Сейсенбі, 04 наурыз, 08:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№16,2129
01.03.2025
PDF мұрағаты

Тұрғын үй нарығы: Баға қалай құбылады?

28.01.2025

282 0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Ел экономикасы жақсарып, халықтың әл-ауқаты жақсарған сайын тұрғын үй құрылысының қарқыны өсіп, ауқымы да кеңейіп келеді.

Баспана нарығына байланысты болжамдар биыл тұрғын үй бағасының қымбаттайтынын айтып отыр. Тұрғын үй құрылысы мен баспана бағасындағы өсім былтырдан бері байқалды. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, соңғы бір жылда (2023 жылдың желтоқсанынан 2024 жылдың желтоқсанына дейін) қайталама нарықтағы пәтерлерді қайта сату бағасы 4,2%-ға, ал жаңа тұрғын үйді сату 3%-ға өсті. Өткен жылы абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу ақысы 7,9%-ға өсті.

Өңірлер бойынша бастапқы тұрғын үй нарығындағы бағалар жылдық мәнде Ақтөбеде – 12,8%-ға, Көкшетауда – 10,1%-ға, Таразда – 10%-ға айтарлықтай өскен. Қайталама тұрғын үй нарығында баға өсімі бойынша көшбасшы Атырау (16,9%), Астана (12,9%) және Қонаев қалалары (10,1%) болды. Тұрғын үйді жалдау нарығындағы ең елеулі өсім Талдықорғанда (26,6%), Астанада (25,8%), Шымкентте (18,6%), Оралда (16,8%) және Петропавлда (16,4%) байқалды.

Қараша айымен салыстырғанда 2024 жылғы желтоқсанда абаттандырылған тұрғын үйді жалға беру бағасы 1,1%-ға, пәтерлерді қайта сату 0,9%-ға, жаңа үйді сату 0,2%-ға өсті.

Жылжымайтын мүлік бағасы қымбаттап кеткенмен, баспанаға қол жеткізгендер саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректері бойынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда рекордтық 18,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, 2023 жылмен салыстырғанда 6,4%-ға артық. Саланың нақты көлем индексі бір жылда 113,1%-ды құрады. 2029 жылға қарай 111 млн шаршы метрге жеткізу жөніндегі Президент қойған міндеттерді орындау бойынша жұмыс жүргізілуде.

Мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде азаматтарға жалға берілетін, несиелік баспанамен қамтамасыз етуі, «2-10-20», «5-10-20» және басқа да бағдарламалар іске асырылуда. 2024 жылы «Отбасы банкі» 1,29 трлн теңге сомасында 71 452 несие берген.

Биыл баға қандай?

Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының басшысы Ермек Мүсіреповтің сөзіне сүйенсек,  2025 жылы доллар бағасының өсуі 1-ші және 2-ші санаттағы тұрғын үйдің, яғни элиталық және бизнес-класс пәтерлерінің шаршы метрінің бағасын қалыптастыруға әсер етеді.

– Бұл жылжымайтын мүліктің осы санатына әсер етеді, өйткені әрлеу материалдарын, инженерлік технологияларды, «ақылды үйлердің» электронды жабдықтарын сатып алу шетел валютасына тәуелді. Жалпы тұрғын үй құрылысына жұмсалатын құрылыс материалдарының 30-40 пайызы ғана отандық өнім. Үйдің қаңқасына арналған металл конструкциялар Ресей мен Қытайдан келеді, өйткені бізде бұл өндірістер жоқ.

Адамдардың мұндай пәтерді 100 пайыздық құнымен сатып алу түгіл, ипотекалық бағдарламалардың көмегімен сатып алуға қаражаты жоқ екенін ескеру қажет. Сондықтан әзірлеушілер тарапынан белгілі бір акциялар болуы мүмкін, мысалы, шаршы метрдің құны төмендеуі мүмкін. Мысалы, құрылыс компаниялары 2024 жылдың екінші жартысында мерекелерде жеңілдіктер жасады, олар пәтер бағаларын 20-25 пайызға дейін төмендетті. 2025 жылы да солай болуы мүмкін, – дейді ол.  

Ал сарапшы Нұржан Алмас бастапқы тұрғын үй бағасы 2025 жылы 5,8 пайызға дейін өсетінін айтады. 

– Барлық экономикалық үрдісті ескерсек, қайталама тұрғын үй бағасы 2025 жылы 6,2 пайызға дейін көтеріледі. Инфляцияның баяулауымен 2026 жылы қайталама тұрғын үй мен жалдау бағасы да төмендейді, – дейді сарапшы.

Ең арзан үй қайда?

Қазақстан бойынша ең арзан үй қайда? Бұл сұрақ бәрімізді қызықтыратыны анық. Сондықтан да осы бойынша зерттеу жасағанды жөн көрдік. Krisha.kz сарапшыларының деректеріне сәйкес, ең арзан жылжымайтын мүлік  – Қызылордада. Мәселен, 1 бөлмелі – 7,5 миллион теңге; 2 бөлмелі – 12 миллион теңге; 3 бөлмелі – 16 миллион теңге.

Сондай-ақ тұрғын үй бағасы бойынша ең арзан қалалар тізімін  Тараз, Талдықорған,  Жезқазған толықтарады. Бұл қалаларда бір бөлмелі пәтердің бағасы 9,5-10,5 миллион теңге аралығында болса, екі бөлмелі пәтер 14 миллион тұрады. Ал үш бөлмелі баспананың бағасы 21-23 миллион теңгеге жетеді.

 «Доллар өсті дегенше, баға ұшты» десейші дегендей, доллар бағасының өсуі кез келген заттың қымбаттауына келіп тірелетіні анық. Бұл жағдай тұрғын үй бағасын да айналып өтпейді. Яғни баспана нарығында импортталатын құрылыс материалдарының қымбаттауы тұрғын үйлердің бағасының өсуіне әкеледі. Демек, тұрғын үй нарығындағы баға алдағы уақытта тағы да құбылатыны анық.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: