Сағақты кереге шаңырақ біреу,
Шаңыраққа сексен уық болар тіреу.
Алты қанат боз үй дейсің мұны,
Егер де білмей жатса біреу-міреу.
Ең алғаш күлдіреуіштен сығалар таң,
Керегенің басында адалбақан.
Төрдегі текеметке малдас құрып,
Көненің хикаясын шертер атаң.
Іргеден маңдай төсеп еспе желге,
Қымыз іш сырқат қалмас еш денеңде.
Кесе қап, аяққаппен әбдіре, сандық,
Артық мүлік болған ба көшпелі елде, – деп ақын жырлағандай, ұлтымыздың салт-дәстүрін айшықтайтын киіз үймен бірге бағзы заманнан бері қолөнеріміз де дамыды. Шешелеріміз жүн иіріп, бау тоқып, киіз басатын. Бізге сондай күндер мереке еді.
Әжелеріміз қазақтың әдемі әндерін құйқылжыта айтып, атшаптырым ақ отауды әуезге бөлейтін, ертегі айтатын, оны біз киіз үйге сыймай, іргеде отырып, ұйып тыңдайтынбыз. Кейде бейне бір тойға келгендей анамызбен киіз басуға ілесіп келген өңкей балақайлар сол үйдің ауласында ойынның базарын қыздыра түсетінбіз. Оқта-текте бізді жүн түту мен киіз білектеуге көмекке шақыратын. Қайран қайта оралмас балалық шақтың естелігіне айналған ұлттық болмысымыздың бейнесін айшықтай түсетін ақ шаңқан киіз үйлеріміз көңілге қуаныш сыйлайтыны рас. Кейде көңілден кетпей, жүректе қимастық сезім қылаң беріп, бал дәуреннің белгісіндей дүниені аңсайды екенсің. Ерте тұрып қараша үйдің түндігін ашуға таласатынбыз. Үлкен кісілер іргені түріп тастап, қызу әңгімеге кірісетін. Жаз бойы киіз үйде ұйықтаймыз.
Бір қуанарлығы, соңғы кездері киіз үйлер трендке айналып жатыр. Оны іздеушілер қатары да көбейген. Ал көнеден жеткен қазынаны өз қалпында сақтап, бау-шашағын жаңалап, безендіретіндер қатары саусақпен санарлық. Сондай шебердің бірі – Белкөл кентінің тұрғыны Гүлбану Райымбекқызы. Гүлбану қазақы болмысты жоғалтпай, енесінен үйренген тәлім-тәрбиені алтын үзіктей жалғап келе жатқан өнегелі келін. Оны киіз үйді тігуге алғаш баулыған енесі Барша Ерсұлтанова екен. 54 жастағы Гүлбану киіз үй тігу мен жинаудың жай-жапсарын толық меңгерген. Бүгінде оның 6 киіз үйі бар. Бұл кәсіппен айналысқанына 25 жыл болған.
– Халық ұлттық жәдігерімізге қызығушылық танытуда. Бүгінде шаңырағында ұлан-асыр той өткізетін қызылордалықтар есіктің алдына ою-өрнекпен нақышталған алты қанат ақшаңқан үй тігіп, сыйлы қонақтарды сол жерде күтетін болды. Бізге аудандардан да тапсырыс түсіп жатады. Біздің қараша үйдің ерекшелігі керегелері, уықтары кәдімгі сыр талынан жасалған. Қазір темірден иілген киіз үйлер көп. Көпшілігі «сыры кетсе де, сыны кетпеген» біздің үйлерге қызығады. Жаздан бастап қоңыр күзге дейін осы кәсіппен айналысамын. Қазір екі келінім де киіз үйдің жабдығын күтіп ұстауды, бау-шашақтарын сәндеуді үйренді. Маған енемнен дарыған өнерді балаларыма, келіндеріме мұрағаттап жатырмын. Мақсатым – ата-бабадан жеткен ұлттық құндылықты ұлықтап, қолданыстан шығармау, кейінгі ұрпаққа аманаттау.

Шынында, шашасына шаң жұқтырмас небір шешен билер мен дүлдүл жыраулар түсіп, өнерін паш еткен қасиетті киіз үйлер қазақ үшін киелі шаңырақ болған. Көненің көзіндей, тектіліктің өзіндей рухани жәдігерімізді көздің қарашығындай сақтауға мән берсек деймін.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!