Қатерлі ісік – бүгінгі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Дүниежүзі бойынша бұл дерттен көз жұматындар саны азаймай отыр. Жыл сайын әлем бойынша миллионнан астам адамда қатерлі ісік табылады екен. Сондықтан да әлем халқы, медициналық қауымдастықтар қатерлі ісікке қарсы күрес жұмыстарына келгенде үнемі тәжірибе алмасып отырады.
Қатерлі ісік ауруымен ауыратын елдердің рейтингін болжамды түрде халқы ең көп елдер Қытай, АҚШ және Үндістан басқарып тұр. Олардан кейін Жапония мен Ресей тұрақтаған. Рейтингте Қазақстаннан төменірек Өзбекстан, Әзербайжан, Молдова, Армения, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстан орналасқан.
Our World in Data мәліметтеріне сәйкес, онкологиялық аурулардың түрлері бойынша әлемде ең көп өлім-жітім өкпе, трахея және бронх ісігіне байланысты. Бұл ісіктерден болатын өлім көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 25,6-ны құрайды. Екінші орында тоқ ішек және тік ішек обыры (13,2), үшінші орында асқазан обыры (12,1).
Онкологиялық ауруға шалдыққандар саны бойынша еліміз 185 елдің ішінде 61-орынға шыққан. Бұл елімізде қатерлі ісікке шалдыққандар саны артқанын көрсетеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы бір жыл ішінде елімізде онкологиялық дертке шалдыққандар саны 6 пайызға дейін өскен. Жалпы республикада жыл сайын мұндай дерттің 40 мың жаңа жағдайы тіркеліп, жыл сайын 12 мыңнан астам қазақстандық қатерлі ісіктен көз жұмады. 2024 жылдың соңында 230 мыңнан астам онкологиялық науқас динамикалық бақылауда болған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 5,9%-ға көп. Сонымен қатар соңғы жылдары елімізде он-кология саласы тұрақты түрде дамып келе жатқанын атап өткен жөн.
Деректерге сүйенсек, қазіргі кезде қатерлі ісік дерті Қазақстанда медициналық қана емес, әлеуметтік-экономикалық мәселеге айналып отыр.
Бүгінде ғылым-білім, медицинаның бір орында тұралап қалмай, жылдан-жылға дамып келе жатқанынан хабардар болып отырмыз. Қазақстан қатерлі ісікке қарсы дәрі шығаруда алғашқы қадам жасауда. Мәселен, биыл елімізде қатерлі ісікке қарсы алғашқы дәрі жыл соңына дейін тіркеледі. Жақында үкімет үйінде айтылған бұл жаңалық науқастарға үміт отын сыйлағандай болды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елімізде онкологиялық ауруларға қарсы DVC препараты жыл соңына дейін тіркеуге ұсынылатынын айтты. Ғылым және жоғары білім министрінің сөзіне сүйенсек, қазір препарат Астана мен өңірлерде қосымша клиникалық сынақтардан өтуде.
– Препаратты Назарбаев университеті базасындағы Ұлттық зертхана әзірлеп жатыр. Былтыр бұл препарат адамдарға жүргізілген клиникалық сынақтардың бірқатар кезеңінен өткен. Қазір зерттеу жаңа клиникалық база аясында жалғасып жатыр. Біз клиникалық базаны ауыстырдық. Енді сынақтарды Астанадағы онкологиялық орталық базасында аяқтап жатырмыз. Сонымен қатар Қарағандыдағы бірнеше өңірлік онкологиялық орталықтар да қосылды. Тіркеудің кешігуі қосымша талаптарға байланысты. Ұлттық заңнама талаптарын орындадық. Бірақ енді тіркеу үшін халықаралық регламенттерді де орындау қажет. Ол өте қатаң. Сондықтан қосымша клиникалық сынақтар жүргізуге тура келді, – деді Саясат Нұрбек.
Аталған министрлік осы бағытта денсаулық сақтау министрлігімен және дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығымен бірлесіп жұмыс жүргізуде. Еуразиялық экономикалық одақтың талаптары да ескеріліп отыр.
Министрдің айтуынша, биыл препарат Қазақстан аумағында тіркеледі деп жоспарлануда. Ал халықаралық тіркеу бөлек кезең ретінде қарастырылады екен.
– Биыл оны ұлттық деңгейде тіркеп, ресми дәрілік препарат ретінде айналымға енгізуді жоспарлап отырмыз. Тіркеу процесі аяқталған бойда клиникалар оны пайдалануға мүмкіндік алады, – деді министр.
Препаратты әзірлеуші NU профессоры Дос Сарбасов 2026 жылы клиникалық сынақтардың жаңа, шешуші кезеңіне көшетінін айтты. Бұл кезең ең агрессивті және қатерлі саналатын KRAS-мутациялы ісіктермен күресте препараттың тиімділігін дәлелдеуі керек. Бұған дейін дәріні пациенттер физикалық тұрғыдан әлсіреген кезде, яғни стандартты химиялық терапияның бірнеше кезеңінен кейін қолданып келген. Енді жаңа тәсіл арқылы препараттың ісіктер мен метастаздарға тікелей әсерін, сондай-ақ препаратты адам ағзасының қаншалықты көтере алатынын анықтауға болады.
Деректерге сүйенсек, ұлттық ғылыми онкология орталығында әлемдегі жалғыз технология – жасанды интеллект пайдаланылатын сәулелік терапия қолданылады екен. Жаңа әдістеме емдеу шараларын пациенттің ағзасындағы жеке өзгерістерге күнделікті бейімдеуге мүмкіндік береді, сәулемен емдеудің дәлдігін едәуір жақсартып, жанама әсер қаупін азайтады.
Әлемді алаңдатқан қатерлі дертті ерте кезеңде анықтау мақсатында елімізде де үлкен жұмыс атқарылуда. Қазақстан аумағындағы онкологиялық бағдарлама ҚР Үкіметі бекіткен «Қазақстан Республикасында онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар» шеңберінде жүргізіледі. Аталған жоспарға сәйкес, Қазақстан азаматтары тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша сүт бездері, жатыр мойны мен тоқішек қатерлі ісігіне тегін тексеруден өте алады. Бұл қауіпті дертті ерте анықтауда маңызды рөл атқаратыны белгілі.
А.БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!