Сенбі, 04 сәуiр, 01:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24 (2236)
04.04.2026
PDF мұрағаты

Терезені неге бекітпейміз?

04.04.2026

29 0

Күн жылынғанда терезе ашып, бөлменің ауасын тазарту адам ағзасына пайдалы екенін білеміз. Алайда ашық терезенің балалардың өміріне қауіп төндіріп, оқыс оқиғаларға  кезіктіріп, сан соқтыратынын күнделікті естіп, көріп жүрсек те мән бермей қалатынымыз жасырын емес.  Көп жағдайда ата-аналар баланы бақылаусыз қалдырғанынан өкінішті оқиға орын алып жатқанын айтып, төтеншеліктер дабыл қағуда.  Соңғы онкүндікте қалада 4 бүлдіршін көпқабатты үйдің терезесінен құлап, аурухана төсегіне таңылған.  Әрине,  бұл қоғамды алаңдататын жайт.

Орын алған оқыс оқиға жайлы қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен жиында төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі, азаматтық қорғау майоры Олжас Тұрсынбаев балалар қауіпсіздігіне бей-жай қарамай, сақтық шарасын ескеріп, баланы бір сәт бақылаусыз қалдыруға болмайтынын айтты.

Департаменттің ресми өкілінің айтуынша, 2026 жылдың басынан бері Қызылорда қаласында ата-анасының қарауынсыз қалу салдарынан балалардың терезеден құлауына байланысты 4 жағдай тіркелген. Аталған оқиғаның басты себебі – баланы қараусыз қалдыру және терезеде қорғаныс құралының бол­мауы. Осыған байланысты мамандар ата-аналарды қауіпсіздік шарасын сақтауға шақыра­ды. Балаларды қараусыз қалдырмау, терезелерге қорғаныш орнату, жиһазды терезе маңына қоймау маңызды. 

– 2024 жылы – 17,  2025 жылы 7 баланың терезеден құлау оқиғалары орын алса, соңғы онкүндікте төрт бала құлау дерегі дабыл қағуға себепші болып отыр. Жұмыс бабындағы тәжірибе дәлелдегендей, балалардың терезеден құлау  себебі – ата-аналардың балаларды бақылаусыз қалдыруы, терезеде қорғаныш құралының болмауы және балалардың терезе алдында ойнауы. Осы ретте облыстық төтенше жағдайлар департаменті жыл басынан бері 3000-ға жуық тұрғынға 20 түсіндіру жұмысын жүргізіп, бұқаралық ақпарат құралында 15, оның ішінде баспасөзге 12 мақала жарияланды. Сонымен қатар мектеп оқушыларына арнайы  жиын  өткізіліп, қауіпсіздік ережесі түсіндірілді. Төтенше жағдайлар департаменті егер бала үйде болса, терезені ашық қалдырмау, терезенің тиісті қоршауы болмаса, торды тірек ретінде пайдаланбау, терезе, балкон немесе шыны есіктер алдында ойнап жүрген балаларға абай болу,  жиһаздарды терезенің жанына қоймау, үлкендерді кішкентайға қамқор болуға үйрету маңызды, – деді О.Тұрсынбаев.

Халқымыз «сақтықта қорлық жоқ» деп бекер айтпаған.  Баланың өмірін сақтау өз қолымызда. Сондықтан төтеншеліктер айтқан ескертпелерге барынша назар аударып, қауіпсіздікті қаперден шығармағанымыз жөн.

Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: