Тяньцзиньдегі Шанхай ынтымақтастық ұйымының 25-ші саммиті биылғы ең маңызды халықаралық оқиғалардың бірі. Қытайдың Тяньцзинь қаласында 31 тамыз – 1 қыркүйек күндері өткен бұл басқосу ұйым тарихындағы ең ауқымды жиын ретінде аталып отыр. ШЫҰ-ға мүше және серіктес елдердің 20-дан астам көшбасшысы мен беделді халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысып, күн тәртібін кеңінен қарастырды.
Екі күндік саммит қорытындысында «Тяньцзинь декларациясы» мен ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданып, көпжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған 24 құжат мақұлданды. Сонымен бірге өңірлік қауіпсіздікке қатер төндіретін мәселелерге қарсы әрекет ететін жаңа құрылымдар – ШЫҰ-ның есірткіге қарсы күрес орталығы мен қауіпсіздік сын-қатерлеріне қарсы әрекет ету жөніндегі әмбебап орталығы ресми іске қосылды.ШЫҰ аясындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың символына айналған «Туристік және мәдени астана» эстафетасы 2025–2026 жылдарға Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласына берілді. Мерейтойлық саммит ШЫҰ кеңістігіндегі саяси, экономикалық, цифрлық және гуманитарлық өзара іс-қимылдың басымдықтарын айқындап, ұйымның келесі ширек ғасырдағы бағыт-бағдарын белгілеп отыр.
Саммитке Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Мемлекет басшысы отырыста сөйлеген сөзінде көпжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша Қазақстанның көзқарасын баяндап, ШЫҰ-ның даму басымдықтарына байланысты бірқатар бастамалар ұсынды. Президенттің айтуынша, Қазақстан ШЫҰ-ның әділ көпорталықты әлемдік тәртіпті орнату, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау және олардың егеменді дамуға құқығын мойындау, әділетті халықаралық сауда мен өзара тиімді инвестициялық ынтымақтастық секілді негізгі мақсаттарын толық қолдайды. Қазақстан басшысы осы саммитте қауіпсіздік, сауда-экономикалық және көлік, цифрлық технологиялар, мәдени-гуманитарлық және экологиялық салалардағы ынтымақтастықты тереңдету жолдарына жеке-жеке тоқталып, бұл бағыттарда нақты ұсыныстар айтты. Төменде саммитте көтерілген әрбір ынтымақтастық бағытына және сол аяда Қазақстанның қосқан үлесіне талдау жасаймыз.
Көшбасшылық пен көпвекторлы саясаттың жемісі
Қазақстан – ШЫҰ-ның негізін қалаған алты мемлекеттің бірі. 2001 жылы құрылған сәттен бастап ұйымның мақсат-міндеттерін ілгерілетуге белсенді атсалысып келеді. Сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстан өзінің көпвекторлы сыртқы саясатының арқасында Еуразиядағы халықаралық құрылымдарда табысты бастамашыл рөл атқарып отыр. Бұл әсіресе Қазақстан 2023–2024 жылдары ШЫҰ-ға төрағалық еткен кезеңде айқын көрінді. 2024 жылы Астанада өткен ШЫҰ саммитінде Қазақстан тарапы ұйымның күн тәртібін едәуір кеңейткен бірнеше маңызды ұсыныс көтерді. Атап айтқанда, Президент Тоқаев БҰҰ-ның Орталық Азия және Ауғанстан үшін Өңірлік тұрақты даму мақсаттары орталығын Алматы қаласында ашуды, ШЫҰ аясында Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды және ШЫҰ Инвестициялық қорын қалыптастыруды ұсынды. Бұл бастамалардың барлығы 2024 жылғы «Астана декларациясында» көрініс тауып, мүше мемлекеттер тарапынан қолдау тапты. Сондай-ақ, Қазақстанның ұйытқы болуымен сол жылы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Энергетика саласындағы ынтымақтастықтың 2030 жылға дейінгі стратегиясын қабылдады. Бұл стратегия мұнай-газ, электр энергетикасы мен жаңартылатын қуат көздері, трансшекаралық электр желілері және жасыл қаржы бағыттарында өзара үйлестіруді көздейді. 2025 жылғы Тяньцзинь саммитінде осы стратегиялық құжаттың негізінде оны жүзеге асыру жөніндегі нақтылы іс-қимыл жоспары мақұлданып, Қазақстан бастамашылық еткен энергетикалық әріптестік ұйымның орта мерзімді жоспарына бекем енгізілді.
Қазақстан төрағалығы кезінде ШЫҰ шеңберінде өткізілген шаралардың мазмұны да айтарлықтай кеңейді. «timesca.com» сайтында жарияланған ақпаратқа cүйенсек, 2024 жылы Қазақстан 140-тан аса ірі іс-шара ұйымдастырып, олар қауіпсіздік, экономика, мәдениет сынды сан алуан салаларды қамтыды. Мұндай белсенділік ұйым тарихында бұрын-соңды болмаған және Астананы Еуразиядағы «саяси жаңашыл» мемлекет ретінде танытты. Мәселен, энергетика бағытында жоғарыда аталған ортақ стратегия қабылданса, мәдени-гуманитарлық дипломатия аясында Қазақстан төрағалығы кезінде «ШЫҰ елдерінің киелі орындары» атты жоба бастау алып, ортақ өркениеттік мұраны бірлесе зерттеу мен насихаттау ісі қолға алынды. Сол сияқты денсаулық сақтау саласында Президент Тоқаев алғашқы медициналық көмекті дамыту жөніндегі халықаралық коалиция құру идеясын алға тартып, пандемия сабақтарын ескере отырып, ұйым шеңберінде денсаулық қауіпсіздігін күшейтуге шақырды. Қазақстанның бұл бастамалары ШЫҰ қызметінің бастапқы қауіпсіздік бағытынан шығып, даму және әлеуметтік мәселелерді қамтуына ықпал етті. Жалпы, ұйымның келешек дамуына Қазақстанның қосқан үлесін сараптай келе, «Times of Central Asia» басылымы Астананың белсенді іс-қимылы мен стратегиялық ұсыныстары ШЫҰ-ның күн тәртібін айтарлықтай байытып, ұйым ішіндегі елдің жетекшілік беделін нығайтқанын атап өтеді.
ШЫҰ кеңістігінде Қазақстанға қандай мүмкіндік береді?
Экономикалық ынтымақтастық – ШЫҰ қызметінің уақыт өте кеңейе түскен тағы бір басым бағыты. Бастапқыда қауіпсіздік мүдделері үшін құрылған ұйым соңғы жылдары сауда, инвестиция және көлік-логистиканың алып алаңына айналып келеді. Президент Қ.Тоқаев саммитте сөйлеген сөзінде экономикалық әріптестіктің қорытындылары мен әлеуетін нақты деректермен айшықтап берді.
– ШЫҰ құрылған сәттен бері елдеріміздің әлемдік ішкі жалпы өнімдегі үлесі екі есе ұлғайып, 30 пайызға жетті. Ішкі өңірлік сауда сенімді түрде өсіп келеді. Былтырғы қорытынды бойынша оның көлемі 650 миллиард доллардан асты. Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы да тұрақты түрде өсіп, өткен жылы 70 миллиард долларға жуықтады. Қазақстан ШЫҰ даму банкін құру жөніндегі Қытайдың бастамасына қолдау білдіріп, аталған перспективті жобаға атсалысуға әзір. Бұдан бөлек, Астана халықаралық қаржы орталығы базасында перспективті инвестициялық жобаларды сүйемелдеп, заңгерлік, консалтингтік және қаржылық компанияларды шоғырландыратын ШЫҰ Кеңсесін құруды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл сандар ШЫҰ-ның экономикалық блок ретіндегі орасан әлеуетін аңғартады. Мәселен, Қытайдың ұйым елдерімен тауар айналымы 2024 жылы 2,3 триллион доллардан асқан, ал Қытайдың ШЫҰ аумағына салған тікелей инвестицияларының жинақтық көлемі 84 миллиард долларға жеткен. ШЫҰ кеңістігі әлем халқының шамамен жартысын қамтитынын ескерсек, мұндағы экономикалық ынтымақтастықтың жаһандық маңызы да артып келеді.
Тяньцзиньдегі кездесуде Қазақстан басшысы сауда-логистикалық байланыстарды одан әрі арттыруға қолайлы жағдай бар екенін атап өтті. Тоқаевтың айтуынша, «Бір белдеу, бір жол» атты ауқымды бастама аясында жүзеге асып жатқан инфрақұрылымдық жобалар ШЫҰ кеңістігінде транзит пен тасымалды жаңа белеске шығарып отыр. Айта кету керек, Қытай Төрағасы Си Цзиньпин дәл осы Қазақстанда, 2013 жылы Астанада сөйлеген кезінде, Жібек жолының жаңғыру идеясы – «бір белдеу және жол» бастамасын алғаш ұсынған болатын. Содан бері бұл бастама аясында Қытай мен Орталық Азия арасында және бүкіл Еуразия бойынша автомагистральдар, теміржол желілері, өндірістік нысандар салу бағытында жүздеген жоба іске асырылды. Қазақстан «Белдеу және жол» бағдарламасының ең алғашқы және негізгі қатысушыларының бірі. Бүгінде осы бағдар шеңберінде біздің елде логистика, өнеркәсіп, энергетика салаларында ондаған бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеуде. Президент Тоқаевтың мәліметінше, «Белдеу және жол» жобасы толық қуатына енгенде оның бойындағы сауда және логистикалық операциялар барлық қатысушы елдерге жыл сайын 1,5 триллион доллар кіріс әкелуі мүмкін.
– Солтүстік – Оңтүстік және Шығыс – Батыс, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік дәліздерінің мүмкіндігі мол. «ТрансАлтай диалогы» бастамасының жүзеге асырылуына үлкен үміт артамыз. Аталған жобаға Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия елдері қосылып, Еуразиядағы «Алтай» аймағының жер көлемі, халық саны, экономикалық қуаты секілді бірегей әлеуетін тиімді пайдалана алады. Ірі жобалар мен жоспарларды іске асыру үшін мемлекеттер арасындағы көлік байланысын нығайтып, транзиттік-тарифтік стратегияға сай келетін тәсілдерді ойластыруымыз керек. Бұл мәселе Ақтау қаласында қараша айында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының порттары мен логистикалық орталықтары басшыларының алғашқы форумындағы келіссөздер мен пікірталастарға арқау болуы мүмкін, – деді Президент.
Тоқаев бұл жоба арқылы төрт елдің территориясы, халқы және экономикасының әлеуетін үйлестіруге болатынын айтып өтті. Трансөңірлік көлік дәліздерін жетілдіру – Қазақстанның ұзақмерзімді басымдығы, себебі еліміз Еуразияның дәл жүрегінде орналасқан ірі транзиттік хабқа айналуды көздейді.
Қазақстан ШЫҰ аясындағы инвестициялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруды қолдайды. Атап айтқанда, Тоқаев Қытай тарапынан ұсынылған ШЫҰ Даму банкінің құрылуын құптайтынын және бұл маңызды жобаны іске асыруға атсалысуға дайын екенін жеткізді. Бұл банк құрылса, ұйымға мүше елдер ортақ қаржы институты арқылы инфрақұрылым, өнеркәсіп, энергетика сияқты стратегиялық салалардағы жобаларды жеңілдетілген несиелер есебінен қаржыландыру мүмкіндігіне ие болар еді. Сонымен бірге Қазақстан Президенті перспективалы инвестжобаларды қолдау үшін ШЫҰ-ның арнайы офисін Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) алаңында ашуды ұсынды. АХҚО бүгінде ағылшын құқығы негізінде жұмыс істейтін өңірдегі қаржы хабына айналған, онда 70-тен астам мемлекеттен келген 1500-ден аса компания тіркелген. Осы орталық базасында ШЫҰ-ға мүше елдердің заңгерлік, консалтингтік және қаржылық ұйымдарын шоғырландыру арқылы бірлескен жобаларды тиімді сүйемелдеу мүмкін болмақ. Қазақстанның бұл бастамасы ұйымға мүше елдер тарапынан қызығушылық тудырды, себебі ШЫҰ кеңістігінде ортақ жобаларды қаржыландыру тетіктері әлі толық қалыптаспаған.
Экономикалық ынтымақтастықты нығайту мақсатында Қытай төрағасы Си Цзиньпин саммитте энергетика, инфрақұрылым, жасыл индустрия, цифрлық экономика, ғылыми-техникалық инновациялар және жасанды интеллект сияқты перспективалы бағыттарда ынтымақты арттыруға үндеді. Си Цзиньпин сондай-ақ ұйым аясында жеке даму банкін тездетіп құруды, бұл банк қауіпсіздік пен экономикалық әріптестіктің берік қаржылық негізіне айналатынын атап өтті. Қытай лидері өз елінің тарапынан ШЫҰ елдеріне биыл 2 миллиард юань грант және алдағы үш жылда 10 миллиард юань жеңіл несие бөлуге уәде берді. Бұл ұсыныстар Қазақстан бастамаларымен үндес келеді деуге болады. Жалпы, экономикалық өлшем ШЫҰ құрылымында жылдан-жылға маңыз алып келе жатқаны анық. Қазақстан үшін ұйым кеңістігінде сауда-саттықты ұлғайту, транзиттік мүмкіндіктерін арттыру және сыртқы инвестиция тарту – тікелей ұлттық экономикалық мүдделеріне сай келетін пайдалы үрдіс.
Аймақтық қауіпсіздікті күшейту үшін Қазақстан бастамалары қандай нәтиже берді?
ШЫҰ шеңберіндегі қауіпсіздік мәселелері бастапқы кезден-ақ ұйымның басты міндеттері саналады. Биылғы саммитте Қазақстан Президенті қазіргі геосаяси ахуалда қауіпсіздік ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға баса назар аударды. Халықаралық терроризм, діни экстремизм, сепаратизм, сондай-ақ трансұлттық есірткі тасымалы, заңсыз көші-қон және киберқылмыс сынды қауіп-қатерлердің өршуі жағдайында оларға тек бірлескен күш-жігер арқылы төтеп беруге болатынын Тоқаев қадап айтты. Президент Қазақстанның осы қауіптермен күресу үшін ШЫҰ аясында төрт арнайы орталық құру туралы бастаманы қолдайтынын мәлімдеді. Тяньцзинь саммитінде мүше мемлекеттер бұл ұсынысты бірауыздан құптап, жоғарыда айтылғандай, қауіпсіздікке төнген сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл орталықтарын ресми іске қосты. Қазақстан өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде ұйымның басқа құрылымдарымен байланысты күшейтуге мүдделі.
– Халықаралық қауіпсіздікке төнген мұндай сын-қатерлерге, соның ішінде «үш зұлымдыққа» қарсы бірлесіп қана күресе аламыз. Сондықтан Қазақстан ШЫҰ-ның қауіпсіздік сын-қатерлерімен күрес жөнінде төрт орталық құру бастамасын қолдайды. Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес арасында іскерлік байланыстарды күшейту маңызды деп ойлаймыз. ШЫҰ елдерін Ауғанстанға гуманитарлық, техникалық көмек көрсетуді жалғастыруға шақырамын. Сол арқылы аталған мемлекетті қалпына келтіріп, өңірлік және экономикалық процестерге қатыстыра аламыз. Қазақстан Ауғанстанның бірқатар инфрақұрылымдық және логистикалық жобаларының құрылысына кірісті. Бұл ШЫҰ мемлекеттері арасындағы өзара байланысты күшейтуге мүмкіндік береді. Тамыз айының басында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының қатысуымен Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталық ресми түрде ашылды. ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттерге барлық басым бағытта белсенді аймақтық байланыс орнату және күш-жігерді үйлестіру үшін аталған Орталықтың әлеуетін бірлесе пайдалануды ұсынамыз, – деді Президент.

Цифрлық технологиялар және инновациялық ынтымақтастық
ШЫҰ елдері заманауи технологиялық сын-қатерлер мен мүмкіндіктерді бірлесіп еңсеруге мүдделі. Цифрлық трансформация – ұйымның жаңа онжылдықтағы стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде танылды. Қазақстан бұл бағытта да алдыңғы қатарда тұр. Президент Тоқаев Тяньцзиньдегі сөзінде жасанды интеллект (AI) және цифрлық экономика саласындағы ықпалдастықты күшейтуге айрықша назар аударды. Оның дерегінше, алдағы онжылдықта, 2033 жылға қарай, жаһандық AI нарығының көлемі 5 триллион АҚШ долларына жетіп, бүкіл әлемдік технологиялық индустрияның 30 пайызын құрауы мүмкін. Мұндай жылдам өсім жағдайында артта қалмау үшін ШЫҰ елдері бірлесе әрекет етуі керек. Тоқаев ШЫҰ-ның жасанды интеллектті жедел дамыту бойынша ғаламдық көшбасшыға айнала алатынына сенімді екенін айтып, Қытай тарапынан ұсынылған Ғаламдық AI ынтымақтастығы ұйымын құру бастамасын толық қолдайтынын және Қазақстанның бұл маңызды істе өз үлесін қосуға дайын екенін мәлімдеді. Президенттің сөзінше, Қазақстан цифрландырудың бүкіл күн тәртібі бойынша тиімді кооперацияны дамытуын жақтайды, соның ішінде экономиканың нақты секторында, денсаулық сақтау, көлік және логистика салаларында, сондай-ақ қалаларды басқару жүйелерінде «ақылды шешімдерді» кеңінен енгізу қажеттігін атап өтті. Бұл – еліміздің IT саласындағы тәжірибесі мен әлеуетін өңірлік ауқымда бөлісуге даяр екенінің көрінісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттағы нақты қадам ретінде ШЫҰ-ның жасанды интеллект бойынша тұрақты сарапшылар форумын өткізуді ұсынды.
– Алғашқы кездесуді Астанада Digital Bridge беделді форумы аясында өткізуге дайынбыз. Бұдан бөлек, еліміз 2027 жылы «ШЫҰ-ның экономика қызметіндегі жасанды интеллект» тақырыбында жоғары деңгейдегі конференция ұйымдастыруға ниетті. Ал келесі жылы Ұйым елдері бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бірге жаңа технологиялық дәуірдегі ақпараттық саясат проблемаларын талқылауға әзірміз, – деді Президент.
Бұл ұсыныстар цифрлық саланың түрлі қырларын қамтитыны анық: бір жағынан инновациялық технологияларды дамыту және қолдану мәселелері талқыланса, екінші жағынан сол технологиялардың ақпараттық кеңістікке ықпалы мен қауіпсіздігі мәселелері қарастырылмақ. Қазақстан үшін мұның бәрі өзекті: ел ішінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылуда, Astana Hub IT-стартаптар технопаркі, «Digital Bridge» халықаралық технологиялық форумы сынды бастамалар бар. Енді Астана осы тәжірибесін ШЫҰ алаңына шығаруға дайын.
Цифрлық ынтымақтастық бағытында Қырғызстанның да өзіндік бастамалары бар екенін айта кеткен жөн. Мысалы, келесі 2025-2026 жылғы ШЫҰ төрағасы ретінде Қырғызстан «цифрлық трансформация» мәселесін басты назарда ұстайтынын мәлімдеді. Бішкек жақын уақытта ШЫҰ Жастардың цифрлық форумын өткізіп, мүше елдер арасында бірлескен инновациялық жобаларды қолдауға ниетті екені хабарланды. Бұл – ұйым аясында цифрлық саланың келешекте де күн тәртібінен түспейтінін көрсетеді.
Мәдени және гуманитарлық байланыстар
ШЫҰ қызметінің тағы бір маңызды қыры – мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл. Ұйым «Шанхай рухы» деп аталатын өзара сенім, түсіністік және тату көршілік қағидаттарын тек ресми басқосуларда ғана емес, халықтар арасындағы достық байланыстар арқылы да нығайтуға басымдық береді. Қазақстан бұл үрдісті де белсенді қолдап келеді. Мәселен, жоғарыда аталған «ШЫҰ елдерінің киелі орындары» жобасы Қазақстан төрағалығы кезінде басталып, ұйымға мүше әр елдің мәдени-тарихи ескерткіштері мен қасиетті орындарының тізімі жасалды. Мұндағы мақсат – ортақ тарихи мұра мен туризмді дамыту арқылы мәдени жақындасуға жол ашу. ШЫҰ аясында мәдениеттер диалогын тереңдету үшін кинофестивальдер, өнер көрмелері, студенттер форумдары сияқты алуан түрлі шаралар тұрақты өтіп тұрады. 2022 жылы ұйым құрылымында ШЫҰ-ның Жастар кеңесі құрылған болатын, ал 2023 жылы алғашқы ШЫҰ Университеттері Альянсы іске қосылды – бұлар білім алмасу және жастар саясаты бағытындағы маңызды қадамдар.
25 жылдық тарихында Шанхай ынтымақтастық ұйымы қауіпсіздік мәселелерін шешуден бастап экономикалық, технологиялық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытатын кең ауқымды өңірлік ұйымға айналды. Тяньцзиньдегі мерейтойлық саммит осы эволюцияның логикалық жалғасы болып, ұйымның көпвекторлы серіктестікке бейілділігін тағы да көрсетті. Бұл саммитке Қазақстан жан-жақты және белсенді қатысуы арқылы назар аудартты.Еліміздің бастамалары қауіпсіздік саласында жаңа құрылымдардың құрылуына, экономикада ортақ қаржы тетіктерін қалыптастыруға, цифрлық күн тәртібін байытуға және экологиялық мәселелерді бірлесіп қарауға жол ашты. ШЫҰ шеңберіндегі белсенді жұмыс Қазақстанның өзіндік ұлттық мүдделеріне де толық сай келеді. Біріншіден, ұйым аумағында бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау – Қазақстанның қауіпсіздік пен аумақтық тұтастық кепілі. Екіншіден, экономикалық ынтымақтастық пен инфрақұрылымдық байланыстардың нығаюы – Қазақстанның өркендеуіне тікелей ықпал ететін фактор. Үшіншіден, технологиялық және мәдени алмасулар – еліміздің жаңғыруы мен жаһандық орнын айқындауға сеп болатын жол. Сондықтан Қазақстан алдағы уақытта да ШЫҰ жұмысына белсене қатысып, оның дамуына үлес қосуды жалғастыра беретіні сөзсіз. Бұл тарихи межеде Қазақстан ұйымның белсенді тең төрағаларының бірі ретінде оның көпполярлы әлемдегі рөлін күшейтуге және мүше мемлекеттердің достасып дамуына бар күш-жігерін салатынына күмән жоқ. Қазақстан үшін ШЫҰ – сыртқы саясаттағы көпвекторлы стратегиясының ірі жемісі және болашақта да берекелі ынтымақтастықтың кепілі болмақ.
София ХАЙРУЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!