Қазақ «тәрбие – тал бесіктен» деп бекер айтпаған. Баланы жастайынан жақсы тәлім–тәрбие алса жамандыққа жуымайды. Бұғанасы бекімеген, жақсы–жаманнан хабары жоқ шыбықтай баланы қалай исек, солай икемделеді. Алайда баланың мінез–құлқы дүниеге келгеннен кейін емес, анасының құрсағында–ақ қалыптасады екен. Ең бірінші, анасынан нәр алатындықтан, оның көңіл–күйі, қуанғаны мен мұңайғаны құрсақтағы балаға әсер етпей қоймайды. Бұл туралы медицина ғылымының докторы А. Н. Хлуновский: «баланың барлық болмыс бітімі ана ағзасымен біте қайнасқан. Сондықтан ананың күнделікті жақсы–жаман әдеттері, жеген тамағы бәрі–бәрі бала бойына сіңеді» деп жазады. Көп жағдайда анасы темекі мен араққа құмар болса, баланың өлі туу ықтималдылығы да артады екен. Мұны қазақ байырғы кезден білген.
Құрсақтағы сәби ең алдымен анасының бойындағы барлық өзгерісті бірге сезінеді. Ананың көңіл-күйі, қуанышы мен уайымы, ішкен асы барлығы балаға әсер етеді. Ал дұрыс тамақтану мен жақсы көңіл-күй, керісінше, баланың дені сау тууының негізі. Сондықтан қазақ аналарының жүкті келінге ерекше күтім жасауы – терең түсініктен туған дәстүр.
Әйел құрсақ көтергенде бірнеше аптадан кейін түрлі тағамдарға жерік бола бастайды. Бұл ағзадағы дәрумендердің азаюынан екен. Әйелдің жерік асына қарай өмірге келетін баланың мінез-құлқы қалыптасады екен. Мұны бұрынғы аңыз-әфсаналардан кездестіруге болады. Ел басқарған хандар мен билердің, ел қамын жеген батырлардың анасы жолбарыстың, аюдың немесе қасқырдың етіне жерік болған деген деректер бар. Жерігін басқан ананың баласы өмірге маңдайы жарқырып, шекесі торсықтай болып дүниеге келеді деп сенген. Халқымызда «жерік асын жегендей қуанды» деген тіркес осыдан қалса керек. Ал жерік асын жей алмаса, бала әлжуаз, аурушаң, аузы суланып жүреді екен. Қазақ танымында жерік ас тек физиологиялық емес, рухани мәнге де ие болған.
Мұрат Мөңкеұлының «Қарасай – Қази» дастанында батырлардың анасы өз ұлдарын қайрап, олардың ерекше тууын өз жерігімен байланыстырады. Бұл мысалдар халықтың ана мен бала арасындағы байланысты ерте түсінгенін көрсетеді.
Тарихқа үңілсек, Орақ батырдың қаза болғанын пайдаланып, елге жау шабады. Бұл кезде Қарасай – 17-де, Қази 15-те еді. Жауға аттанған қолдың тойтара алмайтынына көзі жеткен анасы Қарасайды шақырып алып, кайрапты. Сонда анасының айтқаны:
…Атаңа тартып тумадың,
Аюдын етін жегіздің,
Беліңе садақ бумадың,
Жолбарыстың сүтін ішкіздің.
Не болды саған, ұлдарым?
Белден қарға аунатты.
Айналайын, Қарасай!
Сегіз жылан жеп едім,
Мен саған жерік болғанда,
Сөйтіп туған сен едің…
Содан кейін Қарасай мен Қази жас та болса жауға аттанады. Алдында кеткен қол жаудан жасқанып кейін кайтса, кос батыр дұшпанмен шайқасқа кіреді. Жасанған жауға екеуі бірге шауып, ақыры жеңеді. Сан мың қалмақтың әскерін кырып, кос батыр елге аман-есен оралады.
Ертеде келіннің аяғы ауырласа, абысын-ажын жиналып, құрсақ тойын жасаған. Тойда келіннің аман-есен босанып, аяқ-қолын бауырына алуына тілек білдірген екен. Дегенмен, бүгінгі күннің шындығына көз жүгіртсек, кейбір құндылықтардың әлсіреп бара жатқанын байқаймыз. Қазіргі жас аналардың жерік асы да өзгергендей. Бірі тәтті, бірі балмұздақ, енді бірі суши, KFC, фастфуд тағамдарын қалайды. Бұрынғы аналардай қасқырдың еті мен аюдың жүрегіне жерік болып «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты ұл тусам» деген арман бар ма? Майдаланған қазақтың мінезіндей, жерік астың да салмағы «жеңілдеп» бара жатқандай. Танымал этнограф Жағда Бабалықұлы: «жас келіндеріміздің «жеріктікті» аңсамауының себебі, олардың көңілінде тотемдік көзқарас, белгілі бір халық зиялысына деген «құмарлықтың» жоқтығы», – дейді. Оның айтуынша, қыздарда «шіркін-ай, пәленше сияқты ұл тусам, түгенше сияқты қыз тусам» деген арман саябырсыған. Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты перзентті өмірге әкелу құштарлығы кеміген.
Әрине, дәстүрлі түсініктердің барлығы ғылыми тұрғыдан дәлелдене бермейді. Мысалы, жерік ас баланың мінезін толық қалыптастырады деу – көбіне халықтық сенім. Алайда оның астарында үлкен тәрбиелік мән бар. Ана өзін күтіп, жақсы ойлап, дұрыс өмір сүруі керек деген ұғыммен пара-пар.
Шынында, көпке топырақ шашпаймыз. Дегенмен, «бір-екі бала болса» болды деп немесе «баланы өзім үшін туамын» деген ойдағы жастар аз емес. «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген қастерлі сөздің қадірі кеткендей. Келешек ұрпақ – адамның һәм қазақтың баласы болсын десек, әрбір ана дүниеге тек бала емес, елдің ертеңін дүниеге әкеліп тәрбиелеп отырғанын ұмытпауы тиіс. Ұрпақ тәрбиесі құрсақтан басталып, бесікте бекіп, қоғамда қалыптасады.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!