Ұлттық құрылтай 2022 жылдың 16 маусымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылды. Биыл бесінші мәрте өткелі отырған Ұлттық құрылтай ұлтты біріктіріп, бірлікті нығайтатын маңызды алаңға айналды. Бүгінде мемлекеттік маңызы бар өзекті мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарып отыр.
Құрылтайдың жыл сайынғы жиынына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етеді. Мемлекет басшысы құрылтайдың бірлік пен ұлттық құндылықтарды нығайтудағы рөлі ерекше екенін айтып келеді.
Тарихқа көз жүгіртсек, ұлт болып ұйысудағы маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Мәселен, Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болса, Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылған. Ал екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланып, Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өтті. Бұл жиында сырттағы қандастарымыз атамекенге шақырылды. Бабалар жолын ұстанып, елімізде 2022 жылдан бастап құрылтай өткізу дәстүрге айналды.
Құрылтайдың қоғамдағы қызметі
Ұлттық құрылтай азаматтардың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндігін арттырып, билік шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінде құрылтай ел тұрғындарының пікірі мен көзқарасы тоғысатын негізгі ұлттық диалог алаңына айналды. Бұл Президенттің жоспарына сәйкес мемлекет пен халық арасындағы байланысты нығайтты. Еліміздің даму жолында нәтижелі де өзара тиімді ынтымақтастыққа септігін тигізуде.
Ұлттық құрылтай құрамына әр өңірден, әр түрлі сала өкілдері енген. Онда ғылым, білім, медицина, мәдениет, спорт саласының мамандары, бұқаралық ақпарат құралдары саласының өкілдері, еңбек және құқық қорғау саласында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, сондай-ақ қоғам белсенділері мен жастар қозғалысының жетекшілері бар. Бұл қоғамның кең ауқымды пікірі мен мүддесін ескеруге мүмкіндік береді. Ал Ұлттық құрылтайдың алғашқы құрамында жүзден аса адам болды. Құрам ротация жүйесінің арқасында тұрақты түрде жаңартылып отырады. Бұл жұмыстың динамикасын сақтауға, қоғамның жаңа өкілдерін тартуға және әртүрлі пікірлерді ескеруге мүмкіндік береді. Бұл тәсіл талқыланатын мәселелердің ауқымын кеңейтіп, қоғамдық мүдденің барлық бағытын есепке алуға сеп болады.
Ұлытау: Алғашқы отырыс және тарихи мәні
Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы 2022 жылы Ұлытау өңірінде өтті. Ұлытаудың таңдалуы тарихи тұрғыдан маңызды еді. Себебі бұл өңір – қазақ мемлекеттілігінің символы.
Бірінші ұлттық құрылтай елдің саяси бағытын айқындаған, қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдырған маңызды алаң болды. Онда көтерілген мәселелер кейінгі реформаларға негіз болып, нақты шешімдер қабылдауға жол ашты. Атап айтқанда, елдің болашағына тікелей әсер ететін стратегиялық, әлеуметтік және рухани мәселелер кеңінен талқыланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың І отырысында сөйлеген сөзінде: «Біз бүкіл ел болып Жаңа Қазақстанды құрамыз. Бұл – оңай шаруа емес. Жұртымыз жаңаша өмір сүруге бейімделуі қажет. Халқымыздың сана-сезімі, құндылықтары түбегейлі жаңаруы керек. Сонда ұлттың жаңа сапасы қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда, барша еліміз жаңарады. Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтыны анық. Бұл – бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс. Мұны жүзеге асыру үшін бір ғана билік әрекет етсе, бұл, әрине, жеткіліксіз. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға жетеміз. Сол себепті мен Жолдауымда Ұлттық құрылтай шақыру туралы бастама көтердім. Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген, – деп атап өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайды ел тағдыры талқыланатын тұрақты алаңға айналдыру қажеттігін атап өтті. Яғни, құрылтайдың алғашқы отырысынан бастап халықтың жағдайын жақсартуға, тұрғындардың жан дүниесін байытуға, сол арқылы мемлекеттің дамуына назар аударылды. Бұл жиын сән-салтанат құрып, арқаны кеңге салып отыратын жиын еместігі басынан айтылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы құрылтайдың мүшелерін көбейте беру емес, қоғамның әрқашан белсенді қатысуын қамтамасыз ету керектігін айтты. Алғашқы отырыста республика күніне қатысты ұсыныстар көтерілді. 1990 жылдың 25 қазанында Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданған болатын. Сондықтан бұл күнді ұлттық мереке ретінде қайтару ұсынылды. Соңғы жылдары еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін жастарды еңбекке баулу мәселесі жиі айтылатын. Осыған байланысты Президент жастарды адал еңбекке тәрбиелеу мәселесіне тоқталды. Құрылтайда жастар саясатына мән беріліп, сапалы білім мен жұмыспен қамту, жастардың ел дамуына белсенді араласуы сынды мәселелерге ұсыныстар айтылды. Нәтижесінде жастарға арналған тұрғын үй және жеңілдетілген несие тетіктері іске асты. Жыл сайын білім гранттары мен академеялық мүмкіндіктері артты.
Түркістан: Әділетті Қазақстан және заң үстемдігі
Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы 2023 жылы Түркістан қаласында өтуі терең мағыналық мәнге ие. Түркістан – күллі түркі жұртының рухани астанасы, қазақ мемлекетінің тарихымен тығыз байланысты қасиетті мекен. Бұл құрылтайда елдің болашағын айқындайтын шешімдер қабылданды. Бұл жиында Мемлекет басшысы бірқатар маңызды тапсырмалар беріп, ұлттық нышандар мен тәрбие, құндылықтар туралы сөз қозғады. Сонымен қатар ұлттың бірегейлігін сақтау, мәдени мұраны насихаттау және жастарды тәрбиелеу мәселелері кеңінен талқыланды. Мемлекеттік нышандарды жетілдіру қажеттігіне аса мән берілді.
– Қазір кез келген елдің ықпалды болуына ұлттық брендтің әсері мол. Сондықтан оның танымалдығын арттыра түсу керек. Ол үшін бірыңғай дизайн-кодты, ортақ стандартты сақтау өте маңызды. Нышандарымыз бірегей ұлттық кодымызды нақты әрі айқын көрсетуі керек, – деп атап өтті ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Одан бөлек, мемлекеттік наградалар жүйесі туралы да сөз қозғалып, әрбір орден мен медальдың терең мағыналы, жұрттың көңілінен шығатын ерекше болуы керек екендігі айтылды. Мемлекет басшысы жастардың дамуына көп көңіл бөлу қажеттігі жөнінде тапсырмалар берді.
– Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі.
Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз. Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Оны, тіпті, бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу «сәнге» айналды. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді. Отбасындағы зорлық-зомбылық қоғамдағы тағы бір келеңсіз және өзекті мәселе болып тұр. Мұндай заңсыз әрекет жасағандар міндетті түрде заң аясында тиісті жазасын алуы керек. Еліміздің болашағы отбасында қалыптасады. Ал отбасы бақытты болса, еліміздің келешегі де жарқын болады, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінде.
Ұлттық құрылтайда ұсынған бастамалар – алдағы ауқымды жұмыстардың бір бөлігі ғана. Мұнда айтылған мәселелер мен ұсыныстарды қолға алу үшін мемлекет пен қоғам бірге жұмылып жұмыс істеуі қажет.
– Біз Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Бұл – өте жауапты әрі абыройлы міндет. Біз отаншылдығымызды және елге жанашырлығымызды нақты іспен көрсетуіміз керек. Адал азамат болуға ұмтылуымыз қажет. Сонда әрқайсымыз Отанымызды өркендетуге үлес қосамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар нашақорлық, лудомания сияқты қоғамға қауіпті құбылыстардың алдын алу мәселесі көтеріліп, бұл бағытта кешенді шаралар қабылдау қажеттігі жөнінде ұсыныстар айтылды. Құрылтайдың екінші отырысындағы айтылған негізгі мәселердің бірі әр азамат ел тағдырына бей-жай қарамай, ортақ жауапкершілік танытуы тиіс. Бұл құрылтай билік пен халық арасындағы тұрақты диалог алаңы ретінде өз маңызын тағы бір дәлелдеді. Түркістан төрінде айтылған ойлар мен ұсыныстар елдің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындауға ықпал етті. Сондай-ақ әділ Қазақстанды құру жолындағы нақты қадамдардың басталуы ретінде тарихта қалары сөзсіз.
Атырау: Ұлт болашағын бекемдейтін үш таған
2024 жылы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы Атырау қаласында өтті. Үшінші құрылтай отырысында халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін маңызды екендігі айтылды. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Мемлекет басшысы тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін мәлімдеді. Сонымен қатар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға тоқталды. Олар – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық. Еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек. Президент ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сондай-ақ бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр.
– Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек. Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады, – деді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен құрылтайда.
Соңғы жылдары күн тәртібінен түспей тұрған мәселенің бірі – отбасындағы зорлық-зомбылық. Құрылтай барысында бұл тақырып та кеңінен талқыланды. Заңды күшейту, әйел теңдігі мәселесі айтылды. Бұл мәселе Түркістандағы құрылтайда да көтерілген еді, үшінші отырыста та тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия, вандализм бойынша үлкен қадамдар жасауға ұсыныстар айтылды. Бұл бағытта тек заңмен шектелмей, тәрбиелік, мәдени және ақпараттық жұмыстарды қатар жүргізу керектігі атап өтілді. Мемлекет басшысы қоғамды жайлаған кеселдермен бүкіл ел болып күресіп, тосқауыл қоюға шақырды.
Атырауда өткен Ұлттық құрылтай – аймақ мәселелері тек жергілікті деңгейде емес, ұлттық деңгейде қарастырылатынын көрсеткен маңызды жиын болды. Бұл жиын халықтың үні естіліп, елдік мүдде бірінші орынға қойылатын ашық алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бурабай: Ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашты
2025 жылы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы еліміздің қоғамдық-саяси реформаларын талқылаудағы маңызды кезең болды. Алқалы жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің алдағы бағдарын айқындап берді. Басқосуда соңғы кезеңде қоғамда қызу талқыланған өзекті мәселелерден бастап еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси бағдарына қатысты басымдықтар түгел қамтылды.
Бұл отырыста Президент көптің назарына ілінген салық реформасына қатысты пікірін білдірді. Бұл ретте Қазақстан әлеуметтік мемлекет екені, егер бюджетте қаржы болмаса, тиісті міндеттемелер толық орындалмайтыны, ал, салық осы жүйенің басты тірегі саналатыны айтылды.
Құрылтай отырысында еліміздегі діни ахуал мен жат ағымдарға тосқауыл қою мәселесіне ерекше мән берілді.
Атыраудағы құрылтайда айтылған мәселелердің қалай шешімін тапқаны айтылды. Мәселен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмасының негізінде 10 заң жобасы дайындалып, оның 9-ы қабылданған. Атап айтқанда, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету заңмен тиянақталып, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлері үшін жаза күшейтілген; электронды тұтыну жүйелерін (вейптер) әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға толық заңнамалық тыйым салынды; құмар ойындарды жарнамалауға тыйым салынып, лицензиясыз онлайн казинолар мен букмекерлік кеңселерді бұғаттау қолға алынған. Мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындарға қатысуға тыйым салынды, ескерткіштер мен табиғи объектілерге қатысты вандалистік әрекеттер үшін жаза күшейтілді, есірткі қылмысы үшін жаза күшейтілді. Сатуды ұйымдастырушы мен есірткі бизнесін қорғайтын шенеуніктерді өмір бойына бас бостандығынан айыру бекітілді және ономастика мәселелеріне қатысты түзетулер енгізілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда атап өткендей, елімізде білім беру саласын дамыту мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – мектептердегі орын тапшылығын жою және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу.
– Ақмола облысы бұл бастаманы алғашқылардың бірі болып жүзеге асырып, 12 мыңнан астам оқушыға арналған жаңа білім ошақтарын салды. Алдағы уақытта 500 мың оқушыға арналған екі жүзден астам мектеп салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қарапайым мектептерді салу мен жаңғырту жұмыстары да жалғасады, – деді Президент.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалпыұлттық қозғалысқа айналып, халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға ықпал етуде. Бұл бастаманы тұрақты түрде жүргізу арқылы еліміздегі табиғи байлықтарды сақтау көзделген.
Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстарға сәйкес, алдағы жылдары Қазақстанда бірнеше маңызды инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылады. 2025-2026 жылдары Қашаған кенішінде газ өңдеу зауыты іске қосылады. Сонымен қатар «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбыры мен «Бейнеу–Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісі салынада деп жоспарланған.
Энергетика саласында да маңызды өзгерістер орын алуда. Қызылорда және Түркістан облыстарында бу-газ құрылғыларына негізделген жаңа электр стансалары бой көтереді. Сондай-ақ Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 жаңғыртылады. Бұл жобалар елдегі энергетикалық қауіпсіздікті арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС-ке қатысты ойын айтты.
– Азаматтарымыз референдумда бірінші атом электр стансасын салу туралы шешімге қолдау көрсетіп, осы міндетті орындауға жол ашып берді. Бұл қадам алыс болашақтағы ахуал қалай болатынын ескере отырып, энергетика саласын кешенді түрде, жан-жақты ойластырып дамыту қажеттігін көрсетеді. Мәселен еліміздің энергияға деген қазіргі сұранысын қанағаттандыруға ғана тіреліп тұрған жоқ. Біз үшін ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалыптастырудың стратегиялық маңызы бар. Мен, дәл сол себепті, Қазақстанға бір емес, үш атом электр стансасын салып, ақырында толыққанды ядролық кластер қалыптастыру қажет деп есептеймін, – деген еді Президент Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда.
Бурабайда өткен құрылтай – ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтардың басын қосқан маңызды жиын ретінде тарихта қалды.
Бесінші құрылтай Қызылордада өтеді
Ұлттық құрылтайдың төрт отырысында талқыланған өзекті мәселелер бұл жолы да қоғам назарындағы түйіткілдер талқыланатынын аңғартады. Ал күллі қазақстандықтар «Кеңесіп пішкен тонның келте болмасына» үміт артады. Биыл Сыр өңірі тарихында ерекше оқиға болғалы тұр. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысын Қызылорда қаласында өткізу туралы айтты. Алқалы жиынның Сыр өңірінде өтуі ұлттық бірегейлікті нығайту, тарихи сабақтастықты жаңғырту тұрғысынан маңызды.
– Соңғы жылдары біз ұлттық бірегейлігіміздің маңызды факторы – тарих ғылымының дамуына ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Бүгінгі Құрылтай тағы бір тарихи белеске тұспа-тұс келді. Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толып отыр. Халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы да бір ғасыр бұрын қайтарылды. Біздің мемлекеттігіміз мыңжылдықтардан бастау алады, оның тамыры тым тереңде жатқаны даусыз. Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауының оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын ашық айтуымыз керек. Бұл істе сол кездегі Үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин айрықша рөл атқарды. Ол «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақала жазып, арнайы идеологиялық науқанды бастап берді. Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс. Осы ретте Құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!