Сенбі, 27 желтоқсан, 01:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№99, (2211)
27.12.2025
PDF мұрағаты

Телефон баланың даму құралына айналмауы тиіс

27.12.2025

29 0

Цифрлық дәуірде балалардың кеш сөйлеуі қоғамды алаңдататын сұраққа айналып отыр. Телефоннан көрген мултфильм тілінде сөйлеп, солардың ым-ишаратын қайталағаны қызық құбылыс. «Қазір кейбір балалардың тілі неге кеш шығады? Ата-аналар нені ескеруі тиіс?» деген өзекті сұрақтың жауабын «Incluselve» орталығының логопед-дефектолог маманы Аружан Ғанибекқызы сұхбат барысында айтты. 

– Қазір балалардың тілі кеш шығуына шынымен, телефонды көп қолданудың әсері бар ма?

– Иә, тікелей әсері бар. Бұл – ғылыми тұрғыда дәлелденген факт. Телефон мен планшет баланың адаммен көзбе-көз қарым-қатынасын азайтады. Сондай-ақ естіп қайталайтын белсенді сөйлеуін тежейді, мидың сөйлеуге жауапты аймағының дамуын баяулатады. Бала экраннан тыңдайды, бірақ жауап бермейді, ал сөйлеу дәл осы «тыңдау + жауап беру» процесінде дамиды. Сондықтан 2-3 жасқа дейін телефонды жиі қолдану тілдің кешігуінің ең жиі себептерінің бірі болып отыр. Қазіргі таңда логопедтер мен дефектологтарға жүгінетін ата-аналардың басым бөлігіндегі ортақ мәселе баланың ерте жастан телефон, планшетке үйренуі. Экран баланың тілін тікелей дамытпайды, себебі ол баладан жауап, диалог талап етпейді. Соның салдарынан сөздік қордың қалыптасуы баяулайды, сөйлеуге деген қажеттілік төмендейді. Әсіресе 0-3 жас аралығында экранға жиі қарау тілдің кеш шығуын бірнеше есе арттырады.

– Ата-ана баласының тілі кеш шығып жатқанын дер кезінде білуі үшін қандай кеңес бересіз? Бала қай жастан бастап сөйлемесе, алаңдау керек?

– Ата-ана ең алдымен жас мөл­шерін білуі керек: 1 жас: былдыр сөздер, «ма-ма», «ба-ба», ыммен көрсету, 1,5 жаста кемінде 10-20 мағыналы сөз,  ал 2 жаста екі сөзден құралған тіркестер «ана, бер», «әке, кел», 3 жасқа келгенде қысқа сөйлемдер, бөтен адам түсінетіндей сөйлеу. Алаңдайтын белгілері: 2 жасқа келсе де бір сөз айтпайтын, атын атап шақырғанда жиі жауап бермейді, ыммен ғана түсіндіреді, сөйлеуге ұмтылмайды, телефонды жақсы түсінеді, бірақ адаммен байланысқа құлықсыз. Мұндай жағдайда «өзі сөйлеп кетеді» деп күтпеу керек.

– Мұндай балаларды сөйлету үшін үй жағдайында қандай әдіс-тәсілдерді қолданған дұрыс?

– Үй жағдайында ең тиімді тәсілдер: Телефонды азайту немесе алып тастау, балаға бетіне қарап, анық, баяу сөйлеу. Сонымен бірге «Қазір киінеміз», «Қасықпен жей­міз» сияқты сөздерді дыбыстап күнделікті әрекетті айтып отыру. «Сұрақ қою + күту» әдісін пайдалану. Ескерте кететін жайт, сұрақ қойып баланың орнына өзің жауап бермеу. Қайталату емес, үлгі көрсету Мысалы бала: «ма» десе, Анасы: «Су керек пе?» деп айтқан дұрыс. Кітапты суретпен бірге оқу, ән, тақпақ, саусақ ойындарын ойнау. Маңыздысы –  күніне 10-15 минут болса да тұрақты тілдік қарым-қатынас.

 – Қоғамда қызық құбылыс бар. Кей бала интернеттегі ақпаратты қай тілде қабылдаса, сол тілде тілі шығады. Мысалы, ата-анасы орысша сөйлемесе де баласының тілі орысша немесе ағылшынша шығатынын көреміз. Бұл жүре түзелетін олқылық па, әлде мұндай баланы арнайы мамандарға апару керек пе?

– Бұл – қазіргі заманның жиі кездесетін құбылысы. Бала қай тілде көбірек эмоция қабылдап, жиі естісе сол тіл белсендірек дамиды. Егер бала екі тілде де түсінсе, сөйлеу қабілеті болса,  қорқынышты емес, жүре түзеледі. Бұл құбылыс қазіргі заманда жиі кездеседі және бірден патология деп бағаланбайды. Алайда ана тілі толық қалыптаспай тұрып, шет тілінің басым болуы баланың тілдік жүйесін шатастырып, сөйлеу дамуын баяулатуы мүмкін. Мұндай жағдайда маман кеңесі артық болмайды. Ал егер ана тілінде сөйлеуі кешігіп жатса, әлеу­меттік қарым-қатынасы әлсіз болса, логопед, дефектолог, психологқа көрсету қажет. Мәселе сөйлеу дамуының тежелуінде болуы мүмкін.

– Балаларға телефон ұстат­пау керек деп айту оңай. Алай­да баланың көңілін бұзбай, жылат­пай, назарын телефоннан басқа нәрсеге қалай аударуға болады?

– Телефонды бірден алып қою дұрыс шешім емес. Оның орнына бірге ойнау, жалғыз қалдырмау. Қарапайым тұрмыстық ойындар ойнауға болады. Мысалы, ыдыс жуу, қамыр илеу, ойыншықты бірге жинау. Қорап, қасық, мата сияқты қарапайым заттардан ойын жасау. «Бұл не?», «Қайда кетті?» деген сияқ­ты баламен диалогқа негізделген ойындар ойнау.  Телефонды бірден алып қою әрдайым тиімді бола бермейді. 3 жасқа дейін телефонды мейлінше шектеу, ал кейінгі жаста мазмұнын қадағалап, уақытын белгілеу қажет. Телефон баланың негізгі даму құралына ай­налмауы тиіс, оның орнына қарым-қатынас, ойын алмастыру керек. Бала телефонды емес, ата-ананың назарын қалайды.

– Балаға «ым­мен» немесе жартылай сөздерді айтып түсіндіретінімізді білеміз. Бұл баланың ұғымдарды қабылдауына кері әсер етуі мүмкін бе, әлде балаға басынан толық сөйлемді айтып дағдыландырған жөн бе?

– Иә, ұзақ уақыт ыммен сөйлеу кері әсер етуі мүмкін. Бала тек ыммен түсіндіріп үйренсе, сөйлеуге ынталанбайды. Жартылай айтқан сөзді ата-ана қабылдай бергендіктен то­лық сөз айтуға ынталанбайды. Ең дұрысы, бала айтқанды толық сөзбен қайталауы керек. «Машина жүрді» деген сияқты қарапайым, бірақ дұрыс сөйлеммен сөйлеу. Балаға дұрыс тілдік үлгі керек, сонда ғана миы оны қабылдап, қайталайды. 

– Экранға тәуелділік пен қарым-қатынастың азаюы сөйлеу дамуын қалай тежейді?

– Сөйлеу тілі қарым-қатынас арқылы дамиды. Есту, көру, жауап беру, эмоция алмасу. Экранға тәуелді бала көбіне тыңдаушы күйінде қалады, ал сөйлеу үшін бел­сенді әрекет қажет. Адаммен көзбе-көз сөйлеспеген бала дыбысты қай­талауға, сұрақ қоюға, жауап беруге ынталанбайды. Нәтижесінде сөйлеу орталығы толық іске қосылмай, сөйлеу дамуы тежеледі.

– Ата-аналар баланың тілін дамыту үшін үй жағдайында не істеуі керек және экран уақытын қалай шектеуге болады?

– Ата-ана баламен күнделікті сөйлесуі керек. Кез келген әрекетті сөзбен түсіндіріп отыру, балаға сұрақ қою, жауап күту, кітап оқу, ән айту, тақпақ жаттау өте маңызды. Экран уақытын біртіндеп азайтып, оның орнына ойындар мен  әрекеттерді көбейту керек. Телефонды баланы тыныштандыру құралы ретінде емес, сирек әрі қысқа уақытқа ғана қолданған жөн.

– Телефон көріп өскен бала­ның сөйлеуіндегі қандай белгілер ата-ананы міндетті түрде дефекто­логқа жүгінуге итермелеуі керек? Қай жаста қандай дағдылар қа­лыптасуы тиіс?

– Ата-ананы алаңдатуы тиіс белгілер: 1,5–2 жасқа келгенде мағыналы сөздердің болмауы; 2 жаста екі сөзден құралған тіркестердің айтылмауы; 3 жаста сөйлем құрай алмау; атын атағанда жауап бермеуі; ым-ишарамен ғана түсіндіруі; сөйлесуден қаш­қақтауы.

Бұл белгілер байқалса, уақыт жо­ғалтпай дефектологқа немесе логопедке жүгінген дұрыс.

 – Сұхбатыңыза рахмет.

Сұхбаттасқан

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: