Қосшыңырауға қарайтын қос ауылда әзірге спорт мектебі бой көтере қойған жоқ. Әйтсе де ауыл балаларының спортқа құштарлығы ерекше. Олар бойдағы қабілетін арттырып, қазақтың намысын қорғайтын деңгейге жеткісі келеді. Ауыл әкімі Сейдуали Әбдіқадыровтың айтуынша, қазір мұндағы спортқұмар жастар ауылдық мәдениет үйінің бір бөлмесінде жаттығуда. Өткен жылы ғана «көгілдір отынға» қосылып, көңілі демделген елдегі жағдайды ауыл әкімі журналистермен жүздесуде айтты.
– Өкінішке қарай, бізде спорттық кешендер жоқ. Жастардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында ауылдық мәдениет үйінің бір бөлмесін күреске дайындадық. Алдағы уақытта жабық спорт кешенін салу жоспарда бар, – дейді ауыл әкімі.
Бюджет қаржысын үнемдеп, бір тиынын да ең қажетті бағытқа бөлу елдің экономикасын нығайтпаса, әлсіретпейді. Қосшыңырауда қазір бұл бағыт қарқынды дамыған. Үнемделген қаражатты елге қажеттіге жұмсалуда.
– Үнемделген қаржы есебінен ауылдық округте 2 аялдама орнатылды. «Елдi мекендердi абаттандыру мен көгалдандыру» бағдарламасы аясында Абай, Досан ауылдарындағы балалар ойын алаңдары ағымдағы жөндеуден өтіп, ауыл көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл Досан елді мекенін талапқа сай электр қуатымен қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ осы ауылдағы №2, №12, №7 көшелерге тас жол төсеу, Абай ауылына жарық бағаналарын орнату жоспарда бар, – дейді Сейдуали Әлайдарұлы.
Ауылдық округте 363 кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Өткен жылы жаңадан 74 кәсіпкерлік нысан тіркелді. Ал мемлекеттік бағдарламаларға қатысқан кәсіпкерлердің бастамасымен 152 млн теңге тұратын 19 жоба қаржыландырылды. Оның 12-сі – қайтарымсыз грантты ұтып алғандар.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша 1659 гектар жерге күріш, 854 гектар жерге ескі жоңышқа және 110 гектар жерге жаңа жоңышқа, 92 гектар жерге бидай егілді. Ал мал саны 15 015 басқа жетті.
Тоғжан КАМАЛ,
Гүлжайна ӘБДІЛЛАЕВА,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы
халықаралық қазақ-түрік
университетінің студенттері
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!