«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздары анықталып, марапат мінберіне көтерілді. Салтанатты жиынға қала әкімінің орынбасары Бақытжан Омаров қатысты.
Жиында алғаш сөз алған Бақытжан Бауыржанұлы қатысушыларды қала әкімінің дипломымен марапаттап, қаржылай сыйлықтар табыс етті. Сонымен қатар ол отбасы институтының қоғамдағы маңызына тоқталды.
Биыл ұлттық конкурсқа 36 отбасы үміткер ретінде құжат тапсырса, олардың ішінен арнайы құрылған комиссияның шешімімен 26 отбасы іріктеліп алынды. Нәтижесінде 3 отбасы жүлделі орынды иемденіп, тағы 3 отбасы арнайы номинацияға қол жеткізді.
Ұлттық байқауда І орын Ақжарма ауылынан келіп қатысқан Іздіқұловтар отбасына бұйырды. Бұл әулеттің тірегі Гәждәнбек ата мен оның жары Гүлнаш Қалиева 12 бала тәрбиелеп, 34 немере мен 16 шөберенің қызығына кенеліп отыр.
– Отбасының мәні – тәрбиеде. Бірінші кезекте өзара сыйластықта жатыр. Сіз-біз деген үлкен мен кішінің арасындағы ізеттілік те көп рөл атқарады. Осы құндылықтың мәнін түсіне білсек, әр отбасы мерейлі болары сөзсіз. Еңбегіміз еленіп, марапат алып отырмыз. Қуанышымызда шек жоқ. Балаларды өсіріп, бақтық. Жемісі міне, осындай мінберлерден көрініп отыр. Бұның өзі біз үшін – мәртебе, – дейді Г.Қалиева.
Байқауға қатысқан қызылордалық Мыңжасаровтар отбасы ІІ орынды еншілесе, үздік үштікті Қосшыңырау ауылынан келген Кенебаевтар отбасы түйіндеді.
Сонымен қатар Қызылжарма ауылынан келген Ибраевтар отбасы «Ұлағатты отбасы» номинациясын жеңіп алса, Қызылөзек ауылынан қатысқан Әбеновтер отбасы «Үлгілі отбасы» атанды. «Берекелі отбасы» номинациясына Қызылөзек ауылынан келген Тумановтар отбасы ие болды. Бұл әулеттің тірегі Марат Туманов егін шаруашылығымен айналысады. Ал жан жары Тұрсынкүл Ибраева – әулеттің шырақшысы. Олар 2 ұл, 2 қыздан өрбіген 17 немере мен 12 шөберенің қызығына бөленіп отыр.
Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!