Сейсенбі, 15 шiлде, 14:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№52,2165
15.07.2025
PDF мұрағаты

Трамп және тамыз тарифі

15.07.2025

65 0

Ақ үйден келген хат

АҚШ президенті Дональд Трамп ел Президентіне хат жолдады. Онда Қазақстаннан келетін тауарларға 25% көлемінде импорттық баж салығын енгізетіні туралы хабарлаған. Жаңа тариф 1 тамыздан бастап күшіне енуі мүмкін. Осындай мазмұндағы хаттарды Малайзия (25%), Лаос (40%), Оңтүстік Африка (30%), Мьянма (40%), Жапония және Оңтүстік Корея (екеуіне де 25%) басшылары да алған. Ақ үйден келген хат ел көңілінде енді қалай болар екен деген күмәнді ой қалдырып, қобалжытқаны рас. Алайда экономистер бұл дүрбелең туғызатындай жайт емес, ел экономикасына соншалықты әсер етпейді деген пікір айтуда. Сауда және интеграция министрлігі Қазақстан тауарларына АҚШ-тың жаңа тарифтеріне қатысты мәлімдеме жасады. Онда жаңа тариф ел экспортының шамамен 95 пайызына әсер етпейтінін атап көрсеткен. «2025 жылдың 7 шілдесінде  АҚШ Президентінен биылғы 1 тамыздан бастап бірқатар елдерге, оның ішінде Қазақстанға қатысты жаңа импорт­тық баждар енгізілетіні туралы ресми хабарлама келіп түсті. Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын өнімдер үшін жеткізілімдердің барлық көлеміне 25 пайыздық бірыңғай мөлшерлеме белгіленген. Алайда қазақстандық экспорттың басым бөлігі – мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа, тантал және титан сияқты негізгі шикізат пен стратегиялық тауарлар – жаңа тарифтердің қолданыстан алынуына байланысты жаңа бажсыз жеткізілуін жалғастыра береді. Қабылданған шаралар Қазақстан экспортының шамамен 95 пайызына әсер етпейді деп болжануда.

Қазақстан ұлттық мүдделерін қорғау және тұрақты сауда-экономикалық әріптестікті дамыту мақсатында Америка тарапымен одан әрі келіссөздер жүргізуге дайын», – деген министрлік хабарламасында.

Жалпы Қазақстан мен АҚШ-тың сауда жүйесі қандай? Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 2024 жылы 4,2 млрд АҚШ долларын құрады, бұл сан алдыңғы жылмен салыстырғанда 4%-ға жоғары. Қазақстаннан АҚШ-қа экспорттың негізгі тауарлары: шикі мұнай – 1,1 млрд АҚШ доллары. (үлесі 56,2%), уран – 322,9 млн АҚШ доллары (16,4%), күміс – 239,9 млн АҚШ доллары (12,2%), ферроқорытпалар – 188,2 млн АҚШ доллары (9,5%), тантал және одан жасалған бұйымдар – 17,6 млн АҚШ (0,89%).

10 шілде күні ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентінің хатына жауап жолдағанын хабарлады. «Мемлекет басшысы Қазақстан Америка Құрама Штат­тарының бұрыннан келе жатқан сенімді сауда әрі инвес­тициялық серіктесі ретінде әділ, түсінікті және өзара тиімді сауда байланыстарын дамытуға бейілділігін атап өтті.

Қазақстан Президенті сауда мәселелері бойынша рацио­налды шешім әзірлеу мақсатында еліміздің конструк­тивті диалогты жалғастыруға дайын екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев сауда проблемасына қатысты ортақ мәмілеге қол жеткізуге болатынына сенім білдірді» – деп жазылған баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сарапшылар не дейді?

АҚШ-тың жаңа тарифі туралы экономистер пікіріне сүйендік. Экономист-сарапшылардың айтуынша, бұл сон­шалықты қорқынышты емес. Астанада өткен баспасөз мәс­лихатында Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының бас экономисі Сергей Улатов мұның ел экономикасына кері әсері байқалмайтынын айтты.

– Біз тарифтің ықтимал салдарын тереңнен талдадық. Жасаған қорытындымыз: алаңдайтындай қауіп жоқ. Қазақстан экспортының басым бөлігі бұл тарифке мүлдем ілінбейді. Сондықтан экономикаға кері әсері минималды, тіпті байқалмайды деуге де болады, – деді ол.

Қазақстан бойынша қордың экономисі Ғалымжан Айтқазин  бұл соншалықты күрделі мәселе емес деген пікірін білдірген.

 – Штаттардың есебінше, екі ел арасында сауда теңсіздігі бар. Бірақ біздің экспорттың 95 пайызы – мұнай, металл, шикізат тәрізді өнімдер баж салығынан толық босатылған. Тарифтің әсеріне түсетін тауарлар үлесі – бар-жоғы 5 пайыз, ақшалай есептегенде 100 млн доллардан да аспайды. Бұл – Қазақстан үшін айтарлықтай шығын емес. Бұқаралық ақпарат құралдары мәселені тым ушықтырып көрсеткенімен, шын мәнінде жағдай соншалықты күрделі емес, – дейді ол.

Осы сұрақ бойынша елге белгілі экономист Мақсат Халық­қа хабарласып, пікірін білдік. Экономистің айтуын­ша, жаңа тариф ел экономикасына соншалықты әсер етпей­ді. Дегенмен ұлттық экономикамыздың қауіпсіздігін ойлау керек.

– Қазақстанның Америкаға экспорт көлемі 4,2 млрд АҚШ долларын құрайды екен. Қазақстанға салынып отырған 25 пайыз баж салығы нені көрсетеді? Біздің сыртқа экспорттап отырған өнімнің барлығына тұтастай салық салынбайды. Тек қана 5 пайызына ғана тиесілі. Ол шамамен 100 млн АҚШ долларының шамасындағы экспорттық өнімге ғана салынады. Сондықтан дәл қазіргі жағдайдағы көрсеткішке сүйене отырып, 95 пайыз экспорттық өнімге баж салығы салынбайды деп келісілген. Сондықтан аз ғана көлемдегі тауарларға ғана тиесілі екенін байқап отырып, бұл ел экономикасына айтарлықтай жоғары дәрежеде әсер етеді деп айта алмаймыз. Әлемдік деңгейде тарифті өсіру әлемдік экономикаға кері әсер ететіні бар. Демек, менің ойымша, «бәрі жақсы болады» деген тұжырым да дұрыс емес. Себебі бұл тарифтердің өсімі белгілі бір дәрежеде әлемдегі тауар айналымына, логистикалық тізбектің өзгеруіне ықпалын тигізеді. Демек, біз осы 5 пайыздық бағыттағы тауар өндірушілерін енді Америка нарығына емес, Шығыс-Азия елдеріне қарай, Қытай мен Үндістанға қарай экспорттауымыз мүмкін деген болжамды айтуға болады. АҚШ президенті Орта Азияда Қазақстанды ғана атап отыр. Бұл мемлекеттердің қатарында Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан жоқ. Неге Қазақстанға ғана деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл жерде геосаяси тақтада Қазақстанның еуразиялық одақ елдерінің қатарында болуы белгілі дәрежеде әсерін тигізіп тұр деуге болады. Бірақ Трамп: «Біз сіздерге 25 пайыздық дәрежеде тарифті өсіреміз, егер де сіздер тарифті өсіретін болсаңыздар, тура сондай көлемде тағы да тарифті өсіреміз» деген ескерту жасап отыр. Ал енді Қазақстан тарапы не істеу керек? Менің көзқарасым бойынша, әрине, көп көлемдегі өнімге 25 пайыздық салық енгізіліп отырған жоқ. Сондықтан бұл салаларға біз өзге де нарықтар табуға әрекет жасауымыз керек. Екіншіден, Американың дәл осы жүргізіп отырған саясаты Қазақстан сияқты мемлекет үшін де үлгі болу керек деп ойлаймын. Әлемдік держава, экономикалық қуатты мемлекеттің өзі отандық өндірісін қорғау мақсатында осындай саясат жүргізіп отырса, осындай кездерде отандық нарықты, отандық өндірушілерді қорғай алмай жатқан жағдайымыз бар. Меніңше, бұл үлгіні Қазақстан пайдалану керек. Яғни сырттан келетін тауарларды бағамдап, қандай салаларда біз отандық өндірушілерді қор­ғай аламыз, сол салаларға сырттан келетін тауарларға осын­дай тарифті өсіру арқылы ішкі экономиканың өсімін қамта­масыз ете аламыз деп ойлаймын. Әрине, арқаны кеңге салуға болмайды. Себебі әлем тарифтік саясат өзгеріп жатқан кезде әлемдегі экономикасының коньюктурасы өзгереді. Сондықтан оның жалпы әлемдік сауда саясатына, Қазақстанның өзіне де жанама түрде әсері болатыны сөзсіз. Сондықтан дәл қазір қандай жерде, қалай ықпал ететінін айту қиын. Дегенмен бұл жағдайға немқұрайды қарамау керек. Әлемдегі қалыптасқан жаңа ережелерге сәйкес ұлттық экономикамыздың қауіпсіздігін ойлап отырып, жаңа экономикалық саясат құруымыз керек, – дейді экономист.

Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: