Балалар сабаққа кірерде смартфонды жәшікке салып, құлыптап кіреді. Әрі олардың барлығына қалтафонсыз-ақ жағдай жасалған. Әрбір пәнге арналған жеке-дара кабинеттерде қажетті құрал-жабдықтың барлығы бар. Тіпті, көп жерде аты бар да, заты жоқ лингафон кабинеттері де мұнда сағаттың тырсылындай жұмыс істеп тұр. Маған ұнағаны – садақ ату үйірмесі. Балалардың бойындағы қазақы қанымен келген қасиет – жауынгерліктің бір ұшқыны дерсің. Қандай керемет. Мұның барлығы кәдімгі орта мектеп базасында жұмыс істеп тұр. Қай білім ошағы десеңіз, айтайын, «Саяхат» шағын ауданындағы «Ұлағат» білім ордасы» жеке мектебі жайында сөз қозғап отырмыз.
Ақиқатында, үнемі жолдан өткенде осы хан сарайындай мектеп ғимаратына кіргім келіп, қызығып жүретінмін. «Сабақты иненің сәті» келіп, міне, бүгін осы зәулім білім ордасына бас сұқтым. Басқа оқу орындарына ұқсамайды. Жеке мектеп дегеніңізді «ақысын төлесеңіз болды, бағасының бәрі бес болады» деген талайдың ойындағы жаңсақ пікірдің сеңін бұзды дерсіз. Жеке мектеп деген ұғымды естігенде адамның ойына келетін әдепкі пікірді айтып отырғаным ғой. Әйтпесе, бұл мектепке ата-аналар ақы төлемейді, балалардың білім алуының ақысын қаржы орталығы көтереді.
«Театр киімілгіштен басталады» дейтін қазақпыз ғой. Баспалдақтан бастайық. Мектептің кіреберісінде сақадай сай күзет тұр. Мұндағы тәртіпті бақылайды. Алдын ала келісіп, барып тұрған бізді де арнайы тексерістен өткізіп, «Жігіттер, ренжімеңдер. Тәртіп бұзылмауы керек. Бұл жерде біздің еліміздің болашағы балалар тәрбиеленіп, білім алып жатыр. Олардың қауіпсіздігі – бірінші орында», – деді күзетші апай бір күліп алып.
Зәулім ғимаратпен мәжіліс залына тура өткенде оң жақтан киіз үйдің есігін көзіміз шалды. Иә, иә… Кәдімгі киіз үйдің есігі. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Өміржан Агинов әлгі есікті ашып, ішіне бастады. Ғажап. Мектеп ішіндегі музей. Ішіндегі бір қапталға киіз үй құрылған. Қаланың қақ ортасында ләңгі теуіп, асық шиірмей өскен баланың өзі осы киіз үйдің ішіне енгенде қазақы болмысты айшықтап, ата-баба ізіне үңіле кетеді. Мұнда киіз үйден бөлек, ата-бабаларымыз жүріп өткен әрбір жолдың, ғасыр мен дәуірдің көрінісі бар. Өгізге жегетін соқадан бастап, бүгінгі қолданыстағы бұйымдарға дейін орналастырылған.
– Мұнда қойылған заттардың әрқайсысы әр жерден алынған. Бүгінгі бала кешегі күннің белгісін көріп өссе, ата-бабамыздың дағдысын, қазақтың тарихын біліп өссе, елжанды болады. Ұлтын сүйіп өседі. Балаларға білім беруден бөлек, тәрбие беріп, өмірлік ұстаз атану да – біздің басты мақсатымыз. Оқушылар елдің кешегісін біліп өсу керек, – дейді директордың орынбасары.
Оқу орны жаратылыстану-математикалық бағытта жұмыс істейді. Ашылғанына төрт жыл да толмаған мектептің шәкірттері қазірдің өзінде шыңға бастап, биік белестерді бағындыра түскен. Шығармашылық және спорттық сайыстардан жеңімпаздар шығып жүр. Олардың әрбірінің ынта-ықыласы жетерлік.
– Біз алдымызға барлық бала үйірмемен қамтылуы керек деген мақсат қойдық. Балалардың бос уақытын тиімді пайдалануымыз керек. Осы сәтте мектепте 598 бала болса, соның 515-і үйірмеге қатысып жүр. Қала мектептерінде жоқ садақ ату үйірмесі – біздің жаңашылдықтарымыздың бірі. Оған қоса, метерологиялық стансада жұмыс істейтін балаларымыз бар. Арнайы қондырғыларды орнатып қойдық. Тәжірибе жинап, біздің 22-23 оқушымыз республикалық сайыстарда топ жарып келеді. Желдің бағытын, ылғалдылық деңгейін және жауын-шашын көлемін біле аламыз, – дейді Өміржан Агинов.
Кезінде Алтай мен Атырау арасындағы ұланғайыр атырапты қасық қаны қалғанша найзамен, алмас қылышпен, ат үстінде садақты керіп, жебе көздеп қорғаған батыр бабаларымыздың қаны бойымызда тулап тұр. Бүгінде «Ұлағаттың» шәкірттері қорамсаққа қол салып, қол салғанда мол салып меже көздеп жүр. Жебесі діттеген жерге жетіп, талай додалардан топ жарып жүр. Ашылғанына да көп бола қоймаған үйірменің жетекшісі Жарқынбек Алмағанбетов.
– Садақ ату үйірмесі қала бойынша екі жерде ғана бар. Соның бірі – бізде. Балалардың үйренуге ынта-ықыласы жоғары. Бізде спорттың бұл түрі көбейсе, жақсы бір бәсекелестік орта қалыптасар еді. Негізі садақ ату адамның ойын жинақтауға, ширақ болуға, зерек болуға, кез келген жағдайға сергек қарауға тәрбиелейді. Біздің балалардың ең бірінші қатысқан байқауы – Өскемендегі Қазақстан чемпионаты. Сол жарыста біздің бір оқушымыз жеңімпаз атанды. Міне, соның нәтижесінде алға қарай даму бар. Одан бері де талай жарыстарда тұғырға шықтық, – дейді үйірме жетекшісі Жарқынбек Алмағанбетов.
Мұнан бөлек, экологиялық мәдениет, биоалуантүрлілік, өлкетану, жасыл желек, жасыл зертхана, қалдықсыз технология, «Тірі табиғат» бұрышы, дені саудың – жаны сау, экологиялық-ақпараттық шаралар, баламалы энергия бағыттары бойынша жұмыс істейтін «Жасыл мектеп» жобасы тұрақты қолға алынған. Бүгінде арнайылап дайындалған бұрышта адамның бойымен бірдей алып гүлдер өсіп тұр. Құдды бір ботаникалық баққа кіргендей боласың.
Айтпақшы, мектептің астыңғы қабатын тиімді пайдаланып, сонда үйірмелерді орналастырған. Садақ ату да осында. Оған барар жолда қолдының шапшаңдығы мен өздерінің икеміне көз ілеспес жылдамдықпен үстел теннисін ойнап жүрген балаларды көрдік. Бозкілемде бой жазып, жолдастық кездесу өткізіп жатқан екі баланы көзіміз шалып қалды. Тәрбие ісі жөніндегі орынбасар менің назар аударғанымды байқап қалды да, кідірді.
– Біздің спортшыларымыз арнайы мамандандырылған спорт мектептерінің балаларын да жеңіп, қуанышқа бөлеп жүр. Мерейімізді үстем етіп, мәртебемізді көтеріп жүрген, міне, жаттықтырушының арқасы. Оның өзі – әлемдік деңгейдегі спортшы. Біз оның еңбегін жоғары бағалаймыз, – дейді Өміржан Агинов.
Жоғарыда айтып өттік. Мұнда балалардың барлығы дерлік үйірменің белсенді қатысушысына айналған. Үйірмелердің қатарында «Тіл жанашыры», орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі тәрізді 20-ға жуық үйірме тұрақты жұмыс істеп тұр. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ғалия Жұмағұлованың айтуынша, балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Білім ошағының құрылтайшылары ұстаздың жұмысына қажеттінің бәрімен қамтамасыз етіп отыр.
Айтпақшы, 2022 жылдан бастап мектептің ішкі тәртібі бойынша балалар сабақ уақытында мүлдем смартфон ұстамайды. Мектепке кіргеннен кіреберістегі жәшікке ұялы телефондарын қалдырады. Өйткені баланың сабақтан өзгеге ойы бөлінбеу керек.
– Балалардың сапалы білім алуы жолында барынша талпынып, еңбектеніп жатырмыз. Барлығы балалардың болашағы үшін. Мектепке кіргенде ауыздағы жәшікке салып кетеді. Шыққан соң алады. Басқа уақытта да телефон қарап үлгереді, – дейді директордың орынбасары Өміржан Агинов.
Білім – жарқын болашаққа бастар жол. Ол сапалы болғанда ғана біздің елдің алар асуы биік болмақ. Әрбір сыныпта еліміздің келешек басшылары отыр. Олардың кеудесінде бір-ақ арман. Ол – Әлиханның сөзімен айтсақ, ұлтқа қызмет ету. Мұнан соң жарқын болашаққа деген үмітіңнің сәулесі де жарқырай түсері анық.
Дәулет ҚЫРДАН,
Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!