Сейсенбі, 29 шiлде, 18:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№ 56, 2169
29.07.2025
PDF мұрағаты

Үстел теннисі: ептілік пен есепке негізделген спорт

29.07.2025

72 0

Соңғы уақытта Сыр өңірінде қарқын ала бастаған үстел теннисі жайлы айтылғанда, «осы спорт қалай дамып жатыр екен?» деген сауал пайда болатыны рас. Осы сұрақтың жетегінде біз Қызылорда қаласындағы жаңа теннис орталығына арнайы барып, тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Жалпы үстел теннисі – шапшаңдық пен зейінді, ептілік пен есепті қатар талап ететін интеллектуалды спорт түрі. Қозғалыстың үйлесімі мен дәлдік бұл ойында шешуші рөл атқарады. Бұл спорт түрінің Қазақстандағы федерациясы 1993 жылы құрылып, сол жылы ұлттық құрама командасы алғаш рет Швецияның Гетеборг қаласында өткен әлем чемпионатына қатысып, ел намысын қорғаған болатын. Бүгінгі таңда үстел теннисі елімізде тек жарыс алаңдарында ғана емес, мектептер мен арнайы спорт залдарына да қойыла бастады.

Президенттен бастап қарапайым халыққа дейін қызығады

Қазақстанда үстел теннисінің кең таралуы­на ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әсері бар екенін айта кеткен жөн. Мемлекет басшысы оқушы кезінде спорт шеберлігіне үміткер атанып, кейін 13 жылдан астам уақыт бойы Қазақстан үстел теннисі федерациясын басқарған болатын. Оның жетекшілігі кезінде елімізде бұл спорттың инфрақұрылымы дамып, жаңа орталықтар мен секциялар ашылып, халықаралық турнирлер өткізілді. 2017 жылы Астана қаласы ТМД елдері ішінде алғаш рет ең үздік 16 ойыншы қатысқан «ITTF World Tour Grand Finals» финалдық турнирін қабылдады. Бұл – елдегі үстел теннисі дамуының айқын көрсеткіші болған еді. Қазіргі таңда феде­рацияны Данияр Әбілғазин басқарады.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда бүгінде 160 мыңнан астам адам үстел теннисімен айналысады, оның ішінде 7 мыңға жуығы тұрақты түрде жаттығады. Бұл көрсеткіштің жыл сайын артуы спортқа деген қызығушылықтың дәлелі. Айта кетерлігі, әлемдік деңгейде де бұл ойын танымал.

Үстел теннисі – әлемдік аренада

Үстел теннисі шекарасыз спорт. Оны әлемнің 200-ден астам елінде кәсіби деңгейде ойнайды. Бұл ойынның тарихы XIX ғасырдың соңында Англияда басталып, алғашқыда элиталық демалыс түрі ретінде танылған. Кейін спорт ретінде қалыптасып, халықаралық деңгейде кең етек жайды. Азия – үстел теннисінің алпауыты. Әсіресе Қытай бұл спорт түрінде сөзсіз көшбасшы. 1950 жылдардан бастап Қытай үкіметі үстел теннисін ұлттық спорт ретінде қолдап, арнайы академиялар мен ғылыми орталықтар ашты. Соның нәтиже­сінде қытайлық ойыншылар соңғы бірнеше он­жылдықта Олимпиада мен әлем чемпионат­тарында үздік нәтиже көрсетіп келеді. Жапония мен Оңтүстік Корея да үстел теннисін ғылым мен техниканы үйлестіре отырып дамытқан елдер қатарында. Олар заманауи технологияны жаттығу процесіне енгізіп, ерекше стиль қалыптастырған. Еуропада бұл спорт түрі Германия, Швеция, Франция сияқты елдерде жақсы жолға қойылған. Швециялық Ян-Уве Вальднер – «үстел теннисінің Моцарты» атанған әлемдік аңыз екені белгілі. Халықаралық үстел теннисі федерациясы (ITTF) 1926 жылы құрыл­ған. Қазір бұл ұйым әлем чемпионаттары, Олимпиада ойындары және дүниежүзілік турлар ұйымдастырып, спорттың дамуына тікелей ықпал етуде.

Орталыққа барғанда…

Сырдарияның сол жағалауында бой көтер­ген сәулетті кешен – Қызылорда қаласындағы жаңа теннис орталығы. 2024 жылдың қазан айында бой көтерген бұл кешеннің жалпы ауданы 3651,9 шаршы метр аумақты қамтиды, мұнда 16 теннис үстелі, 350 адамдық трибуна, дене шынықтыру залы, душ пен киім ауыстыру бөлмелері толықтай халықаралық стандарттарға сай жабдықталған. Күн санап қанат жайып, өркендеп келе жатқан үстел теннисі бүгінде Сыр елінің жас жеткіншектеріне биік мақсаттарға жол ашып, шеберлікке бастар сара жолға айналған. Аталған орталық спорттың сәні ғана емес, ұлт денсаулығы мен тәрбие мектебінің тірегі. Қазіргі таңда мұнда 5 білікті жаттықтырушы 14 оқу тобына бөлінген 220-дан астам жасөспірімге тәлім беріп келеді. Шапшаңдық пен шеберлікке сүйенетін үстел теннисі әлемде кең тараған ойындардың бірі. Бір уақытта 32 спортшы еркін жаттыға алады. 5-14 жас аралығындағы балалар таңғы 09:00-ден кешкі 19:00-ге дейін тегін ойнайды. Ал ересектер үшін 19:00-23:00 аралығы белгіленген. Сағатына үстел жалдау құны – 2000 теңге.

– Ғимарат екі қабаттан тұрса да, мұнда жедел саты қарастырылған. Бұл ерекше мұқтаж жандарға жайлы әрі ыңғайлы орта қалыптастыруға негізделген. Сондай-ақ екінші қабатта кофейня аймағы қарастырылған. Биыл­дан қалдырмай іске қосамыз, – дейді теннис орталығы директорының орынбасары Жәнібек Оңталап.

Үстел теннисі: ептілік пен есепке негізделген спорт

Жетістік – еңбектің жемісі

– Бұл орталықтың табалдырығын аттаған әр бала ертеңгі ел үміті. 2024 жылы орталықтың жас спортшылары бірқатар республикалық жетістіктерге қол жеткізді. Мамыр айында өткен Қазақстан чемпионатында кіші жас­өспірімдер арасында Аделя Әлжанова жұптық сында II орын алды. Әлем Би Айдарбек 8-орын, Арсен Ержан 23-орынға ие болды. Әлем Би Айдарбек халықаралық сайысқа жолдама алды. Қазан айында Алматыда өткен «Алтын күз» ашық турнирінде Аделя Әлжанова чемпион атанды. Мәдениет және спорт министрлігінің №56 бұйрығына сәйкес, 18 спортшы I спорттық разряд талаптарын орындап шықты. Бұл – жаттықтырушылар еңбегінің және балалары­мыздың спортқа деген сүйіспеншілігі мен табандылығының нәтижесі. 2025 жылы бұл көрсеткіштер еселене түсті. Түркістан мен Шымкент қалаларында өткен 10 жас және одан кіші жасөспірімдер арасындағы жарыстарда Абдурахман Орынбек жеңімпаз атанды. Атырау облысы Құрманғазы ауданында өткен турнирде Бағдаулет Сүйіндікков, Досжан Тұрғанбаев, Самат Айдарбек алтын медаль, Алтаир Ғаниұлы мен Ернұр Тұрғанбаев күміс жүлдеге ие болды. Сонымен қатар «Ұлттық мектеп лигасы» аясындағы жарыста Бағдаулет Кенішбай мен Қайсар Асылбек топ жарып, республикалық деңгейде жеңімпаз атанды. Ташкентте өткен WTT Youth Contender халық­аралық турнирінде Аделя Әлжанова жеңімпаз атанып, әлемдік рейтингке енген. Спорт­шыларымыз көк туымызды көкте желбіретіп, ел мерейін үстем етіп келеді. Бұл жүйелі жаттығу мен табандылықтың жемісі, – дейді Жәнібек Мейрамбекұлы.

Теннистің пайдасы орасан

Үстел теннисі қарапайым ғана ойын болып көрінгенімен, адам денсаулығына тигізер пайда­сы мол. Бұл денені де, ойды да қатар жаттық­тыратын ерекше спорт түрі. Ең алдымен үстел теннисі дене қозғалысын жандандырып, бұлшық етті жетілдіреді. Әрбір соққы мен қоз­ғалыс ептілік пен жылдамдықты талап етеді. Ойын барысында аяқ пен қолдың үйлесімді жұмысы дамып, дене ширай түседі.

Сонымен қатар бұл спорт адамды зейінді болуға үйретеді. Жылдам ұшып келе жатқан шарды бақылап, оған лайықты жауап беру ми­дың жұмысын жақсартып, шапшаң реакция қалыптастырады. Әр ойыншы қарсыластың қимылын алдын ала сезіп, тактикалық ойлау арқылы әрекет етеді. Бұл – логикалық қабілетті дамытудың таптырмас жолы. Үстел теннисі жүйке жүйесіне де оң әсер етеді. Ойынға то­лықтай берілген адам күйзелістен арылып, ішкі тыныштық табады. Әсіресе күнделікті күйбең тірліктен шаршаған жан үшін бұл керемет сер­гіту. Тағы бір артықшылығы, бұл спорт жасқа да, жынысқа да қарамайды. Үйде, мектепте, жат­тығу залында, тіпті ашық алаңда да ойнауға болады. Балалар үшін дене дамуына, қарттар үшін жүрек-қан тамыр жүйесін жақсартуға ықпал етеді. Үстел теннисі тек қимыл емес, қарым-қатынас. Бұл спорт достықты бекемдеп, ортақ қызығушылық арқылы жаңа байланыстар орнатуға мүмкіндік береді. Қысқаша айтқанда, үстел теннисі денеге сергектік, санаға серпін, өмірге қуат беретін пайдалы әрі көңілді спорт түрі. Жай ғана хобби емес, салауатты өмір салтының бір бөлшегі деуге болады.

Дәрігер не дейді?

Теннистің адам ағзасына пайдасы жайлы кез келгеніміз болжап айта аламыз. Бірақ нақты пайданы медициналық тұрғыда айтқан әлдеқайда сенімді болары анық. Спорт дәрігері Қайрат Ерманов бұл туралы былай дейді:

– Үстел теннисі қауіпсіз, әрі тиімді спорт түрлерінің бірі. Бұл жаттығу арқылы адам қан қысымын тұрақтандырып, буын ауруларының алдын алады. Ерекше айта кететіні, бұл ойынға жаңа келгендер де тез бейімделіп кетеді. Ойын ба­рысында иық пен білек бұлшық еттері, сондай-ақ тірек-қимыл жүйесі белсенді жұмыс істейді. Қоз­ғалыс кезінде адам ағзасы эндорфин бөледі. Бұл – қуаныш гормоны. Яғни ойыннан соң, көңіл-күй көтеріледі, ұйқы қалыпқа келеді, буындар бо­сайды, дене өзін еркін сезіне бас­тайды, – дейді ол.

Кейде спорт залда тер төккен жаттығулардан гөрі үстел теннисі ойыны көбірек пайда береді. Бұл тек қана дене шынықтыру емес, есте сақтау, назарды шоғырландыру, қозға­лысты үйлестіру секілді жүйкеге тікелей әсер ететін жаттығу. Допты дәлдікпен шапшаң қай­тара алу қозғалыс реакциясын дамытып, адамды шалт қимылдауға үйретеді. Бұлшық ет пен көз арасындағы байланыс күшейіп, адам көзбен межелеуді, кеңістіктегі дәлдікті жетілдіреді. Көрнекі гимнастиканың өзін үстел теннисімен алмастыруға болады. Көру қабілетіне де пай­дасы зор. Үнемі қозғалыстағы допты көзбен бақылау арқылы көз бұлшық еттері демалады, жанар тынығады, ал жұмыстан кейін шаршаған көз қайта сергіп, көру өткірлігі артады.

Жетістік кездейсоқтықтың жемісі емес. Бү­гінгі орталықтарда жаттығып жүрген балалар ертеңгі ел мақтаны болары сөзсіз. Өйткені үстел теннисі тек денені шынықтырып қоймайды, ойды ұштайды, сабыр мен жылдамдықты қатар үйретеді. Ал мұндай қасиет өмірде де, спортта да алға жетелейді. Мемлекет қолдауы мен білікті жаттықтырушылардың еңбегі үйлесім тапса, бұл спорт түрі алдағы жылдары аймақтың брендіне айналары анық. Спорт – ұлттың қуаты десек, үстел теннисі сол қуаттың бір көзі.

Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: