Сейсенбі, 21 қазан, 11:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80, 2192
21.10.2025
PDF мұрағаты

Тілсіз жаудың алдын алу маңызды

21.10.2025

109 0

Жылу беру маусымы – сақтықпен қауіпсіздікті талап ететін кезең. Қызылорда қаласында жылу беру маусымы басталысымен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүзеге асуда. Осы орайда облыстық төтенше жағ­дайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы БАҚ өкілдерімен бірге баспасөз турын ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты – өрттің алдын алу, қауіпсіздік ережелерін тұрғындарға түсіндіру. Баспасөз туры аясында біз де Сабалақ шағын ауданына бардық.

Сабалақта тұратын әлеуметтік осал топтағы азаматтардың үйіне жергілікті бюджет есебінен 484 дана датчик орнатылды. Бұл құрылғылар тұрғындардың өмірін сақтап қана қоймай, улану мен өрттің алдын алуға септігін тигізеді. Көп жағдайда тілсіз жаудың басты себептері – азаматтардың қауіпсіздік ережелерін еле­меуі, пештер мен электр желілерінің техникалық жағдайына сал­ғырт қарауы және балаларды қараусыз қалдыру себебінен орын алады.

– Облыс көлемінде жылу беру маусымына байланысты төтенше жағдайлар департаменттің арнайы бұйрығына сәйкес, әр аптаның сәрсенбі, жұма және сенбі күндері тұрғын үйлерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, түтін мұржаларын тазалау мен датчиктер орнату шараларын атқарып келеміз. Бүгінгі таңда өңір бойынша 352 өрт оқиғасы тіркелсе, соның 204-і тұрғын үй секторында орын алған. Сонымен қатар төтенше жағдайлар, полиция департаменті мен түрлі волонтерлық ұйым өкілдері және жергілікті әкімшілік қызметкерлерімен бірлесе, өрттің алдын алу мақсатында тұрмысы төмен отбасы­ларды да аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз, – дейді Қызылорда облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Асхат Оразбеков.

Сабалақ шағын ауданының тұрғыны Гүлзира Омарова­ның үйіне ат басын бұрдық. Мамандар жылу беру маусымы кезінде жылу жүйелері мен қондырғыларға сақтық­пен қарауға, балаларды назардан тыс қалдырмауға шақырды. Көпбалалы ананың үйіне көмірқышқыл газы шыққан жағ­дайда сигнал беретін арнайы қондырғыны орнатып, сақтық шараларын түсіндірді.

Биыл Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай қолға алынған «30 игі іс» жобасы аясында да әлеуметтік қолдау шаралары сәтті жүзеге асуда. Жоба аясында жалғыз­басты қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйле­ріндегі пештерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қатты отын­мен жылытылатын баспаналардың мұржалары тазаланды.

Мамандар өз кезегінде тұрғындарға қауіпсіздікті сақтау жөніндегі үнпарақтар таратып, сақтық шараларын сақтауға шақырды. Бұл игі іс халықтың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, қауіпсіз өмір салтын қалыптастыруға бағытталған игі бастама. Түсіндірме жұмыстары әрмен қарай жалғасын тапты. Ауылдың шеткі аймағында тұратын ауыл ақсақалы Тәңірберген Жүсіповтің үйіне табан тіредік.

– Тілсіз жау айтып келмейді. Кейде, тіпті немерелерімді үйде жалғыз тастауға қорқамыз. Осындай сәтте төтенше жағдайлар қызметкерлерінің ескертуі мен көмегі біз үшін үлкен демеу болмақ. Мамандар үйімізге арнайы құрылғы орнатып берді. Осындай қамқорлық танытқан мамандарға ризашылығымыз шексіз, – дейді ол.

Қорыта  келе, өрт қауіпсіздігін сақтау – тек құтқарушы­лардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Күн суытқан сайын пеш пен электр құралдарын пайдалану жиілейтінін ескерсек, қарапайым ережелерді сақтау арқылы үлкен апаттың алдын алуға болатынын ұмытпағаймыз. Пештер мен электр желілерінің жарамдылығын жиі тексеру, балаларды қараусыз қалдырмау және тұрмыстық құралдарды дұрыс пайдалану – әрбір үй иесінің күнделікті дағдысына айналуы тиіс.

Айта кетейік, Қызылорда облысы бойынша жыл сайын тіркелетін өрт оқиғаларының басым бөлігі тұрғын үй секторында орын алады екен. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті ұсынған ақпаратқа зер салсақ, былтырғы жылу беру маусымында облыста тұрғын үй секторында 120 өрт оқиғасы тіркелген. Одан 4 адам қаза тапса, 3-еуі жарақат алған. Осы орайда тілсіз жаудың алдын алу мақсатында департамент мамандары барлық аудан мен елді мекендерде түсіндірме жұмыстары әрмен қарай жалғасатынын айтты.

Айдана БАХТИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: