Енді мопед айдағандар да заңға бағынады.
Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2024 жылдың 12 айында республика аумағында мопедтердің қатысуымен 1 819 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 76 адам қаза тауып, 1 945 адам жарақат алған. Ал биылғы жылдың алғашқы үш айында мопедтің кесірінен 103 жол апаты тіркеліп, 2 жасөспірім қаза тауып, 105 адам жарақат алған.
– Бұған дейін мопед жүргізушілері жол ережесін бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 615-бабы бойынша 2 АЕК көлемінде айыппұл төлесе, енді 5 сәуірден бастап олар механикалық көлік құралын жүргізетін тұлғалармен тең дәрежеде толық жауапкершілік арқалайды, – деді ІІМ өкілі.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жол жүрісі туралы» заңға өзгерістер енгізу жөніндегі құжатқа қол қойғаннан бері жарты жыл өткен. Енді бұл түзетулер ресми түрде күшіне енді. Енді мопед жүргізушілері де көлік иелерімен бірдей жауапкершілікке тартылады.
2025 жылдың 5 сәуірінен бастап мопед иелеріне талаптар күшейді. Енді кез келген мопед жүргізушісі қатаң талаптарға сай болуы тиіс: Атап айтқанда, көлігі тіркелген, жүргізуші куәлігі, сақтандыру полисі болуы қажет. Техникалық байқаудан өтуі тиіс; қорғаныс дулығасы (шлем) болуы міндетті. Мопедтің техникалық жағдайы жарамды болуы керек.
Осындай қатаң талаптардан кейін мопедті мініп алып, желігіп жүрген жастарға тыйым болатыны анық. Егер талапқа бағынбаған жағдайда оларға қатаң жаза қолданылатын болады. Себебі енді мопед жүргізушілеріне қатысты қылмыстық жауапкершілік екі есеге күшейтілді. Қылмыстық кодекс өзгерістеріне сәйкес, енді мопед тізгіндеген азаматтар да өзге көлік жүргізушілерімен бірдей деңгейде жауапқа тартылады.
Атап айтқанда, қылмыстық кодекстің 345-бабына сәйкес, мопед жүргізушілері де мынадай жазаға тартылады. Егер жол апаты салдарынан орташа ауырлықтағы жарақат келсе – 40 тәулікке дейін қамауға алу, ауыр жарақат жағдайында – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, адам өліміне себеп болса – 5 жылға дейін, ал екі немесе одан көп адамның өмірін қиған жағдайда – 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұған дейін мопед «автомобиль» немесе «басқа механикалық көлік құралы» ретінде танылмағандықтан, бұл бап оларға қолданылмайтын. Енді қылмыстық кодекстің 3-бабының 8-тармағына енгізілген өзгерістер арқылы мопед те механикалық көліктер санатына енгізілді. Осылайша, мопед жүргізушілері де толыққанды құқықтық жауапкершілікке тартылатын болды.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!