде.

Бір таудың жырасында Жамбыл туды,

Ел үркіп, тау көбелеп қашқан кезде.

Құрметті асыл сөздің қыранысың,

Мұзбұлақ қия шалған қырағысың.

Өлеңнің зәм-зәм суын жұтсам, тоймас,

Сен ата, тәтті әуездің бұлағысың, – деп өрнекті өлең арнаған.

Осындай өнерінің арқасында елге танылып, КСРО Жазушылар одағына алғаш мүшелікке қа­былданған. Сол жылдары рес­публикада бұл одаққа Мұхтар Әуезов бастаған санаулы ғана ақын-жазушы мүше болған. Ол жазба әдебиетінің өкілі ғана емес, суырып салма ақын, екі саланы да тең ұстаған. Жас кезінде домбыраның құлағында ойнаған аса дарынды жан болған. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – осындай кемеңгер сипаттағы төбе ақынның немересі, жырау, халықаралық  «Мәдениет май­талманы» меда­лінің иегері Бейсенбек Төлеубаев.

Ол 1985 жылы  Жалағаш ауда­ны, Бұхарбай батыр ауылында дүние­ге келген. Қазанғап атындағы му­зыка колледжінде Е.Мұстафаев­тың сы­­­ныбын домбыра маманды­ғы бойынша бітіріп шығып, музыка пәнінен ұстаздық еткен. 2007-2011 жылдары Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында филология ғылымдарының кан­дидаты Ұлжан Байбосыновадан дәріс алды. 

Текті өнерді тебіренткен Бейсенбек

Өнер қонған әулетте жыр-термеге жастайынан құмар болған Бейсенбек мектепте жүріп-ақ сах­нада термелерді төгілтіп орын­дап, көрермендердің «Ой, пәлі» деген сөздерінен қуат алып, өзінің өмірдегі жолын өнерден тапты. Өнер дүлдүлдерімен бір сахнада жыр айту жас жігітті қанаттандыра берді. Оның үстіне атасы салған сара жолды әрі қарай алтын үзіктей жалғау, ұлттың кәделі өнерін тірілту, асыл мұраны асқақтату жас жыраудың намысын қайрады. Осылайша киелі домбыраны қо­лына алып елдің үкілеген үмітін ақтау үшін түрлі конкурстар мен дүрмекті жарыстарда топ жарды. Мәселен 2011 жылы Біріккен Араб әмірлігінде, 2012 жылы Тәжікстанның Душанбе қаласында, 2013 жылы Түркияның Стамбул қаласында, 2016 жылы Мәскеу қаласында өнер көрсетті. 2001 жылы Ж.Жабаевтың 175 жылдығына «Көне Тараз күмбірі» атты республикалық конкурста 3 орын иегері болса, 2008-2009 жылдары «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Сегіз қырлы» теле­жобасында топ жарып, жүлдегер атанды. 2011 жылы Ақмырза Тұяқбаевтың 100 жасқа толуына орай ұйымдастырылған аймақтық конкурстан 1 орын алып, жеңімпаз атанды. 2012 жылы Астана қа­ласында өткен «Өздерің білер Нартаймын» атты республикалық конкурстың арнайы жүлдесін иеленді. 2014 жылы Жанқожа батырдың 240 жылдық тойында «Дәріқұл жырау» атындағы сый­лықты қанжығасына байлады. Өзбекстандағы әлемнің 60 елі қатысқан «Шарк тораналары» атты әлемдік конкурсында ар­найы жүлдені олжалады. 2019 жылы «Астанаға тарту» атты халықаралық фестивальде өнер көрсету бақытына ие болды. Сол жылы Кенен Әзірбаев атындағы конкурсынан II орынды еншіледі. «Ақмешіт» этно-фольклорлық ансамбль құрамымен «Жұбановтар әуені» атты халықаралық кон­курстың Гран-При жүлдегері атанды. 2001 жылы Ж.Жабаевтың 175 жылдығына «Көне Тараз күм­бірі» атты республикалық конкурстан 3 орынмен оралды. Жуырда Маңғыстауда өткен рес­публикалық командалық айтыстың  Мега жобасында сағаттап толғаса да сарқылмайтын жыршылықтың биік үлгісін көрсеткені үшін «Үздік жыршы» номинациясын иемденіп, қаржылай сый-сияпатқа ие болды.

«Ақмешіт апталығы» газеті­нің оқырмандарының назарына Қазақ ССР-не 2 мәрте депутат бол­ған Сақыбай Қалыбаев ақса­қалдың баласы дүние салғанда айтқан Төлеубай Үркімбаевтың  көңілқосын орындады. Сол тер­меден үзінді келтіргенді жөн көрдік.

Сақыбай саналы ердің біреуі едің,

Отанның орасан зор тірегі едің.

Иесі келешектің бір перзенті,

Үйімде болса екен деп тілеп едің.

Билеген ортаңызда гүлдей еді,

Ержеткен жігіттермен бірдей еді.

Сенімен әсіресе Нәзираға,

Айрықша айың менен күндей еді.

Сол гүлің бір суыққа ұшырапты,

Мезгілсіз сабағынан жұлыныпты.

Сіздерге сабырлы бол деп тілейміз,

Ортаңнан алтын тірек жығылыпты.

Бүгінде Бейсенбектің жыр қорында Сыр сүлейлерінің терме-толғауларынан өз атасы Төлеу­бай Үркімбаевтың, Базар жырау­дың, Омар Шораяқұлының, Тұр­мағамбеттің, Нұртуғанның, Нартайдың, Жиенбайдың, Қара­сақал Ерімбеттің жырлары бар. «Көрұғлы», ақын Р.Батыр­баевтың «Бұқарбай батыр», жы­рау С.Қожағұлұлының «Жан­қожа батыр», Балқы Базар жы­раудың «Әмина қыз» дас­танын құйқылжыта орындап, елдің ықыласына бөленуде. Репертуарында Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұсаның, Шашубай, Нартайдың әндерімен қатар, Құрманғазы, Дина, Абыл, Қазанғап, Сүгір, Мырза, Әлше­кейдің күйлері бар.

Атадан қалған текті өнердің төресі жыр-дастандарды өз мақамымен орындап, қазақтың қара домбырасының қоңыр үнімен күй төгілткен талант иесіне шалқар шабыт тілейміз.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: