Сейсенбі, 24 ақпан, 01:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№15 (2227)
24.02.2026
PDF мұрағаты

Туляремия аурудан сақ болайық!

24.02.2026

42 0

Көктем мен жаз мезгілінде табиғат тіршілігі жанданады. Мал өріске шығып, егін және шөп шабу жұмыстары басталады, тұрғындар демалысқа жиі шығады. Алайда дәл осы кезеңде жұқпалы аурулардың қаупі де артады. Соның бірі – туляремия. Туляремия – жануарлардан адамға жұғатын қауіпті инфекция. Ол көбіне кеміргіштер арасында таралады және табиғи ортада ұзақ уақыт сақталады. Адамға әртүрлі жолмен жұғуы мүмкін. Туляремия кене шағу, ауру жануарлармен жанасу, лас су ішу, ауру жануардың нәжісімен ластанған пішенді тасымалдау немесе даладағы шаң-тозаңды жұту кезінде жұғады. Сондықтан ауыл тұрғындары, малшылар, шөп шабатындар, аңшылар және табиғатта жиі болатын азаматтар ерекше сақ болуы тиіс.

Ауру қалай басталады?

Дене қызуы 38-40°С-қа дейін көтеріліп, адам қалтырайды, қатты әлсірейді, басы ауырады. Алғашында бұл белгілерді кейбіреулер қарапайым тұмаумен шатастыруы мүмкін. Бірақ бірнеше күннен кейін лимфа түйіндері ісініп, ауырсынуы мүмкін. Кей жағдайда теріде жара пайда болады.

Егер инфекция тыныс жолдары арқылы енсе, жөтел, кеуде тұсының ауырсынуы, тыныс алудың қиындауы байқалады. Ауруды дер кезінде емдемесе, асқынулар туындауы ықтимал.

Дәрігерге ерте қаралу маңызды?

Көп жағдайда адамдар үй жағдайында, өз бетінше емделуге тырысады. Бұл дұрыс емес. Туляремия арнайы емді қажет етеді. Қызба бірнеше күн бойы сақталса, лимфа түйіндері ұлғайса немесе жалпы жағдай нашарласа, міндетті түрде медициналық мекемеге жүгіну қажет. Ерте анықталып, дұрыс ем жүргізілсе, ауру толық жазылады.

Балалар мен қарт адамдарға ерекше көңіл бөлу керек. Олардың ағзасы инфекцияны ауыр өткеруі мүмкін.

Алдын алу – ең тиімді жол

Туляремиядан қорғану үшін қарапайым сақтық шараларын сақтау жеткілікті:

 – табиғатқа шыққанда жабық, ұзын жең киім кию;

– кене шағудан қорғану және денені тексеріп отыру;

– ашық, қадағалаусыз су көздеріне шомылмау және су ішпеу;

– тағам өнімдері кеміргіштер ене алмайтындай етіп сақталуы тиіс;

– қолды жиі жуу;

– үй маңын және қора-қопсыны таза ұстау;

– кеміргіштермен күрес жүргізу.

Сақтық – саулық кепілі. Өз денсаулығымызға жауапкершілікпен қарап, қауіпті инфекциялардың алдын алайық.

Гүлмира Кутумуратова,

Қызылорда обаға қарсы күрес станциясының дәрігері

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: