Дүйсенбі, 25 қараша, 09:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Тілдесе алмай жүргенде… Ғұмырымыз: Тіліне анау сағаттың тұр ілініп

24.09.2024

307 0

Жақында қала күні мерекесі қарсаңында өткен «Ғалам мен қалам» атты поэтикалық дуэльде әріптесіміз, «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Аружан Оралбай топ жарып, бас бәйгені қанжығасына байлады.

Нәп-нәзік сезім мен махаббатқа, өмір туралы толғанысқа толы оның өлеңдерінде ерекше құбылыс бар. Қаламның ұшынан төгілген әрбір сезім өз алдына бір өлеңге айналған. «Әріптес әлемінен» Аружан Оралбайдың өлеңін оқыңыз, оқырман!

Кейі-ін… кейін жүрегің жоқтар әлі,

Өзгермейтін көңілім осы бірақ.

Жанымды күні-түні жеп барады,

Бір уайым, бір сағыныш қосылып ап.

Сен айтшы, дұрыс жасап жүрмін бе осы?

Ақ-қараны өзіңдей үйретпек кім?

Менің тәнім – сүлесоқ мұң мүрдесі,

Басым ауған жақтарға сүйреп кеттім.

Беймәлім дерт еміндей таптырмадың,

Қанша күтті қамкөңіл қырық құрау.

Жадымда сайрап жатқан сәттің бәрін

Сен ұмытқан шығарсың…

Ұмыттың-ау.

Не таптым қол созым жер тұрғанда да?

Не таптым көрем деумен көзі бүтін?

Жанымды тоз-тоз еткен жылдар ғана.

Жанымды тоз-тоз еткен өз үмітім.

Арман не сағыныштан өле алса адам,

Алдамшы үмітімді нәр етемін.

Кіп-кішкентай шәрі де сені аңсаған,

Кіп-кішкентай жүректің бар екенін

Ұмытпашы!

***

Еңкілдейді көкте бұлт егілмей кеп,

Жер-дүние киіп ап керім көйлек,

Құбыладан жел есер,

Қобалжыған

Жас жігіттің жып-жылы деміндей боп.

Мына көктем мен күткен көктем бе еді?

Гүл біткенді қырып сап бөктердегі,

Шыр айналып билеген қара құйын,

Көз алдымнан кетпей жүр көптен бері…

Көптен бері көз алдым астаң-кестең…

Астаң-кестең дүние-ай бастан көшкен.

Жер бетіне қай кезде құлап түстің?

Жарығым-ау,

Жеті қат аспанда өскен!

Құлатты ма құйындар құлдилатып?

Жалқы үмітті бір құрап…

бір қиратып…

Жалықтым мен сүреңсіз тіршіліктен,

Ширегін де ғасырдың сүрмей жатып.

Сенің жаның адами мұңнан аман,

Мені де ала кетсең ғой бұл қаладан!

Жұбата алмай өлеңді аласұрам,

Жүрегімнің ішінен іңгәлаған.

Көңіліңнің аспаны күлгін еді!

Көңілімнің мың қатпар мұңды реңі.

Алты жыл сап араға,

қайта оралған

Көктем – сенің есімің…

Кім біледі?..

Мені де ала кетші!

***

Кетеді дос, кетеді құрбы да ұзап,

Бір күн жақын, қайтесің бір күні жат.

Қоңыр салқын қалада көше бойлап,

Қою түнде күрсініп жүрдім ұзақ.

Жан-дүниеңді уайымға бояп ішкі,

Баяндайды кең даңғыл баяғы істі.

Тағдырлары қоспаған екеу отыр,

Тағы өтірік күледі…

Аянышты.

Бәлкім демін үзді ме дәмелі үміт?

Жеріді ме жалғаннан?..

Жаны егіліп,

Жасын сүртіп барады жалқы, жаяу,

Жанарларға жалтақтап әрегідік.

Өзге ұқпаса ұқпасын,

Өлең ұғар.

Өліп-өшіп енді қай керегі бар?

Өз-өзімді таба алмай жүргенімде,

Өз-өзінен қашады неге бұлар?

Сағыныштың сап-сары түсі, о неғып?

Жүрмейді оған Тәңірдің күші егелік.

Ауық-ауық күрсінем, естеліктер

Еміс-еміс есіме түсе беріп.

Жапырақтай жел үзіп,

Жаңа аттаған

Ғұмырымның сыртынан қарап барам.

«Сен ғана емес»  десеңші, е-е-ей, адамдар,

Аласұрып, қаланы адақтаған.

Кетеді дос, кетеді құрбы да ұзап,

Бір күн жақын, қайтесің бір күні жат.

Қоңыр салқын қалада көше бойлап,

Қою түнде күрсініп жүрдім ұзақ.

***

Кеш қарайса алмасып кезек дұғам,

Мың құбылып көңілде мезеттік ән,

Күнде саған жазуға оқталам да,

Күнде солай… өзімді тежеп тынам.

Күттім…

Қайтып келердей тәтті бір сәт,

Күттім…

Көзден төгіліп жатты бұршақ.

Тәңір солай ойнай ма?

Сені басқа,

Мені басқа жолдарға лақтырып сап.

Күнәдән пәк секілді тегі бәрі,

Айтса айтсын.

Жұрт осы нені ұғады?

Өмір жазса Тәңірім пешенеме,

Өлең жазғым келеді менің әлі.

Шертер шері шегіне жетті-дағы,

Кері айналып мен кеттім… кетті бәрі.

Өп-өтірік күлуден қажығанда,

Саған барып жылағым кеп тұрады.

Келерге жол таба алмай, барарға есік,

Ғасыр шөккен секілді, ғалам көшіп.

Көргім келіп іздедім… көрінбедің.

Көрінгенге мұң шағам, амал нешік?

Жан кемірген сан ойға сор бірікті,

Мен шаршадым.

Таусылдым.

Болды.

Бітті.

Хат-хабарсыз сырғыған қаншама айлар –

Сүйретіп алып кетті соңғы үмітті.

Шаттығы да – өлеңі, өлең – мұңы,

«Өлең» ғұмыр кешермін мен ендігі.

Бақытымды жоғалтып алған екем,

«Бақытыңды тауып ал» деген күні.

***

Сен де, мен де – түлей кезген тағдырмыз,

Жалқымын деп жүр бәрі.

Аспан жақтан ағып түскен әр жұлдыз –

Тілегіңнің құрбаны.

Сөнер-сөнбес соңғы үмітке сеніп пе ем?

Өтеуі не өксіп өткен көп күннің?

«Өмір – жалған» деп күрсіндің.

Неліктен

«Жалған өмір» деп күлдім?

Ортамызда жасын жұтып тек ішке,

Ай… жыл… өтер о ғасыр.

Саған… Саған: пенде біткен періште,

Жанның бәрі – жанашыр.

Мәнсіз үміт өтер бәлкім мәңгі арбап…

Көз алдымда көлбеңдейді келмес күн.

Сені менен жақсы ұғатын жандар көп,

Мені сендей ұға алмайды-ау енді ешкім.

Жалғыздықты маңдайыма жазып ап,

Сезем түбі:

Орнағанда демде түн…

Жылай-жылай, жаным тәннен ажырап,

Өзіңді іздеп кезіп кетем жер бетін.

Ал, сен…

Қиялында күн кешесің өзгенің,

Күллі арманым тонап ап.

Саған ашып айта алмаған сөздерім

Түбі өзіммен өлетіні обал-ақ.

Сен де, мен де – түлей кезген тағдырмыз,

Күліп, жылап, опынып.

Аспан жақтан ағып түскен әр жұлдыз…

Естімейді. Өтірік.

***

Кісі болдым… боқтап кеттің біреуің.

Кішірейдім… аттап кеттің біреуің.

Қайран менің астаң-кестең көңілім,

Қайран менің қырық жамау жүрегім.

Табан асты тапталған соң биігі,

Бұл жүректің естілмей жүр жиі үні.

Жақын көрген адамыңның жат ойын

Жанарынан оқып қою – қиыны.

Күнге теңеп көтеріп ап, күндейді ел,

Ал, содан соң жыламай көр, күлмей көр.

Кеше біреу «жер – домалақ» деп кетті,

Өз басының доп екенін білмейді ол.

Сағым сынды, бір ой қозғап бір ойды,

Сартап мұңым сарқылатын сыңайлы.

Пенде біткен пәк болса егер,

Құранда

«Кешірімді» демес еді-ау Құдайды.

Жалқы-сыңар жанымды ерте-кеш ұғар,

Шамаң жетсе шапанымды шешіп ал.

Жұмақты айтып қызықтыра алмасам,

Тозақты айтып қорқытамын, несі бар?!

Тұрақ таппай не аспаннан, не жерден,

Татқан уым таңдайымда кезерген.

Өзегімді жарып шығып, түбінде

Өлмес өлең жазарымды сезем мен.

***

Бар бұлақтан мөп-мөлдір бар тұмадан,

Мұңды қалай жаныңнан тартып алам?

Көзім түсіп кеткенде күрсінеді:

Жүрегіңнің тұсында жалғыз өлең,

Жанарыңның ішінде жарты ғалам.

Қамшы тілген қам аттай сауырлығын,

Жүрегіңіз жылай ма жауынды күн?

Жан азамды жаза алмай жүрмін әлі –

Жаназадай жаныма ауыр, күнім!

Құдай айдап кеп қалған бұл әлемге,

Жұлым-жұлым жанымды жұла берме.

Жатырынан безініп жатырқайды,

Мен жазбаған секілді мына өлең де.

Бірін ұқпай көзіңнен бірін ұғып,

Жан-дүнием алқам-салқам, ұлып-ұлып.

Тілдесе алмай жүргенде,

Ғұмырымыз

Тіліне анау сағаттың тұр ілініп.

Неше сенген, көңілім неше қалған,

Ессіз күннің елесі еседі алдан.

Мұнша қымбат болар ма бір ауыз сөз,

Сонша құнсыз болар ма кешегі арман?

Ұқпады деп жанымды тұғырлық ұл…

Кеттім-ау деп сүйе алмай ғұмырды бір…

Адамзатқа жатармын өлең оқып,

Қара жердің астынан күбір-гүбір.

***

Жаныңды мазалай ма жиі кінәң?

Сөндіріп алдым ба екен шырақты ішкі?

Түнгі аспан күрсінді де, иығынан

Бір жұлдыз құлап түсті.

Жалғаймын көз ілмейтін түнімді ұдай,

Жалғанда жақын жүру қиынырақ.

Жаратқан бұйыртпай тұр бұрынғыдай

Жолығысып қалуды жиі бірақ.

Ес жиям деген едім кетіп елден,

Естелікке етеді егелік кім?

Сендегі үнсіздікке етім өлген,

Мендегі үнсіздікті не деп ұқтың?

Ей, менің сағым сынып сағынғаным,

Жұбаныш іздейді екен налыса адам.

Әр күнім, әр сәтімді, бәрін-бәрін

Айтып бергім келеді әлі саған.

Айтып бергім келеді алдағанын,

Айтып бергім келеді жақсыларын.

Мен де бір күн біреуге жар боламын,

Таусылады жүректен ап шығарым.

Жанымды мазалайды жиі күмән,

Сөндіріп алдым білем шырақты ішкі.

Түнгі аспан күрсінді де, иығынан

Бір жұлдыз құлап түсті.

Қайырлы түн!

***

Сақ-сақ күлген жек көріп сағатты әр күн,

Ақ қағазға шерімді сан ақтардым.

Ал, сонан соң…

Сонан соң құлағымда –

Жанайқайы жыртылған парақтардың.

Жапырағын жанымның қырау басқан.

Түнерді әлем беймезгіл, түн аумастан,

Көшіп келген бұлттардың көңілі бос,

Жұбата алмай, қосылып жылауда аспан.

Көңілімнің аша алмай не түндігін,

Мен отырмын, жанымда жетім мұңым.

Көзімді ілсем – Қорымдар… Адасам кеп.

Өліарада қап қойған секілдімін.

Мына тырсыл ұзамай тынады анық.

Мынау аспан шыққанша күн ағарып,

Менің жаным секілді өздігінен

Жұбана алса жақсы ғой жылап алып.

Жұбана алса жақсы ғой, жұбана алса,

Жылай берді-ау, бұлттарда кінә қанша?

Тәңір жазған… аспаннан қара жерге

Тамшылардың ғұмыры – құлағанша.

Қанық шығар мендегі сырға түн-ақ,

Бұлттар көшті, көз жасын құрғатып ап.

Жалғыз қайың басында, тағдырласым –

Үзіле алмай тұр әлі бір жапырақ.

Жеткенімше сөндірме шырағыңды, үй.

Мең-зең қылып жіберді мына бір күй.

Әр түсімде әлдекім бейіт жақтан

Құлпытасын көтеріп шығады ылғи.

Өзім шығармын…

***

Қабіріме қашалмас, мейлі өлеңім,

Қашанғы «көңілі үшін…» дей беремін?

Қанатым жоқ.

Шіркін-ай, аспан жаққа

Ұшып кеткім келеді кейде менің.

Өкініш-ау… өткен күн өтемесі.

Бақытына баратын төте көші,

Жолы болғыш адамдар бұ Тəңірге

Не өткізіп қояды екен осы?

Шынында, күлкім – жалған, шекер – мұңым.

Шер ақтарсам, шертеді шекемді кім?

Дүние қуғандарға қайтіп айтам?

Кебіннің қалтасы жоқ екендігін.

Бəрі жалған екенін жиі ұқтырып,

Өтеді өмір. Өтеміз күйіп-күліп.

Апыр-ай, сонда-дағы биік-ті үміт,

Тағдырды тəңір берген сүйікті ғып.

Біз әсте, хәлімізден сыр берген бе ек?

Ал, хәлің кімге уайым, кімдерге ермек?

Өзімдей көргендерім өкіндіріп,

Өзегімнен итеріп жүргендер көп.

Естеліктің шырқатып ежелгі əнін,

Көкейдегі көмескі кезерді ағын.

Көңіл-ай, көзді жұмып қарасам да,

Көз жұмып кетпейінше, сезем бəрін.

Жүрегіме қылғанмен жырымды егіз,

Арқа қағып, айтпайды ғұмыр лебіз.

Қиялдаған қанатым бітпесе де,

Көкке ұшып кетеміз ғой түбінде біз.

***

Айтылмаған сезімдер де,

Ақтармаған сырлар да.

Е-е-е, қайтейін? Езіл, кеуде!

Енді ол мені тыңдар ма?

Шыдам біткен. Шыны шағып,

Шыңғырғым кеп тұр неге?

Дәл осылай ұғысалық.

Үндемейін. Үндеме.

Түгесілем… тозар жаным.

Мұңға қойды теліп түн.

Көктен неге көз алмадың?

Аспан жақтан не күттің?

Сәл бақытты, сәл азапты

Сәттер кештім. Түсім бе?

Бұлттар ауып бара жатты

Жанарыңның ішінде.

Мұң қармаған, мен енді ойшы,

Ойым кейде өрескел…

«Тәңір көкте» деген қайсы?

Жүрегіңде емес пе ол.

Шерленемін, шырай қалмай

Даңғазада, дүрмекте.

Жүрегіңде Құдай бар ғой?

Құдай бар ғой… Кірлетпе!

***

Мені жатырқайтындай мынау ғалам,

Күлуде мән қалмады жылауда мән.

Жазылмаған өлеңім, жаным сенің

Жанарыңда кетіпті түн аунаған.

Түн – ең адал сырласым. Күн құлады.

Ал, саған ше… бәрі дос, құрбы бәрі.

Бақытымды бұйырған кері теуіп,

Өз-өзіме өкпелеп жүрмін әлі.

Дертке дауа болар ма жалынсыз бақ?

«Тағдыр» деуге ұялдым, тағы үнсіз қап.

Жамау-жамау жүрегім жылына алмай,

Жаным сыздап барады, жаным сыздап.

Жетеді үнім, жетпейді хатым қалай?

Айтар күнім болар ма, атыңды оңай.

Өң мен түстей өмірден өтеміз-ау,

Жырақтамай және де жақындамай.

Кімге ақтарып, мұңымды кімге шағам?

Сүйретілген мұңлық ем, сүлдесі – адам.

Жалғыздықтан қорықпан,

Ішқұсалық…

Өлсем, өліп кетермін бірде содан.

Сәт таба алмай жанымның ойлауға емін,

Бастан ауып барады жай дәуренім.

Маңдайыма жазылған өлеңім де

Маңайыма жуымай қойды-ау менің.

Аружан Оралбай

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: