Сейсенбі, 19 тамыз, 13:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№62, 2175
19.08.2025
PDF мұрағаты

Тұрақты кеңесте өзекті мәселелер талқыланды

19.08.2025

56 0

Қалада күн сайын бой көтерген жаңа ғимараттар, жаңарған көшелер мен әлеуметтік нысандар – өңірдің қарқынды дамуының айқын дәлелі. Бұл тек қала келбетінің өзгеруі ғана емес, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Қызылорда қалалық мәслихатының депутаттары қаладағы бірқатар нысандарды аралап, жағдайымен танысты.

Депуттар ең алдымен Мырзабек Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейге барды. 1974 жылы салынған бұл ғимарат 2000-2001 оқу жылында мектеп есебінде пайдалануға берілгенге дейін балалар ауруханасы болған. Жобалық қуаты – 480 орын, алайда бүгінде екі ауысымда 709 оқушы білім алуда. Соңғы жылдары мектепке тек ішінара жөндеу жүргізілген. Мәселен, 2011 жылы жылу жүйесі, 2012 жылы жарық жүйесі жаңартылған. Биыл облыстық бюджеттен 157 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеу басталды. Мердігер – «N Строй сервис» ЖШС.

– Биыл №15 мектеп-лицей «Арай» шағын ауданындағы «Келешек мектебіне» көшеді. Бұрынғы ғимарат жөндеуден өткен соң №3 ақпаратты технологиялар мектеп-лицейінің қосымша корпусына беріледі. Екі мектепке де сұраныс жоғары. Жөндеу жұмысы 15 тамызға дейін аяқталмақ, – деді  қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев.

Депутаттар бұдан кейін Н. Ілиясов атындағы №9 мектеп-гимназияға ат басын бұрды. 1983 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген бұл нысанда бүгінде 1500-ден астам бала оқиды. Биыл облыстық бюджеттен 449 млн теңге бөлініп, мердігер «Қызылорда Траст» жөндеу жүргізуде.

– Мектепті заманауи стандарттарға сай етіп жасау –  басты  мақсат. Жаңа оқу жылы қарсаңында оқушылар мен мұғалімдер жаңарған ғимаратта оқуын жалғастырады, – деді мәслихат төрағасы И. Құттықожаев.

Облыс     орталығында       соңғы    жыл­дары «Жайлы мектеп» жобасы аясында ау­қым­ды  жұмыс  атқарылуда. Биыл «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инно­ва­­циялық орталығы, жаңа «Оқу­шылар сарайы» бой көтерді. Сонымен қатар теннис орталығы ашылып, спорт инфрақұрылымы кеңейіп келеді.

Бұл бастамалар тек білім саласын ғана емес, өңірдің мәдени және спорттық әлеуетін де арттыруға ықпал етпек. Мұнан соң халық қалаулылары қалалық полиция басқармасының жедел басқару орталығына барды. Қазір мұнда 1400 бейнебақылау камерасы, 20 «зияткерлік қиылыс», 58 жылдамдық өлшегіш құрылғы және жасанды интеллект негізіндегі бейнеаналитика жүйесі жұмыс істейді. Орталық ғимараты толық жаңартылып, бейнеқабырға, 15 автоматтандырылған жұмыс орны мен заманауи жиһаз орнатылған. Енді тәртіп пен қауіпсіздік заманауи технология қолында болмақ.

– Қала орталығында 272 , аудандарда 539 камера орнатылған. Камералар тәртіп бұзушылықты тез анықтап, дер кезінде шара қолдануға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері 1 млрд теңгеден астам айыппұл өндірілді, – деді қалалық полиция басқармасының ақпараттандыру және байланыс бөлімінің басшысы Алмат Жүнісов.

Мұнан соң қалалық мәслихатта тұрақты кеңес өтіп, экономика, кәсіп­керлік, әлеуметтік сала, құқықтық тәртіп, инфрақұрылым, ауыл шаруа­шылығы, жер және экология мәселелері талқыланды. Тұрақты кеңесте 5 негізгі мәселе талқыланды. Жастар саясатын жүзеге асыру және олардың құқықтарын қорғау, мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы, жол қауіпсіздігі,  тұрғын үй құрылысының сапасы,      жер учаскелерін пайдалану –жайлы талқыланды.

Қалалық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаевтың айтуынша, қала халқының 103 мыңнан астамы – жастар. Биыл жастар саясатын жүзеге асыруға 19,3 млн теңге бөлініп, 8 әлеуметтік жоба іске асқан. «Qosyl» жастар ресурстық орталығы алты айда 2988 жасқа қызмет көрсетіп, 106 іс-шара өткізген.

– Басты мәселе – арнаулы білімі жоқ, оқуға түспеген және жұмыссыз жүрген жастар санының артуы. Бұл мәселені шешу үшін жұмыс беру жәрмеңкелері мен семинарлар ай сайын өткізіліп жатыр, –  дейді ол.

2024-2025 оқу жылында өңірдегі мектептерде 68 892 оқушы білім алса, мектепке дейінгі ұйымдарда 20 442 бала тәрбиеленген. Қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қ.Әбдіқадыровтың айтуынша, биылғы түлектердің арасында 3 249 шәкірттің 214-і «Алтын белгіге», 324-і үздік аттестатқа ие болды. Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа балл көрсеткіші 79,4 болды.  «Жайлы мектеп» жобасы аясында қалада жаңа білім ордалары бой көтеруде. Биыл 900 және 600 орындық мектептер пайдалануға беріліп, Қызылжарма ауылында 600, ал «Арай» және «СПМК» аудандарында 1500 орындық мектептердің құрылысы жалғасуда. Қазіргі таңда №9 және №15 мектептерде күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде, ал 2026 жылы №138 мектеп толық жаңартылмақ.

Сонымен қатар ата-аналар мен жергілікті қауымдастықтан көптеген ұсыныс түсті. Ең көп талқыланған мәселелердің бірі – аймақта балалардың жазғы лагерьге баруына мүмкіндік жасалмауында. Қалалық білім бөлімі бұл мәселені шешуге уәде берді.

Тұрақты кеңесте қаладағы құрылыс барысы талқыланды. 2023 жылы 470 пәтерлі 10 үй пайдалануға берілсе, 2024 жылы 504 пәтерлі 6 үйдің құрылысы аяқталды. 2025 жылы көпбалалы және әлеуметтік осал топтарға 1397 пәтер, ипотекалық үйлер кезегіндегі отбасыларға 900 пәтер беру жоспарланып отыр. Дегенмен тұр­ғындар арасында пәтер сапасына қа­тысты сұрақтар туындауда. Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы А.Әнуар алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктер болмайтынын жеткізді.

  Жер учаскелерін табыстау мәселесі де депутаттар назарынан тыс қалмады. Қазіргі таңда Қызылорда қаласында кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларды дамыту мақсатында жер учаскелерін электронды форматта Gosreestr.kz сауда алаңында аукцион арқылы беру жүргізілуде. 2025 жылы 17 жер учаскесі саудаға ұсынылып, оның 14-і бойынша келісімшарт жасалып, бюджетке 85,2 млн теңге көлемінде қаржы түсті.

– Бүгінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер алуға кезекте 71 099 азамат тіркелген, оның ішінде 2005 жылдан бері кезекте тұрған 2 387 адам бар. Халықтың сұранысына сәйкес «Бәйтерек» тұрғын ауданынан көлемі 150 гектарды қамтитын, 3 150 жер учаскесін табыстау жоспарлануда, – дейді қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы М. Әжібеков.

Айдана БАХТИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: