Әр дәуірдің өз қаһарманы бар. Ал бүгінгі күннің басты қаһарманы – еңбек адамдары. Елімізде биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануы осы еңбектің қадірін айқындап, елдің дамуына тікелей үлес қосып жүрген мамандарға көрсетілген құрмет. Шын мәнінде экономика мен өндіріс саласының іргетасы жұмысшы маманның қолында. Солардың ішінде темірден түйін түйген дәнекерлеушінің еңбегі ерекше.
Осындай жауапты істі серік еткен жанның бірі – Жандос Бисенбаев. Ол 2008 жылдан бері дәнекерлеуші болып еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда «Қыран» ЖШС мекемесінде дәнекерлеуші.
– Дәнекерлеуші ең алдымен бірнеше маңызды дағдыны меңгеруі қажет. Ең әуелі – зейін мен дәлдік. Өйткені бұл мамандық қателікті көтермейді. Сондай-ақ физикалық төзімділік пен қолдың ептілігі қажет. Дәнекерлеу аппаратын, электродты, техникалық сызбаны жетік білген маман ғана сапалы жұмыс істей алады. Қауіпсіздік техникасын қатаң ұстану басты талап, – дейді дәнекерлеуші Жандос Бисенбайұлы.
Оның айтуынша, дәнекерлеушінің жұмысы күн сайын сынақпен тең. Кейде аптап ыстықта ашық далада, кейде қақаған аязда еңбек етуге тура келеді. Ал өндіріс орнындағы жағдай мүлде бөлек. Жоғары температурада жүріп жұмыс істеу, төзімділік пен қажырлы еңбекті талап етеді.
– Жұмысымыздың ерекшелігі сол, кейде ашық алаңда, кейде жабық өндіріс орнында еңбек етеміз. Арнайы қорғаныш құралдарынсыз қадам баспаймыз. Бетқалқа, қолғап, арнайы киім болуы міндетті. Себебі бұл жұмыс денсаулыққа айтарлықтай салмақ түсіреді, – дейді ол.
Көзге көрінбейтін бұл мамандықтың арқасында талай құрылыс бой көтеріп, қаншама өндіріс тоқтаусыз жұмыс істеп тұрғаны мәлім. Әңгіме арасында ол сол жақ жағалауда еңсесін тіктеген облыстық тарихи өлкетану мұражайының құрылысына да өзінің қолтаңбасын қалдырғанын айтты. Төзім мен қажырлықты сынайтын бұл мамандық кез келгеннің қолынан келе бермейді.
Нұржан Нұғымадилла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!