Елдегі саяси тұрақтылық, ішкі саясаттың беріктігі, бірлік пен ынтымақ, діни ахуал, жастар мен отбасы мәселесі және басқа да саланың жұмысын жүйелі түрде жүргізу қоғамдық даму бөлімінің негізгі міндеті. Осы орайда, қалалық қоғамдық даму бөлімінің жыл бойы атқарған жұмысына шолу жасадық. Сала мамандары 681 үкіметтік емес ұйыммен, 289 қоғамдық бірлестікпен, 175 қоғамдық қормен, 26 ассоциациямен, 191 филиалмен бірлесіп түрлі іс-шаралар мен кездесу кештерін, спорттық, мәдени шаралар, дөңгелек үстел, дін өкілдерімен үгіт-насихат жұмысын жүргізіп келеді.
Биылдың өзінде қалалық қоғамдық даму бөлімімен 7 әлеуметтік жоба жүзеге асқан.
Облыстық мүмкіндігі шектеулі спортшылардың «Жігер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қала көлемінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған насихаттық шараларды ұйымдастыру» әлеуметтік жобасымен мешіт жамағаттары мен қызметкерлері арасында кіші футболдан «Теңбіл доп» ойыны ұйымдастырылса, «Руханият керуені» жобасы бойынша 30 кездесу өткізіліп, 120 үгіт-насихат жұмысы жүргізілген.
Қазіргі қоғам үшін өзекті саналатын «Cыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған түсіндірме жұмысын, адам саудасы мен құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған шараларды ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы сәтті жүзеге асқан. Жобаны ұйымдастырушылар қалаға қарасты кент, ауылдық округ тұрғындарына сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, алаяқтық және құқықтық сауаттылық туралы кеңес берген. Қаланың орталық көшелеріне сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тақырыбында көрнекі ақпараттар ілінген. Халық көп шоғырланған орындарда кітапшалар таратылып, осы тақырыптағы «Үздік бейнеролик» байқауы өтті. Қоғам кеселіне қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында мемлекеттік қызметшілер арасында шағын футбол, волейбол, шахмат және үстел теннисінен турнир ұйымдастырылған.
«Сыбайлас жемқорлық және алаяқтық – қоғам дерті» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, жоғарғы және арнаулы орта оқу орындары студенттері арасында өткізілген «Брейнринг» интеллектуалды ойыны көпшіліктің назарына ұсынылған.

Сонымен қатар «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық түсіндірме жұмыстарын, адам саудасы мен құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған шараларды ұйымдастыру» жобасы аясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильділігі» орталығы қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, алаяқтық және құқықтық сауаттылықты арттыру туралы кеңес берілген. Кездесу соңында қатысушыларға QR форматы арқылы сауалнама жүргізілген.
Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына орай дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оған зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, тарихшылар қатысқан іс-шара қала тарихы туралы тың ақпаратқа толы болды. Сонымен қатар мерейтой аясында шаһар тарихынан сыр шертетін материалдар «Қазақ атауы қайтарылған күн», «Тарихы терең Қызылорда» тақырыптарында жергілікті телеарналардан көрсетіліп, газеттер мен ақпараттық сайттарда, әлеуметтік желілерде мақалалар легі жариялануда.
Отбасы тақырыбында қоғамды алаңдатып отырған жайттар жетерлік. Сондықтан шаңырақ шырайын кіргізер отбасылық үрдісте татулық, ынтымақ, ауызбірлік шешуші рөл атқарады. Демек, отбасы – Отанның ажырамас бөлігі. Отбасы күніне орай «Анаға тағзым» орталығында «Бақытты отбасы – бақытты ел» атты тағылымды кездесу өтті. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы қалалық кезеңінің ІІ орын жеңімпазы Мыңжасаровтар, ұстаздар әулеті, жарты ғасырлық тарихы бар «Алтын той» иелері Мырзабаевтар, денсаулық саласының ардагері, дәрігер Жақсылық Сәрсенбайұлы мен отанасы, «Жаңа серпіліс» қоғамдық қорының төрайымы Сапура Сәрсенбаева келіп, отбасын сақтау жайында айтты.
Шаһар шырайын кіргізіп, ауласын абаттандырып отырған қала тұрғындарын ынталандыруда «Үздік аула – 2025 байқауы» әлеуметтік жобасының пайдасы зор. Биыл ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде «Үздік аула» байқауының жеңімпаздары марапатталған.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын жыл сайын өткізу дәстүрге айналғанының өзі отбасылық тәлім-тәрбиенің маңызын айшықтайды. Отбасы орталығында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы қалалық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты шара өткізіліп, жеңімпаз атанған отбасылар қала әкімінің дипломымен марапатталды.
Сонымен қатар «Интернет ресурстар және әлеуметтік желілер арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты ұйымдастыру, қоғамдық-саяси ахуалға мониторинг жүргізу» әлеуметтік жобасымен ақпараттық-имидждік, тәрбиелік-танымдық бағытта мақалалар әзірленіп, жасөспірімдер арасындағы бұзақылықтың, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын-алу тақырыбында бейнематериал жариялап келеді.
Тағы бір әлеуметтік жоба аясында 34 имам мешіттерде түсіндірме жұмысын жүргізсе, республикалық ақпараттық-насихаттық топтың (РАНТ) мүшесі, дін саласының білікті маманы Нұрсұлтан Мамедалиев Қызылорда қаласына іссапар барысында пробация есебінде тұрған азаматтармен, білім беру саласының мамандарымен және әлеуметтік осал топтағы азаматтармен кездесіп, діни сауаттылықты арттыру бағытында насихат жүргізіп, діни сауаттылығын шыңдады.
Мемлекеттік жастар саясатын жүргізу қоғамдық даму бөлімінің негізгі жұмысының бірі.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, жастар қала халқының 28,5 пайызын құрайды. Бүгінде мемлекеттік жастар саясаты бойынша 8 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында «Жұмысшы мамандықтарды насихаттау», «Ауыл жастарына қолдау көрсету және әлеуметтендіруді жүзеге асыру», «Жастар орталығы, жастар үшін мүмкіндік алаңы», «Жастар арасында патриоттық сананы қалыптастыру және отбасы құндылықтарын насихаттау», «NEET санатындағы және қылмысқа бейім жастарды әлеуметтендіру», «Волонтерлік және қоғамға пайдалы жастар», «Qyzylorda youth Fest» жастар күнін атап өтуге бағытталған мәдени көпшілік іс-шаралар», «Qosyl Premya жылдың қорытынды кеші» әлеуметтік қызметі бар.
Мәселен, қала жастарына «Qosyl» деген атпен танымал болған қалалық жастар ресурстық орталығының қызметін 2988 жас буын пайдаланған. Жастардың сұранысына орай орталықта WI-FI, коворкинг орталығы, спорттық секция, креатив фото-видео студиясы, би залы, жастар ұйымдары кабинеті тегін қызмет көрсетуде.
Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында қала әкімдігі жанынан құрылған жедел топ, ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлерімен 14 рет түнгі рейд жүргізген. Жастар мен жасөпірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында «Qosyl Ақпарат» жобасы ақысыз жүзеге асуда.
«Жастар орталығы, жастар үшін мүмкіндік алаңы» әлеуметтік қызметі бойынша ұлттық спорт күніне орай қалаға қарасты ауылдық округ және кент жастары арасында асық ату, ләңгі тебу, арқан тарту, садақ ату, бес тас және аударыспақ ойынынан сайыс өткізілген.
Жас мамандардың біліктілігін арттыруға да жете мән берілуде.
Осы мақсатта өткізілген «Жастар мамандарын оқыту» семинар-тренингінде барлық деңгейдегі жастар орталығының мамандары және қалаға қарасты ауылдық округтер мен кенттегі жас мамандар тартылған. Бірінші кезекте шара «Жастар сұранысын табу, бастамашыл топтарға ресурстар ұсыну», «NEET санатты жастармен жұмыс істеудің түрлі тәсілдері мен әдістемелерімен танысу» модульдері негізінде өткізілген.
Биылдан бастап мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бойынша әлеуметтік жобалар қатарына «NEET санатындағы және қылмысқа бейім жастарды әлеуметтендіру» қызметі қосылған. Жоба аясында жұмыссыз жастарға жұмыс орындарына экскурсия, оқыту мен тренинг мемлекеттік бағдарлама бойынша ақпараттық жұмыс жүргізілген.
Жұмыссыз жастар үшін «Мансап» орталығымен бірлескен 7 мәрте «Мүмкіндіктер алаңы» бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіліп, NEET санаттағы азаматтар шақырылған.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары» жылы деп жариялағаны белгілі. Осыған орай кәсіптік және техникалық мамандық алып жатқан тігіншілер, аспазшылар, дәнекерлеушілер, тас қалаушылар, электриктер арасында байқаулар ұйымдастырылды. Бұған қоса, «Ауыл жастарына қолдау көрсету және әлеуметтендіру», «Жастар арасында патриоттық сананы қалыптастыру және отбасы құндылықтарын насихаттау», «Волонтерлік және қоғамға пайдалы жастар» сынды жобалар да қолға алынды, – дейді қалалық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмаханов.
Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жайы да назардан тыс қалмаған. Осы мәселені түсіндіру мақсатында жұмыссыздықпен тіркелген азаматтармен, базарларда және түрлі қызмет көрсету орнында өзін өзі жұмыспен қамтушылармен, жоғарғы және арнаулы орта оқу орындары студенттерімен, сотталғандармен және олардың жақын туыстарымен, қандастармен, әлеуметтік осал топтармен, вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтармен, еңбек мигранттарымен, оқушылардың ата-анасымен, спортшылармен, мәдениет саласы қызметкерлерімен және мәдениет үйірмесі мен кітапханаға келушілермен, құрылысшылармен, кент, ауылдық округ тұрғындарымен, ауыл шаруашылығы ветеринария, жер қатынастары саласы мамандарымен, ардагерлер үйіндегі ем алушылармен, денсаулық сақтау мекеме ұжымдарымен 94 кездесу ұйымдастырылып, оған 3129 адам қатысқан.
Экстремизм мен терроризмге қарсы насихат жұмысын жүргізу мақсатында 7 парақша ашылып, 1500-ден астам материал жарияланған. 4 бейнеролик, 50-ден астам пост әзірленіп, әлеуметтік желіге жүктелген. Сондай-ақ «Қала көлеміндегі экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған насихаттық шараларды ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылып келеді.
Мәселен, «Руханият керуені» жобасы бойынша 20, жеке адрестік профилактикалық 90 кездесу өткізілген. Жобаға Дін істері басқармасының Дін мәселелерін зерттеу орталығы теолог мамандары Асхат Ерубай, Олжас Нарымбетов, Бақберген Сарсенбайұлы тартылған.
Зайырлылық және дінтану негіздері пәнінің мұғалімдері және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, қала жастары және жастар ұйымының жетекшілері, Белкөл кентінің тұрғындары, АТТ мүшелері және дін саласының қызметкерлері, осал топтар және мектеп оқушыларымен «Рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау», «Жастар арасында рухани құндылықтарды түсіндіру және діни сауаттылықты арттыру», «Дәстүрлі діндердің рухани құндылықтарын түсіндіру» тақырыбында кездесу өтуі жастар тәрбиесіне оң әсерін тигізері сөзсіз.
Қала әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия жүйелі жұмыс істеп келеді. NEET санатындағы және маргинал жастармен жұмыс істеу жөніндегі жұмысшы топ отырысы қала әкімдігінде өткізіліп, «NEET санатты және маргинал жастармен жүргізіліп жатқан жұмыстар», «Пробациялық есептегі жастармен жүргізілген жұмыстар туралы», «Қосшыңырау ауылдық округіндегі NEET санатындағы және маргинал жастармен атқарылған жұмыстар» жайлы мәселе қаралып, тиісті тапсырма берілген.
– Қала әкімінің қаулысымен қала әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің құрамы бекітіліп, отырыста әлеуметтік жобалар бойынша атқарылған жұмыстар сараланып, келер жылға жоспарланған әлеуметтік жобалар туралы, қалалық жастар ресурстық орталығының үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе атқарған жұмысы туралы, қалаға қарасты кенттер мен ауылдық округтердегі үкіметтік емес ұйымдар секторын дамыту және олар бойынша атқарылған жұмыс туралы мәселе қаралып, жүйелі түрде хаттамалық тапсырма беріліп отырады, – дейді бөлім басшысы.
Гаухар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!