Туризм – ел экономикасына серпін беретін әлеуеті жоғары сала. Туризмі дамыған елдің әл-ауқаты жақсы екенін дәлелдеудің қажеті жоқ. Біздің елде де бұл саланы дамытуға мүмкіндік көп. Бұқар жырау жырлағандай, әлемді түгел көрсе де қызыққа тоймайтын адамзат баласы емеспіз бе?! Саяхат арқылы таным көкжиегін кеңейтіп, әлемнің кереметін көргісі келетін жиһанкездер қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Ал біз бұған дайынбыз ба? Туризм саласының өркен жаюына бірден-бір ықпал ететін фактор – жайлы инфрақұрылым екені белгілі. Бұл мәселе облыс орталығында қалай шешілуде?
Кеше қала әкімі Нұржан Ахатовтың төрағалығымен туристік аймақтарға келушілерге қолайлы жағдай жасау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша арнайы мәжіліс өтті.
Жиында қала аумағынан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізінің бойындағы сервистік кешендердің қызмет көрсету сапасын арттыру тапсырылды. Сондай-ақ күре жолдағы қоғамдық орындардың күтімі, тазалық тәртібі күнделікті бақылауда болуы міндеттелді. Сонымен қатар тарихи ескерткіштер аумағының тазалығы, жазғы уақытта қоғамдық тамақтану мен суға шомылу орындарындағы санитарлық талап, қауіпсіздік мәселелері кеңінен талқыланды.
– Жол бойында, демалыс орындарында санитарлық талап пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету – туристік имиджді нығайтудың көзі. Сондықтан келушілерге жайлы жағдай жасау үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылу қажет, – деген Нұржан Сәбитұлы жауапты сала басшыларына ауқымды міндеттер жүктеді.
Жалпы, туризм – тек табыс көзі ғана емес, сонымен қатар төл мәдениетімізді, терең тарихымызды, табиғи байлығымызды әлемге танытудың тиімді тетігі. Бұған өңірдегі қоғамдық саяси жағдайдың тұрақтылығы, жан-жақты даму деңгейі, сервистік қызмет көрсету орындарының сапалы қызметі де ықпал ететіні сөзсіз. Қонақжай елде туризмді дамытуға мүмкіндік те көп.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!