Сәрсенбі, 16 қазан, 05:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№82-2092
15.10.2024
PDF мұрағаты

«Үздік аула-2024»: кім жеңімпаз болды?

15.10.2024

181 0

Қызылорда қаласында қала күнін мерекелеу аясында «Үздік аула» байқауын өткізу дәстүрге айналған үрдіс. Биыл бұл байқау жетінші мәрте өткізілуде.
Шаһарымызды жасыл-желекке айналдыру бағытындағы жұмыстарға жанашыр тұрғындары үлестерін қосып келеді. Сондай белсенділерді ынталандыру үшін «Үздік аула» байқауы жарияланып, шілде-тамыз айлары аралығында тұрғындардан «Үздік аула» байқауына өтінім қабылданған еді.

Байқау қалай өтті?

Байқау шарты бойынша жасыл желекті көпқабатты тұрғын үйдің ауласына ғана емес, жеке тұрғын үйдің сыртқы аумағын көгалдандырған қала тұрғындары қатысты. Байқау шарты қарапайым. Ол үшін инстаграм, фейсбук әлеуметтік желілері арқылы #Qzo, #Qyzylorda, #Үздікаула2024 хэштегтерін міндетті түрде пайдалана отырып, «Сүйікті қалам – Қызылорда» тақырыбында жылы лебізін жолдап, көгалдандырудағы тәжірибесімен бөлісіп, өз парақшасында сапалы суреттер мен видеоны жариялау қажет.
Қала күні аясында байқауға қатысуға өтінім берген 13 үміткердің ішінен комиссия мүшелері жеңімпаздарды анықтады. Бұған дейін жүлде қоры ретінде ауланы көгалдандыруға қажетті құрал-саймандар жиынтығы табысталса, 2022 жылдан бастап байқауды өткізуге арнайы қаржы қаралып, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде, яғни «Үздік аула» әлеуметтік жобасы аясында жүзеге асырылуда. Ал 2023 жылдан бастап байқауға өтінімдер жасыл желекті көпқабатты тұрғын үйдің ауласына ғана емес, жеке тұрғын үйдің сыртқы аумағын да көгалдандырған қала тұрғындарынан қабылданды.
Қала күні мерекесі аясында өткен «Алтын күз» ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде дәстүрлі «Үздік аула» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Аталған байқаудың жеңімпаздарына қала әкімінің орынбасары Пакуатдин Шамұратов қала әкімінің дипломын және қаржылай сыйақы табыстады.
Биыл жетінші мәрте өткізілген «Үздік аула» байқауына қатысуға 13 аула тұрғына өтінім білдіріпті. Байқау үздіктерінің ішінен көпқабатты тұрғын үйдің барлық ауласын көгалдандыруға ерекше көңіл бөлген «Сырдария» шағын ауданы, №4 а үй тұрғыны Марат Төлепбаевтың ауласы комиссия шешімімен басым дауысқа ие болып, жеңімпаз атанды. ІІ орынды 10 жылдан астам уақыт көше бетті көгалдандырумен айналысып келе жатқан Сайыпназар Ахун көшесі, №7 үй тұрғыны Бірлік Рахметов иемденсе, ал ІІІ орын – «Ақмешіт» шағын ауданы, №30 үй тұрғыны Болат Сарсаевқа бұйырды.
«Бірлігі жарасқан аула» номинациясымен «Титов» шағын ауданы, №28 үй тұрғыны Сауранкүл Ағыбаева, «Еңбекқор бағбан» номинациясымен «Астана-2» шағын ауданы, №50 А үй тұрғыны Серік Ерімбетов және «Әсем аула» номинациясымен «Ақмешіт» шағын ауданы, №7 үй тұрғыны Мөлдір Есмахан марапатталды. Шара барысында қала тазалығын қамтамасыз етуде тынбай еңбек етіп жүрген тазалық қызметкерлері де марапатталып, қала әкімінің «Алғыс хаты» мен қаржылай сыйақылары табысталды. Айта кету керек, жеңімпаз атанған тұрғын үй ауласына «Үздік аула – 2024» тақтайшасы орнатылды.

Тұрғын тілегі

Бұл тұрғын байқауға атсалысқан. Қаланың «Шанхай» бетіндегі Сайыпназар Ахун көшесі №7-ші үйдің тұрғыны Бірлік Рахметов 10 жыл көлемінде үйдің көше бетін көгалдандырумен айналысып келеді. Үйдің сыртқы аумағына әр түрлі жеміс ағаштары, одан бөлек, сән ағашы үйеңкі, ерен, сыр талы, қаратал ағашын отырғызған.
Жұмыстан кейінгі бос уақытын көгалдандыру ісіне арнаған қала тұрғыны сенбі күні тазалық акциясына да атсалысады.
– Көшемізді таза ұстап, көгалдандырып отырсақ, қаламыздың көркеюіне қосқан үлесім деп ойлаймын. Жылдан-жылға көркейіп жатқан қаламыз әрі қарай да көркейіп, гүлдене берсін, – деген Бірлік Жоштайұлы әр қала тұрғынын қаланың тазалығы мен көгалдануына үлесін қосуға шақырды.
Лайым, жасыл-желекке, гүлзарларға қызыға қарайтын, айналасын әсемдеуге құштар тұрғындар саны жыл сайын арта берсе екен…

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: