Жексенбі, 22 желтоқсан, 14:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Үкімет сапары өңірге қандай өзгеріс әкеледі?

02.07.2024

1732 0

Маусым айы Сыр өңіріне Үкімет басшысының келуімен есте қалды. Премьер-министр Олжас Бектеновтің өңірге сапары қандай өзгеріс әкеледі? Аймақтың тыныс-тіршілігін көзбен көрген Үкімет басшысы нендей шешім қабылдады? Бұл көп көкейіндегі сауалдар екені сөзсіз. Премьер-министр Олжас Бектенов Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешеніне барды, сондай-ақ Байқоңыр қаласының даму жоспарымен танысты.

Ғарыштық зымыран кешенінің құрылысы «Союз-5» жаңа зымыран тасығыштарын ұшыруға арналған «Зенит-М» ҒЗК инфрақұрылымы базасында жүргізіліп жатыр. 2018 жылы ресейлік тарап алаңды жалға алуды тоқтатқаннан кейін нысанды қазақстандық мамандар пайдалануда. Жұмыстың аяқталу мерзімі 2028 жылдың мамырына жоспарланған, ал алғашқы ұшу сынақтарын 2025 жылы бастау жоспарланып отыр. Кешен жылына 6-8 зымыран ұшыруға мүмкіндігі бар.

 Олжас Бектенов монтаждау-сынақ кешенін, сондай-ақ зымыран көлеміне шақталған көлік қондырғыларын қарап шықты. «Бәйтерек» БК» АҚ басқарма төрағасы Айдын Айымбетов кешенді заманауи жүйелерге сәйкестендіріп жаңғырту туралы баяндап, зымыран-тасығыш жүйелерді тексеру кезеңдері, сондай-ақ «Бәйтерек» жобасы үшін мамандарды оқыту туралы хабардар етті.

Үкімет басшысы «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешені бүгінде посткеңестік аумақтағы Қазақстан мен Ресейдің ең ірі бірлескен жобасы екенін және екі мемлекет басшыларының ерекше бақылауында екенін атап өтті. Биыл оны іске асыруға 14,7 млрд теңге бөлінген, қаражаттың қалған бөлігін бөлу мәселесі қосымша пысықталмақ. Олжас Бектенов экологиялық таза тасымалдағыштарда ғарыш аппараттарын сәтті ұшыру үшін мамандардың бірлескен жұмысының қажеттілігіне назар аударды.

 – Зымырандарды ұшыру мерзімдерін өзгертпеу керек. Үш ұшырылымның біріншісі келесі жылы өтуі тиіс. Жоба «Байқоңыр» кешенінің белсенді жұмысын қамтамасыз ету үшін аса қажет. Бұл орайда бірлескен кәсіпорындағы еңбек ұжымының жұмысы да маңызды. Сондай-ақ ғылыми ортамен де өзара тығыз іс-қимылды үзбеу керек, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Байқоңыр қаласын дамыту жоспарын ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнайы өкілі Қайрат Нұртай баяндады. Қазіргі уақытта халықтың 70 пайызын Қазақстан азаматтары құрайды. Табиғи өсім мен көші-қон ағыны есебінен оң динамика бар. Қаланың қарқынды өсуін ескере отырып, әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй қорын ұлғайту жөніндегі шаралар жүзеге асуда. Мәселен, 600 орынға арналған мектеп салу жоспарланған, өткен жылы қазақстандық білім беру стандарттары бойынша 2 балабақша ашылды, бұл кезекті екі есе төмендетуге мүмкіндік берді.

«Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау туралы келісімге сәйкес қалада барлық көппәтерлі тұрғын үйлер газдандырылды. Бұдан басқа, сумен жабдықтау және су бұру желілері жалға беруден алынып, облыстық коммуналдық меншікке берілді. «Байқоңыр» кешенінің нысандарына рұқсат алуды жеңілдету үшін цифрлық құралдарды енгізу мүмкіндігі қарастырылуда.

Премьер-министрдің Қызылорда облысына жұмыс сапарына негіз болған басты мәселелердің бірі – су үнемдеу технологияларын енгізу және су инфрақұрылымын дамыту. Олжас Бектенов Мемлекет басшысының Кіші Аралды сақтау және дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты, атап айтқанда, «Қараөзек» су қоймасының құрылысына назар аударып, «Көкарал» бөгетін реконструкциялау қарқыны тексерілді.

Өңірдің негізгі су көзі – Сырдария өзені. Соңғы бірнеше жылда өзен суының азаюына байланысты Солтүстік Аралда жиналған судың орташа жылдық көлемі жобалық 27 млрд текше метрден 2022 жылы 18,9 млрд текше метрге дейін төмендеді. Бүгінде су ағынын секундына 6 текше метрден 50 текше метрге дейін ұлғайту бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде Солтүстік Аралда су көлемі 21,4 млрд текше метрді құрады, осы жылдың басынан бері 1,5 млрд текше метр су келді. Облыстың әлеуметтікэкономикалық дамуы мен экологиялық жағдайы Сырдария өзені бассейнінің сумен жабдықталуына тікелей байланысты екені анық, дарияның жағасында аймақтағы елді мекендердің 85 пайызы, жергілікті халықтың 93 пайызы орналасқан.

Бүгінгі таңда өңірде су үнемдеу технологиясы белсенді түрде енгізілуде. Облыста 286 мың гектар суармалы жер бар, оның 185-190 мың гектарына ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Мемлекет басшысының егістікті әртараптандыру туралы тапсырмасы бойынша биыл күріш алқабы 6 мың гектарға қысқартылды. Лазерлік тегістеу күріш алқаптарын суаруға жұмсалатын су шығынын азайтуға мүмкіндік берді. Инновациялық технологияның арқасында соңғы 10 жылда суды 20%-ға дейін үнемдеуге және өнімділікті 30 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік туды. Өңірде басқа да су үнемдеу технологияларын енгізу көлемі биыл 4,2 мың гектарға жетті, 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 34,2 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланған. Бұл мақсатта өңірде жалпы ауданы 4,8 мың гектар болатын 3 ірі инвестициялық жоба жүзеге асуда.

 – Мемлекет басшысы су үнемдеу технологияларын енгізуді жеделдетуді тапсырды. Сырдария өзеніндегі су тапшылығын ескере отырып, жерасты суларын ұтымды пайдалану мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігіне жерасты көздеріне зерттеу жүргізуді тапсырамын, – деді Олжас Бектенов.

 Премьер-министр Су ресурстары және ирригация министрлігіне сыйымдылығы 775 млн текше метр болатын «Қараөзек» су қоймасын салу бойынша Қызылорда облысында іске асырылып жатқан жобаны қаржыландыру жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырды. Жаңа техникалық құрылыстың негізгі мақсаты – «Көкарал» бөгеті арқылы Үлкен Арал теңізіне қайтарылмайтын судың бір бөлігін сақтау. Бұл шаралар вегетациялық кезеңде Қазалы ауданының 31 мың гектар егістік жерлерін және арна бойында орналасқан 11 мың гектар шабындық пен жайылымды сумен қамтамасыз етеді. «Қараөзек» су қоймасы елімізде басым тәртіппен салынуы тиіс 9 су инфрақұрылымы объектісінің тізбесіне енгізілген.

Үкімет басшысына биыл аяқталатын «Көкарал» бөгетін реконструкциялау жоспары баяндалды. Жобаны іске асыру шеңберінде бүлінген бөгет, сондайақ Қарашалаң және Тұщы көлдері арқылы теңізге шығатын арналар қалпына келтірілетін болады. Олжас Бектенов Үкімет су ресурстарын тиімді пайдалану, су жинау лимиттерін және Сырдария мен Амудария бассейндері бойынша су қоймалары каскадының жұмыс режимдерін сақтау мәселелері бойынша көрші елдермен жұмысты жалғастыратынын атап өтті.

Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында Премьер-министр Қызылорда облысындағы жаңа ЖЭО құрылысымен танысты. Сондай-ақ алдағы уақытта шыны кластері құрылатын табақ шыны өндіретін инвестициялық жобамен танысып, Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібінің үлесін ұлғайту жөніндегі тапсырмасының орындалуына назар аударды.

Өңір тұрғындарын 1964 жылы пайдалануға берілген ЖЭО жылумен қамтамасыз етіп отыр. Бүгінгі таңда жабдықтың тозуы 75 пайызды құрайды. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне 2949 нысан, оның ішінде 808 көппәтерлі үй қосылған. Биыл осы объектілерді ыстық сумен қамтамасыз ету үшін Президент қойған міндетті жүзеге асыру шеңберінде Үкімет резервінен 11 млрд теңге, қалалық қазандықтарды жөндеуге тағы 2 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар жылу желілерін жаңғыртуға республикалық бюджеттен 6 млрд теңге бағытталды. Қабылданып жатқан шаралар жылу трассаларының тозуын 42 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Премьер-министрге жылу қуаты сағатына 277 Гкал болатын жаңа ЖЭО құрылысының қарқыны туралы баяндалды. Қазіргі уақытта жер қазу жұмыстары аяқталды, жабдықты орнатуға негіз қалануда – алаңға 600-ге жуық адам және 60 бірлік техника жұмылдырылды. Құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Нысанды 2025 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі таңда инвестор жобаны іске асыруға 70 млрд теңгеден астам инвестиция салды.

Олжас Бектенов ел экономикасының белсенді дамуына және өнеркәсіптік кәсіпорындардың іске қосылуына байланысты қосымша энергия қуаты қажет екенін атап өтті.

– Жаңа ЖЭО құрылысы Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Оның іске қосылуы оңтүстік өңірлердегі электр энергиясының жүктемесін тұрақтандыруға және тұтастай алғанда, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға оң әсерін тигізеді, – деп атап өтті Премьер-министр.

Қызылорда облысының әкімдігіне газ жеткізуші құбыр мен ЖЭО құрылысын уақытылы аяқтау, сондай-ақ барлық нысанның жылу беру маусымына дайындығын қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берілді.

Қызылорда облысы өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көрсеткішінің өсу қарқыны бойынша көш бастап тұр. Облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев Премьер-министрге өңірдегі өнеркәсіптің дамуы туралы баяндады. 2024 жылдың 5 айында экономиканың осы секторы 6,3% өсім көрсетті, инвестициялар көлемі 40%-ға өсті, оның 80%-ы – жеке салымдар. 2024-2028 жылдар аралығында 8,4 мың жұмыс орнын құрумен жалпы сомасы 1,1 трлн теңгеге 76 жобаны іске асыру көзделген. Осы жылдың өзінде 32,4 млрд теңге сомасына 15 жоба іске қосылмақ.

 Шыны зауытының іске қосылуы дамуға айрықша серпін берді, онда қазіргі таңда шыны кластерін құру жұмыстары басталды. Кәсіпорын жұмыс істеген уақыт ішінде 27,3 млрд теңге сомасына 20,8 млн м2 шыны өндірілді. Бүгінде кәсіпорын $15 млн көлеміндегі өз қаражатына қуаты жылына 5 млн м2 болатын энергия үнемдейтін шыны шығаратын жаңа желіні іске қосты.

Олжас Бектенов Қазақстан экономикасы үшін маңызды жобаларға қаражат салуға дайын инвесторларға қолдау көрсету қажеттігін атап өтті.

Жұмыс сапары аясында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесіне назар аударылды. Атап айтқанда, «Қызылорда-Жезқазған», «ҚызылордаҮшқұдық» автомобиль жолдарын салу және «Қызылорда-Ақтөбе» автомагистралін реконструкциялау жобалары бар. Көлік министрлігіне қажетті жұмыстарды жүргізуге және жобаларды уақытылы аяқтауға тиісті құжаттарды рәсімдеу жөнінде тапсырмалар берілді.

Үкімет басшысы өңірге сапары барысында аймақтың тыныс-тіршілігін көріп, жүзеге асып жатқан жобалармен танысып, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.

 Үкімет сапарынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте Үкімет басшысы Олжас Бектенов бастаған делегацияның Сыр өңіріне жасаған сапарының қорытындысы, берілген тапсырмалар, Қызылорда қаласындағы кейбір мәселелер талқыланды. –

Кеше облысқа ресми жұмыс сапармен келген Үкімет делегациясы өңірдегі жұмыстармен танысты. Қарқынды құрылыс алаңына айналған облыс орталығындағы нысандарға тоқтады.

Биыл Мемлекет басшысының қолдауымен қаланы ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін тапты. Қала мен оған қарасты елді мекендерде көшелер жөнделіп, жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Үкімет басшысы қолға алынған жұмыстарға оң бағасын берді, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Қызылорда қаласындағы 2022-2023 жылдары жөндеуден өткен, кепілдік мерзімі бар көшелерді визуалды қараудан және бақылаудан өткізгенде бірқатар кемшілік анықталған. Атап айтқанда, алдыңғы жылы жөнделген 49 көшенің 15-інен, былтыр жөнделген 56 көшенің 11-інен ақау шыққан. Қала әкімі Серік Қожаниязов осы кемшіліктерді түзетуде атқарылған жұмыстарды баяндады. Қызылорда қаласы әкімдігіне келісімшарттағы кепілдік мерзіміне сәйкес іс-шара жоспарын бекітіп, анықталған кемшілікті 1 ай ішінде қайта қалпына келтіру жөнінде тапсырма берілді.

Жиында құрылыс, сәулет және қала құрылысы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшылары жаңа нысандар құрылысы, инфрақұрылым желілерін дамыту туралы баяндады. Атап айтқанда, сол жағалаудағы құрылыстар, алдағы жылу маусымына дайындық, ескі көпқабатты тұрғын үйлерді қайта жаңғырту, жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарлары талқыланды. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер мен ұсыныс бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілмек.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: