Қазан айынан бастап халық әбігерге түсті. Себебі елде тұмау жұқтырғандар көбейді. Жедел жәрдем шақырушылардың көбі тұмаумен ауырып жатқандар. Әсіресе, балалардың көп ауырғаны байқалды. Аурухана есігін тоздырған халықтың көптігінен байқағанымыз, биылғы тұмаудың беті қайтар емес. Халық тұмаудың ауыр өтіп жатқанына алаңдауда. Дене қызуының 39-40 градусқа дейін көтерілуі, балалардың қайта-қайта жөтеліп, тамақ ісуі өршіп тұр. Денсаулық министрлігі тарапынан қажетті шаралар жасалуда.
Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын елімізде жедел респираторлық вирустық инфекциямен (ЖРВИ) 3-4 млн адам, тұмаумен 2 мың адам ауырады екен. Биыл эпидемиологиялық маусым басталғалы елде ЖРВИ-дің 1,5 млн жағдайы тіркелген. Жалпы, еліміздің кейбір аймақтарында вирустық инфекциялар күшейді дегенмен, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 20 пайызға төмен болған. Соның ішінде 66%-ы 14 жасқа дейінгі балалар арасында таралған. Кейінгі аптада ЖРВИ-дің 183 мың жағдайы тіркелген.
Денсаулық сақтау министрлігі мәлім еткендей, желтоқсан айының ортасына дейін инфекция өршуі тіркеледі деп болжанған. Сондықтан адам көп жиналатын жерлерден аулақ болу, бетперде тағуды ұсынды. Бұл тұрғыда қарапайым азаматтар медициналық бетперде тағуға мәжбүр емес. Алайда медицина қызметкерлері үшін бұл талап міндетті екені айтылды.
Облыстық СЭБД ұсынған ақпаратқа сүйенсек, аймақ бойынша 2025-2026 жылғы жаңа эпидмаусым басталғаннан бүгінге дейін ЖРВИ-дің 38411 жағдайы есепке алынған. Оның ішінде 70%-ы 14 жасқа дейінгі балалар. Жалпы ауруға шалдыққандар арасында ауруханаға жатқызылғандар саны 4% құраған.
– ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың ауыр ағымындағы 487 науқастың сынамасы ПЦР әдісімен тексеріліп, нәтижесінде зертханалық жолмен A типті (H3N2) 143 тұмау ауруы нақтыланды. Республика аумағында, сондай-ақ облыста тіркелген тұмаудың түрі – А типті (H3N2) гонконг тұмауы – бұл жаңа вирус емес, маусымдық тұмаудың бұрыннан белгілі түрі және жыл сайын айналымда болады. Дегенмен ол халықтың әлсіз топтары үшін қауіпті саналады және адамдар арасында тез таралуымен, аурудың ауыр ағымда өтуімен ерекшеленеді. Басты алдын алу жолы – вакцинация. Тұмаудың алдын алу мақсатында ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес 2025-2026 жылдардағы эпидмаусымға 85006 доза вакцина сатып алынды. Осы уақытқа дейін 84 мыңға жуық азаматқа тұмауға қарсы вакцина салынды. Оның ішінде балалар – 23 466, ересектер – 60531. Оның ішінде жүкті әйелдер – 2898, қарттар үйінің контингенті – 600. Жұмыс берушілер тарапынан 2000 доза вакцина сатып алынып, 1520 екпе жүргізілді. Нәтижесінде, облыс тұрғындарының 9,9 пайызы қамтылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін жалпы тұрғынның 10%-на екпе салу қарастырылған. Тұмаудан бөлек тұмау емес вирустарды анықтау мақсатында 332 сынама зерттеумен қамтылды, нәтижесімен 8 тұмау емес вирус анықталды, оның ішінде аденовирус – 1, риновирус – 7, – дейді облыстық СЭБД басшысының міндетін атқарушы Ерлан Ұзақбаев.
Эпидемиологиялық жағдайдың өршуіне байланысты облыстық жұқпалы ауруханасында да жұмыс күшейе түскен. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда ауруханаға келушілер саны екі есеге көбейген. Мәселен, 2024 жылдың қазан айында ауруханаға қаралған адам саны 2218 болса, биылғы қазан айында 3179 адам тұмау бойынша тіркелген. Оның ішінде тек қана ЖРВИ-мен қаралған адамдар саны 567 адам болса, биыл 749-ға артқан.
– Күз басталғаннан бері тұмаумен ауырғандар саны арта түсті. Тұрғындар емханаға барғаннан гөрі ауруханада жатып ем алғанды дұрыс санайды. Ауырып келген жандардың жағдайы тым ауыр болмаса алдымен лабораториялық зерттеу жасап, қажетті ем-шаралар тізімін жазып береміз. Гонконг тұмауы көбінесе 1 жасқа дейінгі балалар арасында қауіпті болуда. Температура кенет 39-40-қа дейін көтеріліп кетеді. Балалар арасында құрысу синдромы жиі кездесіп жатыр. Сонымен қатар жүкті әйелдер арасында да тіркеліп жатқандар бар. Науқастарға бастапқы уақытта вирусқа қарсы емдік шараларын жасайды. Ал қажет болған жағдайда лабораториялық зерттеулерден өткізеді. Сол бойынша ауруханаға жатқызылады. Аурудың екі есеге көбеюіне байланысты екінші аурухана ашуға мәжбүр болдық. Биыл қараша айының бірінші аптасында 326, екінші аптада – 405, үшінші аптада – 396, төртінші аптада – 280-нен аса адам тексеруге келген. Жоғары температура 5-7 күнге дейін сақталып, жүректің қатты соғу белгілері байқалуда. Қазіргі тұмау ауыр жағдайда өтуде. Сондықтан дәрігер бақылауында болғаны жөн. Әсіресе балаларды көпшілік ортаға апармаған жөн. Бұл вирус ауа арқылы тез тарауда. Қыркүйек айынан бастап тұмауға қарсы екпе салдырып алған жөн. Ол кезде тұмаумен ауырғанның өзінде жеңіл өтеді. Салауатты өмір салтын сақтауға шақырамыз, – дейді облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігер-инфекционисті Ақерке Мұхамедқалиева.
Мамандар тұмау ауруынан сенімді қорғану үшін вакцинацияға қосымша қарапайым сақтық шараларын ұсынады. Атап айтқанда, эпидмаусым кезеңінде мүмкіндігінше халық көп жиналатын орындарға баруды шектеу қажет. Тұмау белгісі бар адамдармен байланысты шектеу және жеке бас гигиенасын сақтап, антисептиктерді пайдалану керек. Сондай-ақ ауа райына сәйкес киініп, үй-жайларда ылғалды тазалық жұмыстарын жиі жүргізіп, ауаны тазартып отыру маңызды. Ең басты ескертін жайт, тұмау асқынса қауіпті. Сондықтан респираторлық аурулардың бірінші белгілері пайда болған кезде өзін-өзі емдеумен айналыспай, тез арада дәрігерге бару керек. Қазіргі жағдайлардан ұққанымыз тұмау жеңіл қарайтын ауру емес.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!