Бұл не нәрсе өзі?
Бүгінде әлеуметтік желі жастардың өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Әсіресе, TikTok сияқты платформаларда қысқа әрі әсерлі видеолар мен мемдер кеңінен таралып, әлемнің түкпір–түкпіріндегі жас ұрпақты өзіне тартуда. Мемдер – бұл көңіл көтеру құралы ғана емес, сонымен бірге жастардың өзін–өзі танытуы, ой–пікірін білдіру, әлеуметтік құбылыстарды әзілмен жеткізу.
Соңғы уақытта TikTok желісінен жануарлар кейпіндегі мемдерді көрген шығарсыз. Бұл мемдер ЖИ көмегімен жасалып, қарапайым жануарлар бейнесін күлкілі әрі абсурдтық формада көрсетеді. Мұндай бейнелер жастардың назарын бірден аударады. Бұл күлкілі мемдер тек көңіл көтеру ғана емес, жастар мұны жаңа заман мәдениетінің бір бөлшегі ретінде қабылдауда.
Бұл трендтің жастар, әсіресе «альфа» ұрпағына әсері маңызды. Өйткені олар технологиямен бірге өсіп, интернет мәдениетін күнделікті өмірінің негізі ретінде қабылдайды. Осыған байланысты, мемдердің мазмұны мен олардың психологиялық және танымдық әсерін түсіну маңызды.
«Tralalelo Tralala», «Bombardino Crocodilo», «Lirili Larila» сынды оғаш атаулар мен бейнелер жастардың миына күні-түні сіңіп жатыр. Аталған мем кейіпкерлері – жасанды интеллект арқылы жасалған, адам мен жануардың белгілерін біріктірген бейнелер. Олар оғаш қимылдар жасайды, мағынасы жоқ дыбыстар шығарады, тіпті диалогтары логикаға сай келмейді. Бірақ дәл осы мағынасыз дүние жастар мен балалар үшін тартымды болып отыр. Себебі олардың миы үнемі жаңа, ерекше, бұрын болмаған ақпаратты іздейді – ал бұл мемдер сол қажеттілікті толтыруда. Түрі жануар, сөйлеуі түсініксіз. Бұл мемдердің басты мақсаты – логиканы бұзу, күлкі арқылы ойсыздыққа жетелеу.
«Тралалейло Тралала» – бұл мемде жасанды интеллектпен жасалған үш аяқты акула бейнеленген, ол аяғына Nike брендінің аяқ киімін киіп, «tralalelo tralala porco dio e porco Allah» деп қайталайды. Тілі түсініксіз, бірақ жеңіл, жаттанды әрі күлкілі. Мағынасы ше? Google аудармашының көмегіне сүйеніп аударып көрдік. Нәтижесінде, «tralalero tralala сөзін шошқа құдай» деп аударып берді. Әрине, бұл толыққанды дұрыс аударма болмауы да мүмкін. Дегенмен дінді қорлап, мазақ ететін бұл мәтіннің аудармасы қорқынышты.
«Бомбардиро Крокадило» – бұл крокадилдің басы мен әскери бомбалаушы ұшақтың денесін біріктірген гибридті кейіпкер. Оның мәтіні: «Bombardino Crocodilo un fottuto alligatore volante che vola e bombarda i bambini a Gaza e in Palestina. Non crede in Allah e AMA le bombe». Бұл мәтінді Google аудармашы «Бомбардино Крокодило – Газа мен Палестинада балалардың үстінен ұшатын және бомбалайтын аллигатор. Ол Аллаға сенбейді және бомбаларды жақсы көреді» деп аударады.
Тізбектей берсек, бұлардың саны өте көп, есепсіз. Біріктіретін бір белгісі, бұл бейнелердің бәрі әлеуметтік желіге «#brainrot» хэштегімен таралып жатыр. Ол – «мидың шіруі» деген мағына береді. Қазіргі таңда TikTok желісінде осы хэштегпен 1,5 миллионға жуық бейне жүктелген.
«Brainrot» – жай ғана интернет термині емес. 2024 жылы Оксфорд сөздігі оны «жыл сөзі» деп жариялаған. Сол жылы АҚШ-тағы Сан-Диего университетінің психологтары жүргізген зерттеуінде 8-12 жас аралығындағы балалардың контентке тәуелділігі артып келе жатқаны көрсетілген. Олардың айтуынша, жасанды интеллектпен жасалған бейнелер адамның миын ұзақ мерзімді көңіл көтеруге емес, «шок» пен «реакцияға» үйретеді. Бұл баланың зейінін тұрақсыз етеді.
Бұл жерде туатын сұрақ: ЖИ жасап берген контенттің шекарасы бар ма? Біз күлкі үшін қарап жүрген бейнелер баланың логикалық қабілетін, тілдік мәдениетін, өмірді тану дағдысын бұзып жатқан жоқ па?
– Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде кеңінен таралып жатқан жануарлар кейпімен біріктірілген мақсатсыз видеолар, баламалы мағынада жасалғандығы туралы естіп жатырмыз және де зерттей келе көзіміз жетуде. Әрине, мұндай мақсаттағы видеолар ересек адамдардың көңілін аудармасы анық, бірақ әлі ой өрісі толық дамымаған балаларға кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Қазіргі жасөспірімдер мен бүлдіршіндеріміздің ой-санасын улау және қате түсініктерді «дұрыс» деп ойлату өте оңай болып кетті. Осы себепті енді өсіп келе жатқан баланың дамуы мен сөйлеу тілі бұзылып, кешеуілдеу көп. Бұл жерде балалардың дұрыс дамуына және алдағы өмірінде зияны тимеуіне қоғамның және ата-аналардың атқаратын қызметі зор. Ол үшін балаларымыздың не нәрсемен айналысатындығынан бөлек, қандай бағыттағы видеоматериалдар, мультфильмдер көретіндігіне аса мән беріп назар аударуға шақырамын. Бала болашағы – басты назарда болуы қажет, – дейді «Sirius» инклюзивті мектепке дейінгі ұйым меңгерушісі, педагог-психолог Досмұхаммед Сұлтанбекұлы.
Ата-ана мен қоғам енжар қалмауы керек. Баланың не көріп жүргеніне мән беру – бұл бақылау емес, жауапкершілік. Балаларға мемдерге балама боларлық сапалы мультфильмдер, ұлттық кейіпкерлер, шынайы мазмұн ұсыну – уақыт талабы. Әлеуметтік желілерден алыстату емес, саналы пайдалану мәдениетін қалыптастыру қажет.
Жануарлар кейпіндегі мемдер – бүгін күлкілі, бірақ ертеңгі ұрпақтың ойлау жүйесіне соққы болуы мүмкін. Бұл жай ғана тренд емес, баланың дамуына ықпал ететін қуатты құрал. Біз бұған бейжай қарамауымыз керек. Өйткені арзан күлкі болашағымызға қауіп.
Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!