Сәрсенбі, 29 қазан, 02:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№82,2194
29.10.2025
PDF мұрағаты

Той жасау дәстүр ме, әлде бәсеке ме?

29.10.2025

42 0

Жақсылықты жария етіп, бөлісу қазақ үшін қалыпты ұғым. «Жақсыны көрмекке» деген тәмсілдің төркіні де содан. Дүние есігін ашқан сәбиден бастап, үйленіп, отау көтергенге дейінгі өмір белестері той-думанмен өріледі. Бірақ соңғы жылдары сол қуаныштың салмағы жеңілдеп, мәнінен гөрі сәні басым түсіп бара жатқандай. Қазір той қуаныштан гөрі бір сәттік көрініс, тіптен мақтаныш секілді. «Жұрт не дейді?» деген елдің пікірі қаншама отбасының мойнына қарыз жүктеп, талай жастың өмірін несиеге байлап отыр. Бүгінде қазақ тойы – дәстүр емес, жарыс алаңына айналған сыңайлы. «Жұрттан қалмау керек» деген желеу ысыраптың басты себебі болғандай. Қазір тойхана таңдау да, асаба таңдауда бәсеке, тіпті киген киіміңізден бастап, алыс-беріске дейін сынап-мінейтіндер көбейгендей. Қуанышты бөлісу емес, бәсеке дерсіз.

Қазақтың дастарханы кең, пейі­лі дархан еді. Бірақ бүгінде сол кең­дік ысырапқа айналғандай. Бір сәттік қуаныш үшін қыруар қаржы жұмсалады. банктен несие, туыстан қарыз, ең соңында ата-ананың жүйке­сін жұқартқан уайым. Бір тойға бес жүз, тіпті мың қонақ шақырылады. Етене жақын араласатынына қарағанда, кө­шеде жанынан өтсең танымай, амандаспай кететіндері көп. Тойдың төрінде бұрын ақ бата беріліп, ақ тілек айтылса, ал қазір сахнаға шыққан кей асабалар орынсыз әзілмен, ерсі қимылмен тойға жиналған қауымды күлдіремін деп, шектен шығатын жайттар көбейген. Тіпті қазір үлкен мен жастың арасына шекара қалмады. Бір-бірімен жарыса билеп, мазақ болғандар да жетерлік. Той деген қасиетті ұғым шоуға айналып кетті десек артық айтқандық емес.

Қазақтың салт-дәстүрі – ұлт бол­мысының айнасы. Сол дәстүрдің бірі – қалыңмал мен жасау. Бұл – қыз баланың құндылығын артты­рып ғана қоймай, екі жақтың бай­ланысын бекіту мақсатында туған алыс-беріс. Сол секілді «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмай­ды» деп ата-бабамыз дәстүрді сақ­тап, жөн жоралғысымен, сән сал­танатымен өткізетін. Ал бүгінде кей отбасылар қалыңмалды бәсеке құралына айналдырғандай. Қыздың жасауына келсек тіпті бөлек әңгіме. Қыз үшін емес, жұртқа көрсету үшін алынғандай. Келіннің артынан әкелінетін ыдыс-аяқ пен жиһаз, соңғы үлгідегі киім-кешек, түрлі брендтер, мұның барлығы әр отбасы үшін оңайға соқпасы анық. Бағасы аспандап тұр. Қаншама миллиондар тек «ұят бол­масын» деген бір ауыз сөз үшін желге ұшады. Ал соның бәрі ата-ананың мойнындағы қарыз бен сарыуайымға айналады. Дегенмен қоғамда жаңа толқын қалыптасып келеді. Бүгінгі жастардың көбі тойды ысырапшылдық үшін емес, өмірдің маңызды қадамы ретінде қабылдай бастады. Олар үшін той­дың сәні емес, сапасы маңызды. Бүгінгі той туралы жастардың пікірін тыңдадық. Нәти­жесінде қы­зылордалық жас Бекзатхан Махамбет былай дейді:

– Той – бір сәттік қуаныш. Әлеуметтік желіде жарысып, кімнің тойы күшті өтті деп мақтанудың қаже­ті жоқ. Сол миллиондаған ақшаны жинап, болашағыңа салған дұрыс. Үй ал, кәсіп аш, сол пайдалы. Той үшін қарызға батып, жұрттың сөзі үшін өмір сүргеннен не қайыр? Сен қанша жерден тойыңды дүркіретіп өткізсең де, мін айтып, сынайтындар табылады, – дейді ол.

Ал студент Жаңабай Сандуғаштың айтуынша, екі сағаттық той үшін аста-төк шашылып той жасаудың қажеті жоқ дейді.

– Меніңше, той 500 адамға емес, тек жақындарға арналған мереке болуы керек. Мейрамханаға шашылып той жасағанша, сол ақшаға шетелге саяхаттап, көзқарасыңды кеңейткен әлдеқайда пайдалы. Қазір «жұрт не дейді?» деп емес, «болашағыма жасалған бұл қадам дұрыс па?» деп ойланатын кез, – дейді ол.

Той болған жақсы. Бірақ оның қадірі ысыраптың көлеңкесінде қал­мауы тиіс. Тойды сәнмен емес, салт­пен өткізу ұлт алдындағы парыз. Шынайы қуаныш – қымбат тойханада, алтынмен апталған үстелде емес, ағайынның ақ тілеуінде жатыр. Қазір той мәдениеті – ел мәдениетінің көрінісі десек, қазақтың тойы қайтадан өзінің асыл болмысына оралар еді. Ысырапшылдық пен қарызсыз той жасауға болатынын естен шығармасақ екен.

Айдана БАХТИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: