Сенбі, 22 ақпан, 15:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№14,2127
22.02.2025
PDF мұрағаты

Телефонсыз сәрсенбі

22.02.2025

130 0

Бүгінде телефон адамдардың сенімді серігіне айналды. Өзінің бір бөлшегіндей болған құралды қолынан тастамайтын адамдар да болады. Қазіргі уақытта мектеп оқушылары да сабаққа телефонсыз бармайды. Бәрінің қолында бір-бір смартфон.

Қаламыздағы №282 мектеп-лицей жақсы бастаманы қолға алыпты.  Білім ордасында «Телефонсыз сәрсенбі» жобасы ұйымдастырылған. Негізгі мақсаты – мұғалімнен бастап  оқушыға дейін әлеуметттік желіге тәуелділігін шектеу және бос уақыттарын тиімді өткізу. Сәрсенбі күні барлығы білім ордасының табалдырығын аттаған сәттен бастап ұялы телефонды арнайы  қорапшаларға қалдырып кетеді.

 – Қазіргі кезде телефонсыз күн жоқтай көрінеді. Соның кері әсерінен адамдар арасындағы жақындық, сыйластық азайып бара жатқандай көрінеді. Телефонсыз бір күн өмір сүріп көріңізші. Ал біздің оқушылар оған үйренді. Бастапқы кезде «ақша аударып алайын, хабарласып жіберейін» деп, смартфонын сұрап келеді. Бұл жобаның оң нәтиже бергендігін көрсетті. Біз бір күн бұрын ата-аналарға да ескертіп отырамыз. «Сәрсенбі күні телефон ұстамайды немесе мектепке әкелмесін» деген хабарландыру ата-аналар  чатына жіберіледі. Қазір оқушылар да соған бейімделді. Алдағы уақытта аптаның екі күнін телефонсыз өткізу жоспарлануда. Негізгі мақсатымыз – балалардың уақытын тиімді пайдалану, – дейді №282 мектеп-лицей директоры Балдырған Баймағамбетова.

– «Телефонсыз сәрсенбі» жоба­сының мақсаты оқушылармен дұрыс қарым-қатынас құру. Смартфонды жинап алған соң оқушылар бір-бірімен сөйлесіп, шүйіркелеседі. Ал қолда телефон болса үзіліс сайын немесе бос уақытта басқа жанды елемей, теле­фонға үңілумен уа­қыттары өтеді. Балалар бір-бірімен жақсы қарым-қатынас орнату үшін бұл бастама жақсы болды, – дейді мектеп ли­цейдің 10»Ә» сынып оқушысы Диана Әбілқасым.

Телефонсыз сәрсенбі

Сондай-ақ мектепте «Оқушы үні» деген жоба қолға алыныпты. Мектеп ішіне «Оқушы үні» деген арнайы екі жәшік орнатылған. Оның бірі қуанышты смайликті, екіншісі мұңайған смайликті көрсетеді.

 – Бұл жобаның негізгі мақсаты оқушылардың үнін тыңдау. Кейбір оқушылар ішіндегісін айта алмайды. Сондықтан оқушылардың ішкі ойларын білу мақсатында ұйымдастырылды. Төрт күннің ішінде екі жәшік те толып қалды. Сондай-ақ мектеп ішінде буллингтің алдын-алуды мақсат еттік. Яғни жәбір көріп жүрген оқушылар осыған ішкі сырын, ұсыныстарын жазса болады. Жәшікті аптаның сенбі күндері ашып, сол арқылы жұмыс істеуге арнайы ұйымдастырушы педагог маманы бөлінді. Барлық бала өзінің ойын еркін жеткізе алуы керек. Одан бөлек, «Педагог үні», «Ата-ана үні» деген жобалар да бар. Алайда «Оқушылар үні» жобасы оқушыларға қатты ұнады.  Біз оқушылардың үнін ести отырып, сол бағытта жұ­мыс істеуді бастаймыз, – дейді мектеп-лицей ди­ректоры Балдырған Баймағамбетова .

Айтолқын Батырбайқызы

Суретті түсірген Нұрболат Нұржаубай

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: