Елімізде баспана мәселесін реттеуде заңға өзгерістер енгізіліп, оң шешімдер жүзеге аспақ. Бұрын тұрғын үй кезегіне тұру белгілі бір әлеуметтік санаттағы азаматтарға ғана мүмкін еді. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі баласы бар не мүгедек жандарды бағып отырғандар, көпбалалы отбасы, толық емес отбасы, жетім немесе ата–анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мемлекет, бюджет саласының қызметкерлері сынды санаттағылар бар еді.
Енді биылғы 24 мамырдан бастап қазақстандықтар ешқандай санатқа қарамастан баспана кезегіне тұра алады. Жаңа заң жобасы аясында үйсіз жүрген жұрттың баспаналы болу мүмкіндігі артпақ.
Иә, баспана мәселесі қай кезде де өзекті. Үйсіз жүрген жанның күйі болмайтыны белгілі. Ал бұл жаңалық тапқан табысы жалдамалы пәтер ақысы мен ас-ауқатынан артылмайтын қарапайым халыққа үміт сыйлағаны рас.
Жаңа заң жобасына сәйкес тұрғын үй кезегіне қою, бөлу, мониторинг жүргізу «Отбасы банк» АҚ-на жүктелген. Бұған дейін тұрғын үй саласындағы ипотекалық бағдарламаларды жүзеге асырып келген банк енді кезекке тұрған азаматтардың мұқтаждық деңгейін анықтап, талапқа сай еместерді тізімнен шығару жұмысын жүргізеді.
Баспана кезегіне тұрғысы келетіндердің әлеуметтік санаты ескерілмегенімен, соңғы 5 жылда өзінің не отбасы мүшелерінің атында үй болмауы немесе ресми түрде апатты деп танылған үйде тұруы шарт.
– 24 мамырдан бастап «Отбасы банк» тұрғын үй саласындағы Ұлттық даму институты ретінде жұмыс істейді. Сондай-ақ барлық қазақстандық азаматтар санатына қарамастан «orken.otbasybank.kz» порталы арқылы тұрғын үй кезегіне тұра алады. Ол үшін аталған сайтқа кіріп, электрондық цифрлық қолтаңба арқылы тіркеуден өтеді. Осылайша азаматтардың талапқа сай келетіні не келмейтіні автоматты түрде тексеріледі. Егер азаматтың немесе отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда меншігінде тұрғын үйі болмаса, тұрғын үйге мұқтаждар есебіне енгізіледі. Өтінім 1 жұмыс күні, ал тұрғын үйдің апатты жағдайда екенін растайтын құжаты болса 3 жұмыс күн ішінде қаралады, – дейді банктің бизнесті дамыту бөлімінің І санатты маманы Бекбол Үсенғазиев.
Сонымен қатар маман тұрғын үйге кезекке тұруға өтінім берген кезде азаматтарға және олардың отбасы мүшелеріне 1414 нөмерінен смс-хабарлама келетінін айтады. Сол арқылы жеке деректерді жинауға және өңдеуге келісім беру сұралады. Бұл хабарламаға жауап беру міндетті, жауап бермеген жағдайда жүйе өтінімді қарауды жалғастыра алмайды. Бұған дейін кезекте тұрған қазақстандықтар кезектен шығарылмайды. Баспанаға мұқтаж азаматтар базасы 17 маусымнан кейін Отбасы банкке беріледі.
– Тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға баспана берудің де өзіндік талабы бар. Алдымен ҰОС ардагері мен оларға теңестірілгендерге, жетім балаларға, көпбалалы отбасыларға, мүгедек балалары бар отбасыларға, І және ІІ топ мүгедектеріне, жесір әйелдер мен ерлерге басымдық беріледі. Сондай-ақ азаматтардың кезекке тұрған уақыты ескеріледі, – дейді сала маманы.
Бұл жүйе баспаналы болуды армандаған әрбір азаматқа берілген үлкен мүмкіндік. Десе де мамандар кезекте тұрғанмен Отбасы банктен депозит ашып, жинақ жүргізудің маңызды екенін ескертеді. Банктің бизнесті дамыту бөлімінің І санатты маманы Бекбол Үсенғазиевтің айтуынша, кезекке тұрған азаматтардың бәріне тегін пәтер берілмейді. Міндетті түрде жинағы болуы маңызды. Сол арқылы мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға мүмкіндік алады. Жинақтың тұрақты болуы жылдық мөлшерлемені төмендетіп, баспаналы болу мүмкіндігін арттырады.
– Көпшілікке түсінікті болу үшін тұрғын үй кезегіне кімдердің тұра алмайтынын да айта кеткен жөн. Азаматтардың соңғы 5 жылда меншігінде тұрғын үйі болса, тіпті сатып жіберген жағдайда да өтінім қабылданбайды. Бұдан бөлек мемлекеттен үй алған болса, өтініште жалған ақпарат көрсетсе, бұрын жеңілдетілген ипотека арқылы баспана сатып алған болса, мұндай санаттағы азаматтар тұрғын үй кезегіне тұра алмайды, – дейді Бекбол Үсенғазиев.
Соңғы жылдары баспана мәселесін шешуде Отбасы банктің жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары жүйелі жүргізіліп келеді. Ал кезекте тұрған азаматтардың санын азайтуда аймақта жыл сайын пәтер кілтін табыстау дәстүрге айналып келеді. Аймақта қарқын алған құрылыс секторының басым бөлігін тұрғын үй құрылысы құрайды. Десе де облыста 36981 азамат баспана кезегінде тұр екен.
Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша кезекте тұрғандардың 2 мыңға жуығы жетім балалар, 9859-ы көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар болса, 14 мыңнан астамы халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары мен 10196-сы мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар.
Айдана СЕЙІЛ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!