Сейсенбі, 27 қаңтар, 01:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№7 (2219)
27.01.2026
PDF мұрағаты

Ұлт рухын ұлықтаған ат спорты

27.01.2026

42 0

Бүгінде ұлт үшін жанын беріп, ұлттық құндылықтарды ұлықтап жүрген азаматтар саусақпен санарлық. Қоғамда әркім өз күнін күйттеп жүрген кезеңде елдік мүддені бірінші орынға қойып, ұлттық спортты келешек ұрпаққа дәріптеп жүрген жандардың еңбегі ерекше құрметке лайық. Ат спортын дамыту жолында табандылықпен еңбек етіп жүрген азаматтың бірі – Сламхан Боранбаев. Оның ат спортына деген адалдығы мен еңбегі көпке үлгі болып жүргенін аңғардық.  Ұмыт бола бастаған асыл дәстүрді қалай жаңғыртамыз? Осы сауалдарға бірге жауап іздедік.

– Ат спортына қызығуынызға не себеп?

– Біз ат спортынан бөлек өмір сүре алмайтын жандармыз. Атпен бірге өстік, атпен бірге есейдік. Бұл – қазақтың болмысында бар, қанымызға сіңген өнер. Ата-бабамыздан аманат болып, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл мұра. Менің атам Жаңақорған ауданына кеңінен танымал, белгілі атсейіс болған. Аттың бабын танып, мінезін түсінген, ат үстінде еркін ойнаған жан еді. «Әке көрген оқ жонар» деген сөз бекер айтылмаса керек. Балалық шақтан көріп өскен тәрбие мені осы жолға жетеледі. Мен де атамнан қалған асыл мұраны тастап кете алмадым.

– Ат спортының қазақ қо­ғамындағы орны қандай?

– Ат спорты – спорт түрі ғана емес, ол – ұлттың тарихы, рухы, жауынгерлік болмысы де­сек болады. Көкпар, ау­дарыспақ, жамбы ату, теңге ілу, дәстүрлі садақ ату сынды спорт түрінің барлығы да кезінде соғыс өнеріне бейімделген. Қазақ халқының ел болып қа­лып­тасуында, жерін қор­ғап, шекарасын бекіту­де ат спортының рөлі ай­рықша болды. Біз жылқыға қарыз­дармыз. Ат спорты арқылы тіліміз бен дініміз, салт-дәс­түріміз сақталды. Сондықтан бұл спорттың қоғамдағы орны ерекше. Мәселен, көкпар – жай ғана ойын емес, ат үстіндегі ұлы шайқас дер едім. Жерден серкені іліп алып, оны ат үстінде асқан ептілікпен алып шығу батылдық пен төзімділікті, ептілікті талап етеді. Ал аударыспақ – нағыз даланың батырлары сынға түсе­тін дода. Бұл спорт түріне кез келген адам қатыса алмайды. Ат үстіндегі айқасты жетік меңгерген, тыңғылықты дайындықтан өткен спортшылар ғана бақ сынайды. Ал дәс­түрлі садақ ату мен жамбы ату – қазақтың ежелден келе жатқан көне өнері. Кезінде хандар мен билер ар­найы бәйге ұйымдастырып, әр рудан жамбышыларды, сайыпқыран мерген­дерді шақырған. Ат үстінде асқан жылдамдықпен, құйғыта шауып келе жатып, нысананы дәл көздеу жоғары шеберлікті, қырағылықты, дәлдікті қажет ететін өнер болып саналған. Міне, ат спортының қазақ қоғамында алар орны ерекше. Ат спорты жас ұрпақты шыдамдылыққа, мықты болуға тәрбиелейді. Бірақ қазіргі жас буын  нәзік. Баланы атқа баулу арқылы оның бойына ерлікті дарытамыз.

– Қазіргі таңда елімізде ат спортының дамуына қандай мүмкіндік жасалуда? Қазақстандағы ат спортының дең­гейі қандай? Қандай кедергілер жиі кез­деседі?

– Бүгінгі күні Қазақстанда ат спорты рес­публикалық деңгейде жүйелі түрде дамып келеді деп айтуға толық негіз бар. Жыл сайын ел чемпионаттары, Президент кубогы сарапқа салынады. Сонымен қатар жас ерекшеліктеріне қарай жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында Қазақстан чемпионаттары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұдан бөлек, халықаралық аренадан да шет қалып отырған жоқпыз. Азия чемпионаттары мен әлем біріншіліктері өт­кізіліп, отандық шабандоздар бағын сынауда. Көшпенділер ойындарының да маңызы зор. Мәселен, биыл Қырғызстанда өтетін Көшпенділер ойыны біз үшін үлкен сын әрі тәжірибе алаңы болмақ. Бұл ұлттық спорттың дамуына серпін беретін маңызды белес. Дегенмен кез келген салада кедергі болатыны белгілі. Ат спорты саласында да шешімін күткен мәселелер аз емес. Соның бірі – аттарды кәсіби деңгейде дайындайтын арнайы база­лардың тапшылығы. Ат баптау инфрақұрылымы әлі де толық дамымаған. Тағы бір өзекті мәселе жылқыларға арналған зертханалар  жоқтың қасы. Бізде қабілетті шабандоздар да, жүйрік аттар да бар. Алайда жылқының  денсаулығын, жай-күйін терең түсінетін, ғылыми тұрғыда сараптай алатын мамандар жетіспейді. Жылқы ауырып қалған жағдайда оның себебін анықтап, дер кезінде ем-дом жасайтын кәсіби деңгейдегі шабандоз-мамандардың тапшылығы сала дамуына кедергі келтіріп отырған негізгі факторлардың бірі.

– Шабандоз үшін ат таңдаудың ең басты қағидасы қандай болуы керек?

– Ат таңдау – аса жауапты мәселе. Мәселен, көкпар спортын алып қарайық. Көкпарда шабандоздар үш негізгі позицияда өнер көрсетеді. Біріншісі – шабуылшы, екіншісі қорғаушы, үшіншісі  жекпе-жекке шығатын шабандоз. Біз шабандоздарды осы үш бағыт бойынша дайындаймыз, соған сай аттарды да іріктейміз. Шаб­уылшы шабандозға ең алдымен шапшаң, жылдам әрі алғыр ат қажет. Себебі шабуылда уақыт пен жыл­дамдық ше­шу­ші рөл атқа­рады. Ал қорғау­шыға арнал­ған ат – қарсылас қуса жет­пейтін, өзі қашса қолға түспейтін, шабандозын сенімді қорғай алатын мықты болуы шарт. Жекпе-жек пози­циясындағы аттың да өзіндік ерекшелігі бар. Ол қырағы, қайратты әрі қар­сылас­тың әр қимы­лын сезе алатын болуы тиіс. Өйткені көкпар қы­рағылықты және тө­зімділікті талап ете­тін ойын. Ал аударыспақ ойынына кел­сек, мұнда бір орында тұрмайтын, елгезек, күші мол ат қажет. Ал тең­ге ілу спортында ат­тың жылдамдығы мен қырағылығы бірінші орын­да тұрады. Бұл спорт түрі үш стильде ойна­тылады. Атап айтсақ,  бес белес, қос құлаш және жеті құт үлгісінде. Сондықтан аттың икемі мен шабандозбен үйлесімі аса маңызды. Негізінде жылқы мінезі адам мінезіне ұқсас. Әр шабандоз өзіне сай, өз ойынына лайық ат таңдауы тиіс. Сонда ғана ұлттық спортта нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік болады.

– Жылқы сезімтал жануар екенін білеміз. Оған күтім жасау да оңай емес шығар…

– Жылқыда 7 жасар баланың ақылы бар деп жатады. Сөйлей алмағаны болмаса, бәрін сезеді, түсінеді. Қызық жағдайлар аз емес. Атқораға кірген сәттен бастап-ақ иесінің көңіл күйін сезіп тұрады. Қас-қабағыңнан-ақ бәрін ұғады. Бір қызық оқиғаны айтып берейін. Жаңақорғанда ат спортының негізін қалаған Жаңабай есімді ағамыз болды. Оның Кербез деген аты бар еді. Кербез өзгелерден ерекше, тым сезімтал болатын. Қораға кіргенде жеміне не шөбіне қарамай, ең алдымен адамның көңіл күйіне мән беретін. Егер ашулы күйде кірсең, алдындағы жемін жемей қоятын. Ал күліп, жылы сөз айтсаң, балаша еркелеп шыға келетін. Ал ат күтіміне келсек, қазақта «Тайында таптап мін, құнанында қақтап мін, дөненінде сақтап мін» деген сөз бар. Ескере кететін жайт, жылқы жеген асына ерекше мән береді. Тазалықты сүйеді. Бір сөзбен айтқанда, кірпияз. Жасынан баптап, икеміне қарай тәрбиелеу керек. Кейін көкпар, аударыспақ, теңге ілу сынды ұлттық спорт түріне қарай іріктеп алады. Әр аттың өз мінезі, өз қабілеті бар.

– Жарыс алдындағы дайындықтың ең жауапты тұсы қандай?

– Ең бірінші – намыс. Екінші де – намыс. Үшінші де – намыс. Шәкірттеріме ең алдымен осыны түсіндіремін. Адамда намыс пен қайрат болмаса, еңбектің бәрі бекер. Жарысқа шыққанда жеңіске деген ішкі сенім мен рух бірінші орында тұруы керек. Күмәнға жол бермеуі керек.

– Жастардың ат спортына қызығушылығы қалай?

– Қазақ пен ат егіз ұғым. Бірақ жастардың қызығушылығын арттыру үшін алдымен жағдай жасалуы керек. Ат үйірмелерін көбейту қажет. Сонымен қатар ат спортын кеңінен насихаттау маңызды. Телеарналарда жиі көрсетіп, газет-журналдарға ұлттық құндылықтарымызды жиі дәріптесе, әлеуметтік желі­лер­де сапалы контент көбейсе, жастардың қызығушылығы арта түсер еді.

– Өз тәжірибеңізден алсақ, жас шабандоздарға қандай кеңес берер едіңіз? Өзіңіз де белгілі шабандоздардың бірісіз.

– Өзімді әлі де үздік шабандозбын деп айта алмаймын. Қанша жетістікке жетсем де, үйренерім көп. Жас шабандоздарға айтарым, ең алдымен табандылық пен шыдамдылық керек. Ат спорты – ең қиын спорт түрінің бірі. Қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Әр қателіктен сабақ алып, «менікі дұрыс» деп менменсінбей, әрдайым өз-өзіңе сын көзбен қарау қажет.

– «Ұстаздың нәтижесін шәкіртінен байқа» дейді ғой. Шәкірттеріңіздің жетістіктері де аз емес шығар …

– Шәкірттерім бірқатар жарыстарда топ жарып жүр. Көшпенділер ойындарында да, Ұлы дала фестивальдерінде де жақсы нәтиже көрсетуде. Болашғынан үлкен үміт күтемін. Шәкірт тәрбиелеуде ең бастысы – адалдық. Шәкірттің жағдайын жасау керек. Оған өз балаңдай қарап, тіпті өзіңе қарағаннан да артық көңіл бөлу қажет. Сонда ғана нәтиже болары анық.

– Әңгімеңізге рахмет.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: