Көктемнің алғашқы мерекесі – 8 наурыз қарсаңында ең жауапты салалардың бірінде еңбек етіп жүрген нәзік жан туралы жазғанды жөн көрдік. Өрт сөндіру бөлімі десе, лаулаған от пен ауыр техника, ержүрек ер азаматтар көз алдымызға келеді. Алайда сол батырларды оқиға орнына бағыттап, әр секундты санап, шешім қабылдайтын – диспетчерлер, яғни радиотелефонистер. Төтенше жағдайлар саласында «көрінбейтін майданда» тер төгіп жүрген арудың бірі – аудандық №3 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-радиотелефонисті Әсел Жадырасынова. Күнделікті жұмыс барысында жүздеген тағдырдың жауапкершілігін арқалап, әрбір қоңыраудың артында тұрған адам өмірі үшін алаңдайтын Әселмен кәсіби мереке қарсаңында сұхбаттасудың сәті түсті.
– Төтенше жағдай саласын, оның ішінде диспетчерлік қызметті таңдауыңызға не себеп болды?
– Бұл мамандық, ең алдымен, қатал тәртібімен және форма кигендегі айбынымен ұнайды. Бала кезден айналамдағы адамдарға көмектесуді, қиын сәтте көмек қолын созуды армандайтынмын. Бұл сала – нағыз жауапкершілік пен батылдықты талап ететіндіктен, жүрек қалауыммен осы жолды таңдадым. Адам өміріне араша түсу мен үшін үлкен мәртебе.
– Диспетчер болу үшін тек жылдамдық емес, психологиялық төзімділік те керек. Осы салаға келгенде ойға түйгеніңіз…
– Ең бастысы, кез келген жағдайда сабыр сақтай білу. Диспетчер үшін жылдамдықпен қатар, психологиялық төзімділік өте маңызды. Тұтқаның арғы жағындағы абдырап, не істерін білмей сасқалақтап тұрған адамға сабырлы дауыспен оны тыныштандырып, нақты ақпарат ала білуің керек. Байсалдылық пен суыққанды болу – біздің жұмыстың басты қағидасы.
– Күніне шамамен қанша қоңырау қабылдайсыз? Жұмысыңыздың ішкі тынысы туралы толығырақ айтып өтсеңіз…
– Орта есеппен бір кезекшілік ішінде 3-тен 8-ге дейін негізгі қоңырау қабылдаймыз. Әрине, мереке күндері немесе төтенше жағдайлар жиілеген кезде бұл көрсеткіш едәуір артады. Әрбір қоңырауды мұқият тіркеп, оқиғаның мән-жайын анықтап, тиісті қызметтерді жедел бағыттаймыз. Біз оқиға мен көмек арасындағы ең бірінші әрі маңызды байланыс буынымыз.
– Өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға нұсқау беріп, оларды оқиға орнына аттандырғанда қандай сезімде боласыз?
– Жауапкершілікті сезінемін. Себебі мен берген ақпараттың дәлдігі мен нақтылығы адамдардың өмірін сақтап қалуға тікелей әсер етуі мүмкін. Сондықтан әрбір секундты бағалап, жігіттердің тапсырманы сәтті орындап, аман-есен қайтуын іштей тілеп отырамын.
– Қоғамда құтқару саласын «нәзік жандарға тән емес» деп жатады. Сіздіңше, бұл мамандықта әйелдердің рөлі қандай?
– Бұл – қате түсінік. Қазіргі таңда бұл салада ерлер де, әйелдер де тең дәрежеде табысты еңбек ете алады. Ең бастысы, кәсібилік пен төзімділік. Әйел адамның табиғатына тән шыдамдылық, бір мезетте бірнеше істі үйлестіре алу қабілеті диспетчерлік қызметте өте маңызды рөл атқарады.
– Осы салада қызмет етуді армандайтын жас қыздарға кәсіби маман ретінде қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең алдымен, өзіне сенімді болу және қиындықтан қорықпау керек. Бұл жұмыс батылдықты, жауапкершілікті талап етеді. Қиын жағдайда сабыр сақтап үйрену, білімді үнемі жетілдіру өте маңызды. Мамандықты жүрек қалауымен таңдау керек.
– Мерекеге орай әріптестеріңізге және барша нәзік жандарға айтар тілегіңіз…
– Барша әріптестерімді және барлық нәзік жандарды 8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға асыл армандарыңыздың орындалуын, жан жадыратар қуаныштың мол болуын тілеймін. Әр шаңырақтың бақыты мен берекесі сарқылмасын, денсаулықтарыңыз ешқашан мұқалмасын. Көктемнің шуақты мерекесі әрбір жанға тек жақсылық әкелсін!
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен София ТЕМІРБОЛАТ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!