Әлемнің қай қаласы болсын, тұрғындарға жайлы болғаны маңызды. Кейінгі уақытта Қызылорда қаласында жайлы орта қалыптастыру мақсатында қыруар жұмыс атқарылуда. Жаяу жүргіншілер үшін, спортпен айналысатын тұрғындар үшін, кішкентайлар үшін қаланың әр бұрышында жайлылық бар.
Бұл қала тұрғындарының арманы еді. Спорт алаңдары, шығармашылық үйі, стадион, демалыс орындарының көбейіп, уақыт талабына сай жаңғыртылуы қала өміріне жаңаша серпін берді.
Жақында облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов пен қала әкімі Нұржан Ахатов қала аумағындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, аулаларды абаттандыру жұмыс барысын көрді. Биыл облыс орталығындағы 20 аулаға ойын және спорт алаңдарын орнатуға 1,3 млрд теңге қаржы бөлінді. Әр аулада әткеншек, сырғанақ, жаттығу құрылғылары, кіші футбол және воркаут алаңдары болады. Жарық шамдары мен демалыс орындары орналастырылып, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Мұнан бөлек, 153 млн теңге бөлініп, тұрмыстық қалдыққа арналған 375 контейнер қойылған.
– Көпқабатты үй тұрғынымын. Өзім бала күтімімен үйде отырғандықтан, бір мезгіл аулаға шығып, таза ауа жұтып, балаларды ойнатуды әдетке айналдырғанмын. Бұрын шаңы шығып жататын аулалар қазір уақыт талабына сай жаңарды. Балалар алаңсыз ойнайды. Қаланың күн сайын жаңарып келе жатқанына қуанамын. Қала біздің өміріміздің бір бөлшегі ғой, – дейді қала тұрғыны Айсұлу Кенжебаева.
Күздің шуақты күнінде аулаларда алаңсыз ойнаған балалардың шат күлкісі естіледі. Бірі сырғанап, бірі әткеншек теуіп, енді бір топ бала ойын алаңында доп теуіп жүр. Ең бастысы, қаланың әр бұрышында да үлкенге де, кішіге де жайлы орта бар.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!