Жасөспірімдер қылмысы жарға жықпасын. «Шыбықты жастайында қалай исең, солай майысып өседі» демекші, қоғам жасөспірімдердің құқық бұзушылығының алдын алуда. Бүгінде Қызылорда қаласы әкімінің жанынан құрылған жедел топ қала аумағындағы ойын-сауық орталықтарында түнгі уақыттарда рейд ұйымдастыруда. Жүйелі жұмыс нәтижесіз қалмайды.
– Басты мақсат – жасөспірімдердің беймезгіл уақытта ата-аналарынсыз жүруінің алдын алу, қауіпсіз орта қалыптастыру, құқық бұзушылықтың алдын алу. Рейд барысында баласына дұрыс бақылау жасамаған 31 ата-анаға әкімшілік хаттама рәсімделіп, шара көрілді. Жастардың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ жауапкершілік, – дейді қалалық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаев.
Бұл мәселе республика бойынша қолға алынған. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында әкімдіктер, орталық мемлекеттік органдар, салалық ведомстволар мен қоғам өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген кеңес өткізген болатын. Онда да балалардың жазғы уақыттағы қауіпсіздігі тақырыбы терең қозғалды. Ермек Көшербаев кеңесте жазғы демалыс, балалардың бос уақыты мен жұмыспен қамтылуы мәселелерін айтты. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл 3,2 млн бала жазғы демалыспен қамтылмақ. Қазір 10 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерь, 204 қала сыртындағы орталық және 17 жыл бойы жұмыс істейтін нысан қызмет көрсетуде. Ұйымдастыруға 2500-ден астам студент пен 800 ерікті жұмылдырылған. Республикалық ведомствоаралық штаб құрылып, санитарлық және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жолға қойылған.
– 3,2 млн баланы жазғы демалыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Қажетті жағдайлар жасалған: лагерьлер, жыл бойғы нысандар жұмыс істейді, өңірлік штабтар құрылған. Әр лагерьге санитарлық және құқық қорғау мамандары бекітілген. Түсіндіру және оқыту жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен тәуекелдер сақталып отыр, сондықтан санитарлық нормалардың сақталуына жеке жауапкершілікті күшейтіп, бақылауды арттырамыз. Балалар үшін жазғы демалыс мазмұнды әрі қауіпсіз болуы тиіс, – деді оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанов.
Әлбетте, жазғы демалыс екен деп, баланы жан-жақты тыйып тастауға да болмас. Әйтсе де, бейімі бар баланы қабілетіне сай үйірмелер мен курстарға апару – мәселені шешудің негізгі тетіктерінің бірі. Ал қоғамдағы құқық бұзушылық атаулының басым бөлігі түн мезгілінде болатынын ескерсек, Қызылордадағы түнгі рейд талай жасты тура бағытқа сілтейтіні анық.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!