Облыс орталығындағы №1 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде атап айтар жетістік аз емес. Жыл санап спорт шеберлерін тәрбиелеп, халықаралық ареналарда көк байрағымызды желбіретіп жүрген білім ордасы бүгінде облыс спортының мақтанышына айналып отыр. Осы тұста біз де спорт мектебінің жұмысымен танысып қайттық.
Мұнда жас спортшылардың жаттығуына, кәсіби тұрғыда шыңдалуына толық мүмкіндік бар. 2025 жылдан бастап спорт мектебінде ауыр атлетика, әйелдер күресі, бокс, грек-рим күресі, дзюдо, еркін күрес, көркем гимнастика, стенд ату, таеквондо, каратэ-до, кикбоксинг, самбо, тай боксы, шахмат және қазақ күресі бойынша үйірме жұмыс істейді. Мектепке балалар 5 жастан бастап қабылданады. Олимпиадалық, олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрі бойынша жас ерекшелігі ескеріліп, жаттықтырушылар тарапынан кәсіби іріктеу жүргізіледі. Бүгінде спорт мектебінде 50 жаттықтырушы бар. Атап айтсақ, жоғары санаттағы – 18, бірінші санатта – 3, екінші санатта – 8 жаттықтырушы бар. Жаттықтырушылардың барлығы дерлік өз саласының кәсіби мамандары. Ал мектепте 1593 оқушы жаттығуда.
Мақсат – ұлттық құраманы толықтыру
– Біздің ортақ мақсатымыз Ұлтық құрама спортшыларын дайындау. Балаларды, жасөспірімдерді спортқа баулу. Шын мәнінде қабілетті жастар көп. Алайда көп жағдайда қабілетті жастарымыз назардан тыс қалып қойып жатады. Мектебімізде еліміздің көк байрағын желбіретіп,ел намысын қорғап жүрген спортшылар аз емес. Айдос Сұлтанғали – халықаралық деңгейдегі спортшылардың бірі, біздің мақтанышымыз, – дейді «№1 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі» КММ директоры Берік Қасымбеков.
Ұйқысыз дайындықтың нәтижесі
2025 жылдың қорытындысы бойынша мектеп спортшылары Әлем, Азия және Қазақстан чемпионаттарында 128 медаль жеңіп алған. Атап айтсақ, Әлем чемпионаттарынан – 2 алтын, 2 күміс, 2 қола. Ал Азия чемпионаттарына келетін болсақ, 7 алтын, 6 күміс, 8 қола. Сондай-ақ Қазақстан чемпионаттарынан спортшылар 35 алтын, 24 күміс, 42 қоланы қанжығасына байлаған.
Олимпиадалық спорт түрі бойынша: Ауыр атлетикадан Ерсейіт Бейбарыс пен Мырзахмет Ернұр жасөспірімдер арасында Әлем чемпионатында 2 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль иеленген. Ерсейіт Бейбарыс Азия ойындарында 2 күміс медаль иеленген. Дзюдодан Сұлтан Бейбарыс Азия чемпионатының қола жүлдегері атанса, таеквондодан Нұрперзент Саматұлы мен Тоқжан Қазынабек Азия чемпионатының жүлдегерлері болды. Ал стенд атудан Асылхан Айсалбаев Азия чемпионатының жеңімпазы атанды.
Нәзіктік пен тәртіпті талап еткен…
Көркем гимнастика – нәзіктік пен тәртіпті, сұлулық пен төзімділікті қатар талап ететін спорт түрі. Осы саланың қыр-сырын терең меңгеріп, талай жас спортшының қанатын қатайтып жүрген мамандардың бірі – №1 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің жаттықтырушысы Айсұлу Мадиева. Ол бұл салада 15 жылдан бері табанды еңбек етіп келеді. Айсұлу Мадиева көркем гимнастикамен 2011 жылдан бері айналысып келеді. Сол жылы үйірмеге хореограф әрі жаттықтырушы қажет болып, ұсыныс түскен. Содан бері ол өмірін осы көркем гимнастикаға, оқушыларына арнап келеді.
– Гимнастика – тек жаттығу емес, ол кілем үстіндегі қойылым, шағын спектакль. Сондықтан біз балаларға тек элемент үйретіп қана қоймай, өнерді сезінуге баулимыз. Бойына әсемдікті дарытамыз, – дейді ол.
Жас гимнастарды іріктеу барысында ең алдымен баланың дене бітімі, сымбаты, икемділігі, сергектігі және музыканы сезіну қабілеті ескеріледі. Сонымен қатар психологиялық тұрақтылыққа да баса назар аударылады. Себебі жарыс – үлкен жауапкершілік пен ұзақ дайындықты талап етеді. Айсұлу Мадиеваның айтуынша, жетістіктің 90 пайызы тәртіпке байланысты. Уақытылы тамақтану, жеткілікті ұйқы, жаттықтырушының нұсқауын толық орындау – мұның барлығы тәртіп. Тәртіп бар жерде нәтиже де, жетістіктік те болады. Қазіргі таңда жас спортшылар арасында кездесетін мәселелерге де тоқтала кеттік.
– Бүгінгі таңда жаттығу барысында кездесетін негізгі мәселелердің бірі – балалардың гаджеттерге әуестігі. Телефонға тәуелді балалар тез шаршайды. Қазіргі жас спортшылардың ақпаратқа бейімділігі жоғары болғанымен, физикалық тұрғыда әлсіз. Негізінде олар әлемдік гимнастардың қозғалыстарын тез меңгереді, тез қағып алады. Алайда төзімді болу үшін әлі де жүйелі жұмыс қажет. Сондай-ақ кейде ата-ананың үміті мен баланың нақты физикалық мүмкіндігі сәйкес келмей жатады. Ата-ана балаға жоғары талап қояды. Тіпті үйрімеге қатысар алдында жоғары нәтижеге жетуің керек деп балаға кесіп айтатын ата-аналар да жетерлік. Мұндайда бала іштей күйзеліске түсуі мүмкін. Сондықтан баланы үйірмеге не болмаса қосымшаға қатыстырар алдында өзіңіздің арманыңыздағы талапты қоймағаныныз абзал, – дейді ол.
Жарыс алдында спортшылармен психологиялық дайындық жүргізіледі. Өзіне деген сенімділікті қалыптастыру, тыныс алу жаттығулары, медитация барлығы бала үшін үйретіледі. Ал хореографтың рөлі көркем гимнастикада айрықша рөл атқарады. Қолдың жұмсақтығы, дененің икемділігі мен композицияның үйлесімі спортшыны даярлайды. Айсұлу Мадиева шәкірттерінің бүгінгі таңда тек спортшы ғана емес, сахналық мәдениеті қалыптасқан, өнерлі болып өсуін басты жетістік санайды. Қазіргі таңда Айсұлу Мадиевамен бірге білікті екі хореограф жұмыс істейді. Команда қызу дайындық үстінде. Алдағы мақсаттар да айқын. 2027 жылы Қазақстан чемпионаты, Қазақстан кубогы және жастар арасындағы әлем чемпионаттарына қатысуда деп жоспарлап отыр. Қазақстандағы көркем гимнастика деңгейіне тоқталған жаттықтырушы бұл спорт түрі Орта Азияда алдыңғы қатарда екенін атап өтті. Дегенмен саланы одан әрі дамыту үшін заманауи залдар, құрал-жабдықтар, жас мамандарға шетелдік тәжірибе қажет.
– Ең басты арманым – шәкірттерімнің ішінен Олимпиада ойындарына қатысатын чемпиондарды тәрбиелеу және бұқаралық спорттың дамуына үлес қосу, – дейді ол.
Зерде мен зейін ойыны
Шахмат – жай ғана ойын емес, бұл логика мен сабырды, төзім мен қырағылықты талап ететін интеллектуалды спорт. Осы саланың дамуына өмірінің жиырма жылын арнап, талай дарынды шәкірт тәрбиелеп келе жатқан тәжірибелі жаттықтырушының бірі – Риза Төлтайқызы. Ол – «№1 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің шахмат үйірмесінің жаттырықтушысы.
Жаттықтырушының айтуынша, шахмат ойыны – үздіксіз ізденіс пен еңбекті қажет ететін ұзақ сапар іспетті. Жолға шығып, адасып қалған жағдайда үйге қайтар жолды іздеуге ұмтыласың. Бұл да дәл солай.
– Шахматқа баланы баулуда ең алдымен оның логикалық ойлау қабілетіне, зейіні мен шыдамдылығына мән беремін. Ең бастысы – баланың бұл ойынға деген шынайы қызығушылығы болуы шарт. Егер ата-ана тарапынан баланы қинап қатыстырған жайтты көрсем бірден ескерту беремін. Не болмаса баламен ашық сөйлесемін, – дейді ол.
Оқушының ойын мәнерін қалыптастыруда әр балаға жеке әдіс қолданылады. Біріне шабуыл тактикасы жақын болса, екіншісіне қорғаныс үлгісі ыңғайлы. Жаттықтырушының басты мақсаты – баланың қырағы тұсын тауып, соны жетілдіру. Жарысқа дайындық кезеңі де жүйелі түрде ұйымдастырылады. Арнайы жаттығулар мен партияларды талдау арқылы ойыншылардың қателіктері түзетіледі. Сонымен қатар психологиялық дайындыққа ерекше көңіл бөлінеді.
– Жеңіліс – сәтсіздік емес, ол жетістікке бағытталған үлкен қадам. Көп жағдайда бала жеңіліске ұшыраған жағдайда сағы сынып, көңілі құлазиды. Қазіргі тілмен айтқанда, «психологиялық жарақат» алады екен. Бұл стандартты, әрине, үйі іші баланың бойына сіңіреді. Айтарым, баланы уақытша мақтауға тәрбиелемеу керек, – дейді ол.
Онлайн платформалардың жас шахматшылар үшін берер мүмкіндігін де сұрап білдік.
– Бүгінде онлайн платформалар шахматшылар үшін үлкен мүмкіндікке айналып отыр. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қарсыластармен ойнау, партияларды талдау бәрі тиімді. Ұялы телефонға шахмат қосымшасын жүктеп алсаңыз болғаны. Үйден де ойнауға мүмкіндік табылады, – дейді жаттықтырушы.
Әсел Серікбай, Назерке Нұрғали, Самал Әбдуәли – әлем чемпионы атанып, осы спорт мектебінің түлегі ретінде ел абыройын асқақтатқан спортшылар. Қазіргі таңда үйірмеде 30-ға жуық бала шахматпен шұғылданады. Олар 6-18 жас аралығын қамтиды. Барлығына қолайлы жағдай жасалған.
Нәзік жандардың күресі
Қазіргі қоғамда спорт тек ер азаматтарға тән деген түсінік әлдеқашан өзгерді. Әсіресе соңғы жылдары нәзік жандардың спорттағы жетістігі көпшілік назарын аударып отыр. Соның айқын дәлелі – әйелдер күресі. Көпшіліктің санасында күрес десе, ер балалар елестейтіні рас. Алайда бүгінгі күні қыздардың да табандылық танытып, жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүргені көңіл қуантады. Осы орайда, №1 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жұмыс істеп жатқан әйелдер күресі үйірмесінің тыныс-тіршілігімен танысып, аға жаттықтырушы Жандос Бөрікбаевпен тілдескен едік.
Қызылорда облысында әйелдер күресі 2011 жылдан бастап жүйелі түрде дамып келеді. Ал осы бағытта табанды еңбек етіп келе жатқан жаттықтырушының саладағы тәжірибесі 15 жылдан асады.
– Әйелдер күресі спорт саласында жаттықтырушы болып қызмет атқарып келе жатқаныма 15 жылдан асты. Осы уақыт ішінде көптеген шәкірт тәрбиелеп, тәжірибе жинақтадым. Қыз балаларды үйірмеге қабылдар алдында олардың ептілігіне, икемділігіне, шапшаңдығы мен жылдамдығына баса назар аударамын. Әр баланың бойындағы қабілетті әрі қарай дамытуға мүмкіндік беремін, – дейді Жандос Бөрікбаев.
Жаттықтырушының айтуынша, әйел адамның орны тек үй шаруасымен шектелуі тиіс деген көзқарас ескі көзқарас.
– Қоғамда мұндай пікірлер әлі де кездеседі. Алайда қазіргі таңда әйелдер күресі спорт түрі қарқынды дамып, өз орнын айқындап келеді. Бүгінде қыздарымыз жастар арасында өткен Азия чемпионаттарында қола, күміс жүлделерді иеленіп жүр. Ересектер арасындағы жарыстарда да табысты нәтижелер бар, – дейді ол.
Қазіргі таңда №1 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі әйелдер күресі үйірмесінде үш топ жұмыс істейді. Спортшылар жас ерекшеліктеріне қарай бөлінген. Жалпы, 10 жастан бастап әйелдер күресі спортымен айналысамын деген қыз балалар үшін үйірменің есігі айқара ашық.
Айта кету керек, әйелдер күресі – тек спорт қана емес, ол қыз балалардың өзіне деген сенімін арттырып, мінезін шыңдайтын, қайсарлық пен тәртіпке тәрбиелейтін мектеп. Бүгінде бұл үйірме нәзіктік пен мықтылықты ұштастырып, талай спортшыны тәрбиелеп келеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!