Бейсенбі, 26 желтоқсан, 02:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Үлкенін тыңдайтын ауыл

20.04.2024

618 0

Сурет:Н.Нұржаубай

Облыс орталығынан таяқ тастам жердегі Қызылжарма – бірсарынды тіршіліктен алыстау жатқан ауыл. Қаланың іргесінде тұрса да малын өріске айдап, түтінін түзу ұшырып, қатығы мен айранын, құрты мен ірімшігін дастарханынан үзбеген ел. Иә, сіз оны айтасыз, үлкенді үлгі етуді ұмытқандар көбейген қоғамдағы бұл ауылдың ерекшелігі – ақсақалдың сөзіне тоқтап, тұтас ауыл бір басшыға бағынатынында. Тіпті елге келген әрбір әкім де, ардагерлер кеңесі мен қоғамдық кеңесі де ауылдың бейресми басшысының сөзі мен ұсынысын қаперге алатын көрінеді. Бірлігі бекем елдің бағындырар биігі де, алар асуы да биік болмақ. Бұл – әлімсақтан қалыптасқан ұстаным. Ал қызылжармалықтардың қызыл сөзге емес, тындырымды тірлікке жақын екенін көріп, іштей тамсанып қайттық. Бәлкім, жаһандану заманында қазақылықтың осындай бір ғажап көрінісі жүректі елжіретіп, жанды тебіренткенінен болар…

Ауылдың бейресми басшысы

Біз келіскен уақыттан сәл кешіктік. Өйткені ауылдың кіреберісінен бастап, обьективке әжептәуір дүниені іліктіріп үлгерген бесаспап мамандар Нұрболат Нұржаубай мен Нәзира Мұқатаева көңілге серпін берер көріністерді нысанаға алды. Тіпті әкімдік қызметкерлеріне де айтпастан алақандай ауылды бір айналып шығып, не бар, не жоқ деп бір ойланып алдық. Ал бұл уақытта тықылдап соққан сағаттың секунд тіліне қарап, бізді тосып отырған ауыл ақсақалы Сәруарбек Қазбекұлы елді мекеннің тыныс-тіршілігі туралы баяндаудағы ауылдың жүгін мойнына арқалап отырған еді…

– Бұл кісі – осы елдің басшысы, – деп сөз бастады қоғамдық кеңестің төрайымы Сәрсенкүл Смайлова. Белсенділігі мен іскерлігін әрбір ойын нық, әрі ұғынықты жеткізіп отырғанынан аңғару қиын емес-ті. – Ертеректе ағайдың әкесіне барып, ауылдағы даулы мәселелерді шешетін болған. Осы елдің биі болды. Енді сол жолды өзіне аманат еткен Сәруарбек ағай осы елдің әкесіндей болып, жанашырлығын көрсетіп, қисығын тү­зетуге атсалысып келеді.

«Жақсы сөз жан семіртеді» дейміз ғой. Бірақ мақтау сөзге масаймайтын болмысын байқатқан Сәруарбек Сөкенов тоқтат дегендей ишарамен «Менен не сұрайсыздар?» деп, шаруаға төтесі­нен түсті. Ауыл тыңдайтын ақсақалдан не сұ­райсыз? Әрине, сұрақ көп, бірақ қайсысынан бастау керек дегенді бір сәт ойланып тұрып, отбасы жайынан бастап едік, ол кісі біздің алыс­тан байқағанымызды демде аңғарды. Иә, елі тыңдайтын ақсақалдың отбасы үлгілі болу керек қой. Сәруарбек ағай дереу «Апаларың дайын, кеттік үйге» деді де, көне «аудиге» қамшы басып, жүріп кеттік. Ақын Абайдың көшесін бетке алып, тура үйіне келіп тоқтаған Сәруарбек ағай:

– Балам, ауладағы көне қораны бұзып тастап, құрылыс материалы үй жақта қоқысқа айналып тұр еді. Ұят болмас па екен? – деді сәл жымиып.

Қарап жатпай, тірлікпен айналысатын тыным­сыздығын тағы бір танып қалдық. Тәрбиенің төресі – еңбек. Ұрпағына осындай бағыт беріп отырғанын оның әрекетінен осы бір жолы айқын көз жеткіздік. Есікті ашты да ар жақтағы апайды байқап қалған ақсақал:

– Кемпір, дайындал. Сұхбат бересің. Тілшілер келді, – деп кесіп айтты.

Бір-бірін сыйлап, тыңдап, түсінісе кететін екеудің табиғатын осы кезде байқадық. Бір-бірін қолтықтаған күйі диванға жайғасып жатып:

– Біздің ауылда «индийский махаббат» деп айтады, – деп күлді Алмаш апай.

Ескірмеген махаббат пен ес кірмеген ма­хаббаттың айтылуы бір болғанымен, мағынасы әр қилы. Бұл кісілердікі әрине, суымаған сезім, өшпес махаббат алауы. Әйтпегенде, «халық айтса, қалып айтпайдыны» қайда қоясыз?! Ел де үндінің махаббатына тегіннен тегін баламаса керек.

– Әкем қаталдау кісі еді. Қазақта «Әке көрген оқ жонар» деген бар. Біз ол кісіге қарап бой түзедік. Ес жиып, етек-жеңді жиған сәтте де әкемдей болғым келді. Лайықты мұрагер болғаным шығар, ел сыйлайды. Ақыл-кеңес сұрайды. Елдік мәселеде, ұлттық мүдде тұрғы­сында үнсіз қалмаймын. Ауылдың аяқсу, жол мәселелерінде де үн қосамыз. Барлығымыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жүріп, әрекет еткеннің арқасында 30 шақты көше қалыпқа келіп, жөнделді. Биыл да осындай іргелі істер жалғасын таба түседі. Жасалып жатқан жұмыстар өз деңгейінде болмаса, ескерту айтып, жөнді атқарылуын қадағалаймыз. Мұның барлығы елдің мүддесі үшін. Әрине, алдымен отбасыңда лайықты отағасы болуың керек, содан кейін соған қарап, елге басшы бола аласың, – дейді ақсақал.

Бүгінде өмірге әкеліп, жеткізіп аяқтандырған үш ұл, үш қыздан оннан астам немере сүйіп, бір шөберенің қолынан су ішіп отырған асқар тау ата мен мейірбан әженің шаңырақ құрғандарына биыл – 54 жыл. Осы жылдар ішінде бір-бірін айтпай түсініп, сыйлап, құрмет төріне көтере білді.

– Өмірлік тәжірибемнен айтайын. Ата-енемен бірге тұрған дұрыс. Үлкендер бізді тәрбиеледі, жолға салды. Олармен бірге тұрып, бір-бірімізге қатты сөйлеген де емеспіз. Сыйласа білдік, тыңдай білдік. Екеуміз де қызметте болдық. Соған қарамастан отбасындағы тірлігіміз ақсаған жоқ. Ер азаматтың жұмысы түзде, оған қай кезде де қолдау білдіру керек. Өмірде барлық нәрсе тәрбиемен тығыз байланысты. Сол тәрбиенің жемісі осы болар. Ел сыйлайтын, жастар үлгі алатын отбасы болдық, – дейді Алмаш апай азаматына арқа сүйеп.

 Өмір – үлкен мектеп. Сол мектептің үздік шәкірттеріне айналған қос кемеңгер бүгінде көрген-білгені мен көңілге түйгенін кейінгі ұрпақтың санасына сіңіріп келеді. Ауыл тыңдайтын ақсақал осылай елдің бейресми басшысы екенін көрсетіп жүр. Осыдан бірер жыл бұрын ауылдық ардагерлер кеңесіндегі төрағалығын денсаулығына байланысты тоқтат­қанмен белсенділігін азайтқан жоқ. Міне, елім дейтін ұрпақты тәрбиелейтін тұлғалар осындай болар…

Қазақта «Қарты бар ел – қазыналы» деген керемет сөз бар. Осы жерде бір керемет мысалдың орайы кеп тұрған сыңайлы. Ертеде бір патша халқын жинап алып, 60-тан асқан адамдардың дене еңбегін пайдалана алмайтынын, олардың тек масыл екенін айтып, барлығын жинап алып өлтіруді бұйырыпты. Кім әке-шешесін өз қолымен ажалға қисын?! Амалсыз патшаның әмірін орындау үшін кірісіп кетіпті. Осылай өмір жалғаса береді. Күндердің күнінде патша серуен құрып табиғат аясына шыққанда өзен жағасында тұрып, су түбіндегі гауһартасты көреді. Патша асыл тастың кереметіне қызығып, жігіттерге «кімде-кім су түбіндегі гауһартасты алып берсе, оның кез келген тілегін орындайтынын жеткізеді. Бірақ жігіттер қанша талпынса да әлгі асыл тасты ала алмайды.

Халықтың арасында әкесін көзден таса тығып, асырап жүрген бір жігіт бар екен. Сол үйіне келіп, жағдайды баяндайды. Сонда өмір көрген қария «Балам, өзен жағасында өсіп тұрған ағаш бар. Әлгі гауһартас сол талдағы құстың ұясында тұр» деген екен. Баласы ертеңіне барып, асыл тасты патшаға алып береді. Ал патша өзінің уәдесінде тұратынын айтып, қандай тілегі бар екенін сұрайды. Жігіт ойланып тұрып:

– Бұл – менің емес, әкемнің тапқырлығы еді… Менің сізден тілер тілегім, қариялардың дене еңбегін емес, ой еңбегін пайдалансақ. Олардың ақылымен біз әлі талай тығырықтан шығамыз. Олар өмір көрген, сол өмірден мол тәжірибе жинаған. Менің жалғыз ғана тілегім осы, – дейді.

Патша өз уәдесінде тұрып, райынан қайтып, бұйрығының күшін жойған деседі.

Қызылжармадағы тындырымды тірлікті көріп тұрып, біз қарттардың қазынасы туралы осы мысал әңгімені еске түсірдік. Өйткені үлкенін ардақтап, олардың ақылын тыңдап, пікірімен санаса отырып, ауылды гүлдендіріп отырған азаматтардың әрекетінің нәтижесін көзбен көрдік. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Молдашбек Ордабаев та – осы сөзіміздің айқын дәлелі.

– Біздің ауыл – қартын қадірлеген, алыбын ардақтаған, қазақы қалыбынан адаспаған ауыл. Ардагерлер кеңесінің 15 мүшесі бар. Барлығы белсенді. Өткен жылы осы елге еңбегі сіңген 32 кемеңгердің атына көше берілді. Бұл жетістік­тің әрбіріне әкімдік пен қоғамдық кеңес, ардагер­лер кеңесі бірлесе жүріп, атсалысып жатыр­мыз. Одан бөлек, ауылдың тазалығы, аяқсу мәселе­сі – бәрі назарымызда. Бұрынғы ескі арықтың ізін жандандырып, қайтадан жолға қойдық. Аяқсу келсе айнала гүлденеді, есіктің алды көгере­ді, көшедегі ағаштар да жайқала өседі. Ал былтыр осы елдегі азаматтардың бірлігінің арқасында, әкімнің іскерлігінің нәтижесінде 35 көшеге қиыршық тас төселсе, 23 көше асфальттанды. Мұнан бөлек, 27 көше жарықтандырылып, 1,5 шақырымға тротуар салынды. Ал биыл 5 көшеге ақша бөлінді, 3-еуі асфальттанды. Қалғанына жұмыс жүруде. Елде осындай жұмыс қолға алынып жатқанда ауыл әкімдігі бізге айтып, барлығымыз бірлесіп, жұмыстың жай-жапсарымен танысамыз. Жол салынса, қалыңдығы мен ені қанша болу керек, ол талапқа сай болып жатыр ма дегенді зерттеп, бақылау жасаймыз. Мәселен, өткен жылы Абай көшесін асфальттап еді, биыл олқылықтарын ескерткен соң қайта келіп, жөндеп жатыр. Біз бұл өздеріне шығын екенін айтып, жанашырлық танытып, жауапкершілікпен іс­теңдер деп ақыл айтамыз. Өмірде пайда табудан да бөлек, адамдық пен адалдық деген үлкен ұғым бар. Ол екеуі құстың қос қанаты секілді егіз. Әрбір адамның бойында болса екен дейміз. Қазір ауыл халқының жағдайы көңіл қуантады, – дейді Молдашбек Молдағалиұлы.

«Алыстан алты жасар бала келсе, алпыс­тағы кісі орнынан тұрып сәлем береді» дегендей, ақсақалдардың құрметі мен қошеметін, елге келген әрбір мейманға деген ықыласын да көрдік. Қазақылығынан ажырамаған ауылдың қазыналы қарттарынан өмірлік тәжірибе мен тәлім алып қайттық десек те жарасар…

Әлемді әнімен әлдилеген әжелер

Қызылжарма десе, көп адамның ойына осындағы «Қуаныш» әжелер ансамблі түседі. Қала, облыс тұрмақ, сонау республикада ай­мақ­тың абыройын асқақтатып жүрген осы ұжым алақандай ауылдағы мәдениет үйінде орналасқан. Мәдениет үйі демекші, бұл салада облыстың маңдайалды ансамблінен бөлек, «Қожабековтер» халықтық-отбасылық үлгілі ансамблі, «Ошаған» әзіл-сықақ отауы тұрақты жұмыс істеп, халыққа өнерін арнап жүр. Мәдениет үйінде 13 үйірме тұрақты жұмыс істейді. Мекеме жанынан құрылған еріктілер тобы елдегі көмекке мұқтаж жандардың қолтығынан демеуді де ұмытпайды. Міне, осындай берекелі елдің әрбір күні де мерекелі болуда.

– Жақында «Қуаныш» әжелер ансамблі «Біз­ге – 10 жыл» деген атпен Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде үлкен концерт өткізді. Бұған дейін де ауыл-аймақты аралап жүрдік қой, осы концерттен кейін Тасбөгет халқы да ұсыныс айтып, өздеріне шақырып жатыр. Енді ауыл-ауылды аралап, өнер көрсетуді де жоспарлап қойдық. Біздің ауыл өнерді ерекше бағалайды. «Ошағанның», «Қожабековтер» ансамблінің және «Қуаныш» әжелер ансамблінің қай-қайсысын жарнамасын ілген бойда халық келе бастайды. Ұлт барда ұлттың өнері жасай береді. Біз қазір қайсыбір өнер ұжымына болса да, қолдау көрсетеміз. Ауыл әкімдігі мен мәдениет үйі олардың қажеттіліктерін толық өтеуге тырысудамыз. Өйткені өнерді қолдау қазақылығы сақталған мекенде толастамақ емес, – дейді Қызылжарма ауылдық мәдениет үйінің директоры Рүстембек Айтжанбекұлы мақтанышпен.

Біз «Қуаныш» әжелер ансамблі туралы бұған дейін де сан мәрте жаздық. Әрбір жазған сайын тың дерекке, жаңа жетістікке куә боламыз. Ансамбль жетекшісі Қуаныш Ахметқызы бізге бұл жолы да жақсы жаңалығын айтты, шаттығының еселеніп, мерейінің үстем екенін білдірген оның жүзі бал-бұл жайнап тұр.

– «Бізге – 10 жыл» деген атпен кеше ғана халықтың алдында есеп беру концертімізді өткіздік. Былай қарасаңыз, көп уақыт емес тәрізді, ал сол жылдарды біз жеткен жетістікпен есептесек, атан түйеге жүк болардай жетістігіміз бар. Алдағы уақытқа елді аралап, концерт беру жоспарда тұр. Әжелер қызу дайындық үстінде.

Он жылдан бері сахна төрінде өнер көрсетіп келеміз. Ән шырқап қана қоймай, қазақтың ұмыт болған салт-дәстүрін қайта жаңғыртудамыз. Бойында таланты бар әжелерімізді халық алдына шығарып, ұлттық өнерді дәріптеуді мақсат еттік. Ансамбльді құрарда артыма із қалдырғым келді. Көненің көзі, асылдың сынығы әжелерден топ құруды қолға алдым. Ауыл әкімінің орынбасары Сәрсен Смайлованың ықпалымен ансамбль құрдым. Талайы аяқ тартып, атымыздан ат үркитін дәрежеге жеттік, – дейді ансамбльдің жетекшісі.

Халықтың өзі мойындап, елдің өзі сыйлаған абыройдан артық не бар? Сонау 2014 жылы алғашқы қадамын бастаған ансамблдің атын қоярда әжелер көп ойланбастан «Қуаныш» деп қойыпты. Өйткені ел арасында өнерімен танылып, қазақ ән өнерінің көгінде қанат қағып жүрген Қуаныш апайдың бұл ансамблге сіңірер еңбегінің ерен екенін сол кезден-ақ топшыласа керек-ті.  Бүгінде ансамбль құрамындағы 14 мү­шесі қоғамның әр саласында қызметте, тағы бірі зейнетте. Бірақ өнер десе, өмірлік қуатын жиып, білек сыбана іске кіріседі. Өнер жымының әрбір мүшесінің өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, Бидаш Ермағамбетова – домбыраның құлағында ойнаған жан. Биыл 70 жастың желкенін керген ақ жаулықты әже. Ал Бибіхадиша Рахымжанова – қазақтың бұлбұл әншісі Мәдина Ералиеваның дауысын айнытпай салып, ел ішінде «Тірілген дауыс» атанған жан. Ұлбике Еділованың өнерден бөлек, иман жолында қажылығы да бар. Оның сіңлісі Гүлзада Еділова – жезтаңдай әнші. Раушан Тәшенова анадан бойына дарыған сынықшылығымен де танымал. Сіңілісі Гүлжан Тәшенова – тауып айтқан тапқырлығымен ойынан өлең құрап, республикалық жазба ақындар мүшайрасында сан мәрте жеңімпаз атанған талантты жан. Күміскүл Сәтбаева – музыкант, балабақшада әннен сабақ береді. Ал Гүлжан Иманғалиева – он саусағынан өнер тамған тігінші, жанды дауыста ән айтудың шебері. Сәнтай Нұрмаханова мен Сәуле Тайбекова – батагөй, бір басынан асып тұрған ісмерлігі де бар. Кәмилә Жолаева – көмейіне бұлбұл ұялаған, ерекше дауыс иесі. Света Бикешова мен Ақманат Бекетова – музыкалық аспаптың сүйемелдеуінсіз ән шырқайтын дарын иелері. Міне, осындай бойына өнер қонып, дарынымен көзге түскен талантты жандар ансамбль құрамында халыққа қызмет етіп келеді.

Біздің ансамбльдің орындауындағы «Қызыл­жарма – ауылым» әні біздің әнұранымызға айналған. Әжелеріміз өнегелі ене, ардақты әже атанып, бір-бір шаңырақтың ұйытқысы, ақыл айтар ақ жаулықты анасы атанып отыр. Жастары жетпіске таяса да, белсенділігіне тәнтіміз. Ұлттық өнерімізді өрбітіп, төрімізге шығарып келеді. Әрқайсысымен мақтанамын, – деді ансамбль жетекшісі.

Халқы қолдап, елі өнеріне тәнті болған осындай ұжымы бар Қызылжарма қай кезде де бірлік пен татулықтың, бақыт пен берекенің мекені екенін тағы бір дәлелдеп тұрғандай.

Кеңесіп пішкен тон келте болмайды

– Менің ең басты кеңесшілерім – ауыл ақсақалдары» деп бастады сөзін ауыл әкімі Шәріп Әбдірахманов. Ауылда қандай да бір жоба, қандай да бір құрылыс, қандай да бір жұмыс бастарда алдымен ауылдағы қоғамдық кеңес ардагерлермен бірге талқыдан өткізіп, ұсыныстар айтылып, әбден пісіргенде барып, іске асырамыз. Өйткені ауыл ақсақалдары – елдің бұрынғысы мен бүгінгісін көрген көне­көздер. Осылай барлық мәселені бірлікпен шешкенде ғана тірлік өнеді.

Бүгінде ауылда атқарылып жатқан ауқымды тірліктер жетерлік. Шәріп Әкбарұлы ұлттық құндылығы мен салт-дәстүрді берік ұстанған елдің төрінде жұмыссыздық деңгейі де төмен екенін жеткізді. Қолынан іс келгендер кәсіп ашып, екі қолға бір күрек тауып жүр. Елде 500-ге жуық кәсіпкер бар.   

– Елді мекенде құрылыс жұмысы да қыза түскен. Олардың ішінде ең бастысы, Қызылжарма ауылдық округінде «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында жоба құны 5 млрд теңгеге жуық қаржыға 600 орындық мектеп құрылысын салу жұмыстары жүргізілуде. Аталған білім ошағы биыл 1 қыркүйекке дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда, – дейді ауыл әкімі.

Тілші түйіні

Ауылдан шығып барамыз. Бастысы, ақсақалдың бір ауыз сөзіне тоқтап, ұлт болып ұйысқан елді көрдік. Үлкенінен үлгі алып, қартын қадірлеген елдің қай кезде де мерейі үстем екеніне тағы бір көз жеткіздік…

Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: