Сенбі, 15 қараша, 01:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№87, (2199)
15.11.2025
PDF мұрағаты

Тұмауға тосқауыл

15.11.2025

35 0

Бүгінде тұмау және жедел респираторлық вирустық инфек­циялардың (ЖРВИ) өршуіне байланысты өңірде эпи­де­миоло­гиялық маусымға дайындық жұмыстары күшейтілуде. Бұл туралы Қызылорда қалалық санитариялық-эпидемиология­лық бақылау басқармасының басшысы Бейбіт Бидаш пен «Ұлт­тық сараптама орталығы» облыстық филиалының директоры Фарида Қалиева брифингте айтты.

Денсаулық сақтау басқарма­сының мәліметіне сүйенсек, 2025 жылдың 10 айында қала бойын­ша ЖРВИ-дің 77612 жағ­дайы тіркелген. Оның 48037-і – 14 жас­қа дейінгі балалар. Ал 100 мың тұрғынға шаққандағы жалпы аурушаңдық көрсеткіші – 20352,4 болса, балалар арасындағы көр­сеткіш 38374,6. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,4%-ға төмен. Сондай-ақ жыл басынан бері тұ­маудың 53 жағдайы анықталып, олардың 35-і балалар арасында тіркелген. Аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 29,5%-ға азайып отыр. Эпидемиялық мау­сымда тұрғындар арасында 10450 ЖРВИ және 49 тұмау жағдайы тіркелген. Ал жаңа оқу жылының алғашқы екі айында қаладағы 56 мектепте 1822 оқиға орын алған. Дегенмен бұл эпидемиологиялық нормадан аспайды.

Вакцинация – ең тиімді қорғаныс құралы

Мамандар тұмаудан сақтанудың ең тиімді жолы дер кезінде вакцина алу екенін айтты. ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2025 жылғы тамыздағы қаулысына сәйкес, 23 қыркүйектен бастап Қызылордада қауіпті топ­тар арасында  36910 азамат «Гриппол плюс» вакцинасын алған. Одан бөлек, қаладағы түрлі меке­мелер өз қызметкерлерін екпе­мен қамтамасыз ету жұмыста­рын ұйымдастырып, жұмыс беру­шілердің есебінен 1520 қызметкерге вакцина егілген. Сонымен қатар «Интертич» ЖШС клиникасымен мұнай компанияларының 520  қыз­меткері  тұмауға қарсы вакцина қабылдаған.

– Вакцинация ауыр ағымдағы тұмаудың алдын алып қана қой­май, асқынулардың пайда болу ықтималдығын бірнеше есеге тө­мендетеді. Медициналық тұр­ғы­да вакцина жай ғана екпе емес, қауіптің алдын алатын қорға­ныс. Қазіргі таңда вирустық ин­фекциялардың басым бөлігі 14 жас­қа дейінгі балалар арасында жиі тіркелуде. Әдетте ата-аналар тарапынан, тіпті ересектердің өз­дері де вакцинацияға қарсылық танытып, өз бетінше емделуді жөн көреді. Алайда бұл дұрыс шешім емес, – дейді Қызылорда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Бидаш Бейбіт.

Зертханалар эпидемиялық маусымға  дайын

Қызылордадағы вирусология­лық зертхана эпидемиологиялық маусымға толық дайын. Мате­риал­дық-техникалық база жаңар­­тылып, реактивтер мен зертха­на­лық жабдықтардың қоры то­­лық­­­тырылды. Қазіргі таңда зерт­хана­­да үш заманауи ПТР ап­параты жұмыс істейді. 2025 жыл­дың 26 қыр­күйегінен бері облыс бойынша 3418 зерттеу жүргізіліп, оның ішінде тұмау А типі 86, ЖРВИ 8, COVID-19 ауруы бойынша 2 жағдай расталған.

– Қызылорда қаласындағы ви­ру­сологиялық зертхананың эпи­демио­логиялық маусымға дайын­дығы толық қамтамасыз етілді. Алды­мен материалдық-техникалық база жаңар­тылып, барлық зертханалық жабдықтардың жарамдылығы тексерілді және қажетті реактивтер мен шығын материалдарының қоры толықтырылды. Сонымен бірге қызметкерлердің біліктілігі арттырылып, вирусологиялық диаг­ностика мен биологиялық қауіп­­сіздік ережелері бойынша қай­та даярлау курстары өткізілді. Бұл мамандарымыз үшін ғана емес, пациент үшін де тиімді бол­мақ. Зертханалық диагностика алго­ритмдері жаңартылды. Осы тұста емдеу-сауықтыру мекеме­лері­нің мамандарына «Зертхана­лық сынама алу, сақтау және тасымалдау тәсілдерін меңгеру» тақырыбында облыстық тренинг­тер ұйымдастырылуда. Бұдан бөлек, биологиялық қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, зертханада дезинфекциялау тәртібі қайта қа­ралуда, – дейді «Ұлттық сараптама орталығы» облыстық филиалының директоры Фарида Қалиева.

Айта кетерлік жайт, жіберілген сынамалар Ұлттық референс зерт­хана тарапынан толық расталып, зертхана жұмысының сапасы жоғары деңгейде екені дәлелденді. Зертханада мониторинг және про­филактикалық шаралар үздіксіз жүргізіліп, биологиялық қауіпсіздік талаптары күшейтілген.

Мамандар кеңесі: Өздігінен ем қабылдамаңыз

Дәрігерлер тұрғындарға тұмау белгілері пайда болған жағдайда өздігінен ем қабылдаудан аулақ болуды ескертеді. Өйткені уақы­тылы медициналық көмек көр­сетілмесе, ауру асқынып, тыныс алу, жүрек-қантамыр және жүйке жүйесі ауруларына алып келуі мүмкін. Осыған байланысты ма­мандар тұмаудың алғашқы белгілері байқалса, бірден дәрі­герге жүгінуге шақырады. Әсіресе балалар, жүкті әйелдер, созылмалы ауруы бар адамдар және қарттарға бейжай қарауға болмайтынын ескертеді.

Айдана БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: