Сенбі, 05 шiлде, 07:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№49,2162
05.07.2025
PDF мұрағаты

Ұлт руханиятының алтын бесігі

05.07.2025

58 0

Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. Қай кезеңде болсын, мемлекеттің даму сатысында мәдениеттің орны ерекше. Сыр өңірі  ұлттың ғибратты ордасы болса, мәдениеті, тіл мен салт-дәстүрі өнегенің алтын қазығы. Қызылорда қаласы иісі қазаққа алғашқы астана атымен танылған мәдениет пен өнердің, әдебиет пен ғылымның  рухани орталығы болуымен құнды. Алты Алаш қадір тұтқан бас  шаһардың бұл күнде сәулеті айшықталып,  мәдени нысандар көбейіп,  рухани, танымдық шаралар кең ауқымда өткізілетін мерейлі мекенге айналды.  Бас шаһарда мазмұнды  іс-шаралар өткізу, дүйім елге насихаттау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің құзырында.  Мәдениет, театр, өнер, кітапхана, тарихи-мәдени мұра нысанын қорғау және пайдалану, мемлекеттік тілді дамыту мақсатында атқарылған жұмыстар аз емес.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тәжмахановтың айтуынша, бөлімге ңқарасты қалалық мәдениет үйі, клубтар және халықтық ұжымдар, орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, мәдени-демалыс паркі, тарихи музей, жастар театры  халықтың рухани, танымдық көкжиегін кемелдендіруде, жаңалық пен жақсылықтың жаршысы болуда еселі еңбек етіп келеді. Биылғы жылдың 6 айында қала бойынша 525 мәдени-көпшілік іс-шара өткізіліп, көрерменнің ықыласына бөленген. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр елі өзге өңірлерге үлгі болып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, насихаттау және дамыту бағытында жүйелі жұмыс атқарып келеді. Нәтижесінде мемлекеттік мекемелердің құжат айналымы түгелімен ана тіліне көшкен. Сонымен қатар қала көшелерінің атауын жүйелеп, заманауи қалыпқа келтіріп, оларға елге еңбегі сіңген тұлғалар мен жер-су аттарының есімін беру мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің міндетінің бірі.

– Қалалық ономастика жұмысшы тобының қызметін үйлестіріп келеміз. Қалада комиссия шешімімен нақтыланған 1279 және қалаға қарасты ауылдық округ­терде 449 көше бар. Республикалық ономастика комис­сиясы 48 ардагердің есімін бекіту туралы оң қорытынды берді. Оның ішінде 17 ардагердің есімі  ауылдық округтен бекітіліп, талапқа сай QR-код енгізілген тақтайшалар жаңаланды. Бөлім тарапынан жарнама және тіл тазалығына қатысты мәселелер қадағаланып, тексеру тұрақты жүргізілуде. Мекемелерге, кәсіп иелеріне,  жазбаша ескерту хаттар мен маңдайша жазулар, басқа да көрнекі ақпараттың мәтінін жазу және орналастырудың үлгісі беріліп, түсіндірме жұмысы жүргізілуде. Қаладағы мейрам­хана мен жылдам әзірленетін дәм­хананың  89,9 пайызы  ас мәзірін қазақ тілінде ұсынады, – дейді бөлім басшысы.

Бүгінде екі ғасырдан астам тарихы бар Қызылорда қаласында 85 тарихи-мәдени мұра мемлекет қорғауына алынған, оның 4-і респуб­ликалық, 34-і жергілікті маңызы бар тарих пен мәдениет ескерткіштері. 47 нысан тарихи-мәдени мұра тізіміне алдын-ала  енгізілген. Бүгінде жекеменшікте 10 нысан бар. Қалаға қарасты клубтар да халыққа рухани демалыс сыйлау мақсатында  мазмұнды шаралар өткізуде белсенді.  Клуб үйлерінің ұйымдастыруымен 305 мәдени шара өткен. Кент пен ауылдық округтердің мәдениет орындары ауқым­ды мәдени шаралар өткізіп, өз өнерлерін паш етуде. 15 мың­нан астам ауылдықтарға қуаныш сыйлаған  158 мәдени шара өтуі соның дәлелі. Ал «Адал адам – мәдени-тәрбие орталығы» жобасы рухани тәрбиенің өзегіне айналғанына куә боп келеміз. Бұл тақырыпты қамтыған 190 іс-шара өткізіліп, ұрпақ тәрбиесі үшін мазмұнды кездесулер өтті. Үйірменің үйретері көп екені сөзсіз. Қаладағы мәдениет үйлері мен клубтарда 99 үйірме тұрақты жұмыс істеп, би, сурет, тігін және өзге де өнерге қызығушыларды баулиды. Сондай-ақ «Мереке-Думан» халықтық әзіл-сықақ отауы, «Сиқырлы айна» халықтық балалар қуыршақ театры, «Сырлы саз» халықтық этно-фольклорлық ансамблі және «Қожабековтер»  халықтық отбасылық ансамблі қала халқына өнерлерін көрсетіп, сахналық қойылымымен тәнті етуде.

Ұлт руханиятының алтын бесігі

Кітапхана – білімнің қайнар бұлағы

Білім байлық пендедегі жарасым,

Көтерейік оның биік бағасын.

Не керектің іздесеңіз барлығын,

Жақын досың кітаптардан табасың.

Бізді жақсы жолға апарар жетегі,

Ол болмаса өмір мәні кетеді.

Ғасырлардан ғасырларға жеткізген,

Кітапхана кітаптардың мекені, – деген жыр жолдары бізді кітаптар әлеміне еріксіз тартады.  Шынында, кітапханашы рухани қазынаның иесі. Қаладағы 21 кітапханада үздіксіз тағылымдық кештер, кездесулер, салтанатты шаралар өткізіледі. Кітапқа қызығушы оқырман санының өсуі асыл қазынаға деген ел құрметінің еселенуінің дәлелі. Бүгінде оқырмандар сұранысына сай  кітап қоры – 647 051, қазақ тіліндегі кітап саны  – 264 487. Биылғы алынған жаңа әдебиеттер саны – 659,  оның 456-сы ана  тілімізде.

Жанға жайлы демалыс орны

Қалалық мәдени–демалыс паркі жақында қайта жаңарып, сәулетті кейіпке енді. Қалалықтарға керемет демалыс сыйлайтын мәдениет орны 3954,3 шаршы метрге ғимараттар мен бетон скейтпаркі, 23815,7 шаршы метрге көгалдандыру жұмысы, 2 122 шаршы метрге қылқан жапырақты екпелер және 544 дана ағаштар отырғызылған. Бетонды скейтпарк, 20-ға жуық жас ерекшеліктеріне қарай аттракциондар, кафе ғимаратын орналастыруға арналған алаң  және балалар ойын алаңы бар. Айналма дөңгелектің жанында және аттракциондар паркінің орталық алаңында фуд-корт аймағы орналастырылған. Сол секілді арнайы воркаут алаңы, үстел теннисі орындары, демалуға арналған алаңдар, жапон бағы, футбол алаңы, барлық аумақта субұрқақтар орнатылған. Ашық аспан астында мәдени қызмет көрсетуге және концерттік бағдарламаға 100 адамға арналған амфитеатр сахнасы демалыс орнының ажарын ашып тұр.

Ғасыр тойының салтанаты

Қызылорда қаласының Қазақ АКСР-ның астанасы болғанына 100 жыл толуына арналған мәдени шаралар биылғы жылдың кәделі сыйы болды. Түп тарихында үш дәуірдің астанасы болған, одан бері кешегі ХХ ғасырдың басында Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының астанасы Ақмешітте өткен алқалы жиында бас қаланың аты Қызылорда болып өзгертілгені, сонымен қатар Алаш зиялыларының бастамасымен ұлтымызға «қазақ» атауы қайтарылғанына биыл 100 жыл толып отыр. Қай заманда да қазаққа құтты ұя болған байырғы мекенде атаулы жылда іс-шаралар жүйелі ұйымдастырылғаны көңілге қуаныш сыйлап, мәртебемізді көтере түсті. Игілікті шараның шымылдығы жыл басында өткізілген   «Наурыз – берекем, Наурыз – мерекем!» атты мәдени-көпшілік шарамен ашылды. Наурыз мерекесіне орай тігілген киіз үйлер алдында көрмелер мен салт-дәстүр қойылымы сахналанды. Қызылорда қаласының Қазақ АКСР-ның астанасы болғанына 100 жыл толуына арналған «Жауһар жәдігер» атты облыстық қолөнер шеберлерінің көрме-байқауы да келушілерді тәнті етті.

Аймақ басшысы Айбарша, Айбике, Айбибі есімді үшемнің тұсауын кесіп, бүлдіршіндердің жаңа өмірге тәй-тәй басқан қадамына ізгі тілегін білдірді.

Сонымен қатар «Түйе палуан» сайысы және ұлттық спорттың басқа да түрінен жарыс  өтті. Үш мыңға тарта көрермен қатысқан мерекелік басқосу отандық эстрада жұлдыздарының және жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертіне жалғасты.

Сонымен қатар А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде Қызылорда қаласының Қазақ АКСР астанасы атанғанына 100 жыл толуына арналған дәстүрлі республикалық «Көктем нұры» оқушылар айтысы өтті. Қала әкімдігінің қолдауымен биыл 11-ші мәрте байрағын желбіреткен жыр додасының жас ұрпақтың шығармашылығын арттыруда маңызы зор.

Сөз сайысын белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ақжол Түменбай жүргізсе, кіл жүйріктен шын жүйрікті анықтау міндеті белгілі айтыскер ақын, «Құрмет» орденінің иегері Мамыр Байдәулетов, педагогика ғылымдарының магистрі, ақын Айнагүл Әбуова және талантты ақын Қайнар Алагөзовке жүктелді.

Сыр елінің жас ақындарымен қатар Абай, Ұлытау және Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарынан келген жас таланттар Қызылорданың Қазақ АКСР-ның астанасы атанғанына 100 жыл толуы, аймақтың күн сайын көркейіп жатқаны тұрғысында сөз өрбітіп, қағытпа қалжыңдарымен бір-бірін қамшылап отырды.

Жыр додасының қорытындысымен бас жүлдені жеңіп алған Жамбыл облысының ақын қызы Інжу Жаңабайды қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмаханов марапаттап, айтысты тапжылмай тамашалаған көрермен мен жас ақындарды баулыған жетекшілеріне шынайы ризашылығын білдірді.

Алуан-алуан жүйрік кеп, жалынды жырларымен аймақ ажарын, тарихын насихаттаған дәстүрлі «Көктем нұры» республикалық оқушылар айтысы көптің көңілінен шықты.

Тұғырлы мереке құрметіне  «Ғасыр сөйлейді» атты тарихи-танымдық шара өтті.  Қалалық жастар театрының әртістері сахналаған қойылыммен басталған тарихи-танымдық кешті ашқан  қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев  тарихи әділдік орнаған қаланың сол әділдік туын төмендетпей, тәуелсіздіктің арқасында қарыштай дамып, күннен-күнге жаңарып, заманауи үлгіде қайта түрлене түскенін, шаһарымызды және оның терең тарихын мақтан тұту керектігін атап өтті.

Шара барысында бәсі биік мерейтой аясында ел дамуы жолында елеулі еңбек еткен ардақты азаматтарға арнайы сый-құрмет көрсетілді.

 2005 жылы қала әкімі болып, Қызылорданың астана болғанына 80 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде ұйымдастырған білік­ті басшы, мемлекет және қоғам қайраткері Айтбай Көшербаев сөз алып, қала дамуын­дағы оң өзгерістерге жоға­ры баға беретінін, қаламыздың өсіп-өр­кендей беруіне тілектестігін білдірді.

Шара барысында сөз алған бел­гілі режиссер-сценарист, Тұран сыйлығының иегері, қалалық жастар театры­ның көркемдік жетекшісі Оңталап Нұрмаханов Қызыл­орда тек астана ғана емес, елдің рухани ордасы болып, кәсіби ұлт театрының негізі осында қаланғанын тілге тиек етсе, белгілі ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Нұрлыбек Мыңжас шаһар тарихынан сыр шер­тетін тың деректі ортаға салып, келелі ой айтты. Қызылорда облыстық тарихи мәдени мұраны қорғау орталығының директоры Ерғазы Алданазаров қаладағы көне ғимараттардың тарихына тоқталды.

Тарихи-танымдық кеш барысында Махмұтбай Әміреев­тің сөзіне жазылған Тәңірберген Қалауовтың әні «Қызылорда вальсі», Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде», Рамазан Таймановтың «Қызылорда» әндері шырқалып, бір топ жастар­дың  Қызылордаға арналған өлеңдерін  оқыды.

Ғасырлық мерейтой облыстық өнер байқауымен жарасымды жалғасын тапты. Жаңақорған ауданының «Арайлы Ақмешітке – Қаратаудан қоңыр саз» атты концерт­тік бағдарламасымен басталды.

Шараға арнайы қатысқан  «AMANAТ» партиясы облыстық филиалының төрағасы А.Есмаханов, Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Б.Нұридинов, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Тәжмаханов байқаудың мәні мен мазмұнына қысқаша тоқталып, Қаратау бөктерінен келген көркемөнерпаздарға сәттілік тіледі. Қызылорда төрін думанға бөлейтін облыстық өнер байқауына КСРО мәдени-ағарту ісінің үздігі, мәдениет саласының ардагері, белгілі теле-журналист Тілеген Бекарыстанов бастаған кәсіби мамандар қазылық жасауда.

Қараөзек ауылдық клубының ұйымдастыруымен Қызыл­орда қаласының Қазақ АКСР- ның алғашқы астанасы болғанына 100 жыл тоуына орай «ҚЫЗЫЛОРДА – ЖАСТАР МЕКЕНІ» атты облыстық жайдарманшылар ойындарында ауыл әкімінің кубогы сарапқа салынды.

Сайыста 5 команда бақ сынады. Көрерменге қағытпа қалжың сыйлаған кешті «Жайдарман» ойындарының вице-чемпионы, «Үздік ойыншы» Әліби Басаров жүргізді. Тартысқа толы сайыстың жүлделі ІІІ орнын «Политех» құрамасы (Қызылорда қаласы), ІІ орынды «Орда» құрамасы (Қызылорда қаласы), І орынды «Мардан ұландары» құрамасы (Жалағаш ауданы) иеленіп, жеңімпаздар кубокпен және қаржылай сыйлықпен марапатталды.

Жұлдызды шаралар керуені қалалық қоғамдық даму бөлімі ұйымдастырған «Қызылорда – тарихы терең қала»  атты  үздік мектеп оқушыларына тарихи орындарға танымдық экскурсия ұйымдастырумен жалғасты.

Саяхат барысында оқушылар ғасырлық тарихы бар теміржолшылар клубының ғимаратын көріп, бұл нысанның 1924-1990 жылдары теміржолшылардың мәдени-демалыс орны болғанын білді. Клуб сол дәуірдегі жұмысшылардың рухани орталығы болған. Келесі аялдама – Қызылорда теміржол вокзалы. Бұл ғимарат 1905 жылы салынған және әлі күнге дейін өз қызметін атқарып келеді. Вокзал қаланың дамуына үлкен үлес қосқан стратегиялық маңызды нысан.

Бұрынғы казарма, қазіргі көркемсурет галереясы – XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында әскери мақсатта салынған. Қазіргі таңда бұл ғимарат қылқалам шеберлерінің шығармашылығын дәріптейтін көркемсурет кеңістігіне айналып отыр.

Оқушылар Сырдарияның сол жағалауында орналасқан Қызылорда қаласының тарихи музейімен танысты. Қызыл­орда қаласы ҚазАКСР астанасы болған тұста 1925 жылы 12 сәуірде Қазақ Орталық Атқару комитетінің қаулысымен осы ғимаратта халқымызға қазақ атауы ресми түрде берілді.

Экскурсия барысында Қы­зылорда астана болған жылдар тура­лы тың деректер ұсы­нылды. Сол уақыттағы саяси, мәдени және білім беру салаларындағы маңызды оқиғалар, қазақ зиялыларының қызметі туралы мағлұматтар да қамтылды. Сонымен қатар оқушылар тарихи жәдігерлерді тамашалап, инте­рактивті экспозициялар ар­қылы сол кезеңнің атмосферасын сезінді. Мұражайда орналасқан жәдігерлер оқушылардың отансүйгіштік рухын оятты.

Мұндай танымдық шаралар жас ұрпақтың туған өлке тарихына деген қызығушылығын арттырып, патриоттық тәрбиені нығайтады.

«Қызылорданың астаналық кезеңі» тақырыбында Сту­денттер сарайында басқосу өтті. Жиынға зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, тарихшылар, ҮЕҰ, БАҚ өкілдері, ұстаздар мен жастар қатысты.

«Қазақ» атауының қайтарылып, Қызылорданың астана болғанына 100 жыл толуына орай өткізілген шарада қалалық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаев 1925 жылы Ақмешітте өткен Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің V съезінде қабылданған шешімдерге шолу жасады.

Тарих ғылымдарының кандидаты Сағат Тайман «Қызыл­орданың астаналық кезеңі» тақырыбын кеңінен тарқатты. Ол Қызылорданың 1925-1929 жылдардағы республика астанасы ретіндегі рөлін, дәуірдің әлеуметтік-саяси ахуалын жан-жақты саралады. Филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ғабит Тұяқбаев «Сыр өңіріндегі қазақ зиялыларының ізі» тақырыбында баяндама жасап, Алаш ардақтыларының Қызылордада жүргізген ағартушылық және саяси қызметіне тоқталды. Басқосуда шаһардың тарихи ғимараттар,  маңызы мен қазіргі жай-күйі, архив құжаттары туралы кеңінен айтылды.

Қызылорданың ел тарихындағы орны айрықша. Бұл қаланы ұлт руханияты мен мемлекеттілігінің алтын бесігі десек артық айтқандық емес. Өйткені шаһарда тұңғыш қазақ драма театры құрылып, сахна төрінде Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сынды тұлғалардың шығармалары қойылды. 1925 жылы  Қазақ  халық ағарту институты Қызылордаға  көшіріліп, оған  Ахмет  Байтұрсынов, Сәбит  Мұқанов,Темірбек Жүргенов, Телжан Шонанов секілді зиялы қауым өкілдері дәріс берді. Ал Сәкен Сейфуллин 1927-1928 жылдары осы оқу орнында басшылық қызмет  атқарды. Жиын соңында қатысушылар Қызылорданың тарихи кезеңдерін зерттеу бағытындағы  ұсыныстарын  ортаға  салды. Қызылорда қаласының тарихи музейінің ұйымдастыруымен «Өшпесін тарих шырағы» тақы­рыбында өткен іс-шарада жас ұрпақ жадына түйер тағы­лымды дүние аз болмады.

Тағылымды-танымдық жиын «Ғасырлық тарихтың куә­сі – қазыналық мекен» тақырыбындағы тарихи экспонаттар мен маңызды құжаттар қойылған архивтік көрмемен басталды. Қатысушылары залда қойылған экспозициялармен  таны­сып, арнайы  әзірленген  деректі  фильмді  тамашалады. Шараны Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Бауыржанұлы ашып, қазақтың бас қаласы болған мекеннің ұлт болып қалыптасудағы  өзіндік  маңызы мен геосаяси артықшылықтарына тоқталып өтті.

Жиын барысында Қызылорданың астана болу кезеңде­ріндегі орын алған елеулі оқиғалар сараланып, қазақтың ертеңіне бағытталған өзгерістер мен тарихи  маңызды мәліметтер  айтыл­ды. Шара соңын­да ұсыныс-пікір­лер айтылып, қатысу­шылар  өзара дис­кус­сия алаңында сұрақ-жауап  алмасты.

Ұлт руханиятының алтын бесігі

Өнегелі істі үйлестіріп, мерекелік мезіретті кең көлем­де  ұйымдастырып, қала тыны­сын ашуға тынымсыз еңбек ететін қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызу жұмысы халық­тың көз ал­дында атқарылып, елдің ықы­ласына бөленуде. Уақытпен санаспайтын сала өкілдері елдің қуанышымен ортақта­сып, қала өміріндегі  мерейлі сәттердің куәгері болып, тарихтың тағылымын қалалық­тарға насихаттап отырады. Жақсылықтың жаршы­сындай, тарихи кезеңнің тамыршысындай, руха­нияттың жанашыры болып, қоғамға ұлағат шуағын сыйлап отырған сала өкілдерінің жұмысына толағай табыс тілеп, алғаусыз алғысты жырмен жеткізбекпіз.

Арман қала, асыл қала, бақ қала,

Күллі елге болған алғаш Астана.

Екі ғасыр шежіресін тұғырлап,

Ойып жазған атын алтын тақтаға!

Терең тарих қойнауымен сырласқан,

Жеңісіне куә болған нұрлы аспан,

Жаңа қоғам  қолдауымен жаңарып,

Толағайлы табыстармен шыңды асқан.

Жасарған да, жайнаған да, жаңарған,

Орындалған сұлу Сырда сан арман.

Көшелері қайта түлеп, жаңғырған,

Гүлзарлары хас сұлудай таранған.

Жарқырайды жастарының жанары,

Болашаққа еркін қанат қағады.

Желбіретіп тәуелсіз ел байрағын,

Сыр шаһары шеру тартып барады!

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: