Жексенбі, 22 желтоқсан, 12:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

 Ұлттық киім неге қымбат?

19.03.2024

805 0

Биылғы нуарыз мерекесі ерекше атап өтілуде. Ел бойынша наурызнама он күндігі белгіленіп, әр күнге атау берілді. Кеше, яғни 18 наурыз «Ұлттық киім күні» деп белгіленді. Бір айта кетерлігі, қоғамда ұлттық киімге деген көзқарас өзгерді. Бұрын жыл бойы сандықта жатып, бір күн ғана киіліп, қайта салынатын ұлттық киімнің қадірін енді түсінгендейміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада берген ауызашарда ұлттық киім туралы айтты. Ол халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу қажет екеніне тоқталды.

– «Ұлттық мәдениет дегеніміз бұл – мағынасы терең, көпқырлы ұғым. Халқымыздың төл мәдениеті салт-дәстүрден, әдет-ғұрыптан бастау алады. Ұлттық киімнің өзі – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі. Сондықтан ұл-қыздарымыз ұлттық киімді наурыз мейрамында, болмаса басқа мерекелерде жиі киіп жүрсе, керемет болар еді. Тек мерекеде емес, ұдайы киіп жүрсе де, жарасымды болатыны сөзсіз. Жалпы ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты, – деді ол.

Жалпы Мемлекет басшысы ұлттық киіммен бірге наурыз мерекесін жаңа жылға қарағанда кең ауқымда, мазмұнды түрде өткізуді айтқан еді.

Құрылтайда қаралды

Өткен аптада Атыраудағы ұлттық құрылтайда Президент біраз мәселелерді тізіп айтып, тапсырма берді. Мемлекет басшысы қара киім халқымыздың дүниетанымына қайшы екенін мәлімдеді.

– Ендігі мәселе – ұлттық бірегейлігімізді нығайту. Мен «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатымда Ұлыстың ұлы күнін бүкіл ел болып жаңаша атап өтетінімізді айттым. Жақында осыған байланысты арнайы тұжырымдама қабылданды. Әрине, бүкіл әлем жұртшылығымен бірге қарсы алатын жаңа жыл мерекесінен бас тартпаймыз. Бірақ ӘзНаурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыта түсеміз. Мысалы, көрісу күнінен басталатын мейрам кезінде әр күннің өз атауы болады. Соның бірі «Ұлттық киім күні» деп аталады. Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Мен былтыр ауызашар берген кезде осы мәселеге арнайы тоқталдым.

Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн. Әсіресе, қазіргі таңда мұндай қадамдардың мән-маңызы айрықша. Себебі соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім. Олар – бөтен емес, өз азаматтарымыз. Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіре-діншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек. Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.

«Ұлттық киім» күні бекітілді ме?

Мемлекет басшысы айтып өткендей, наурыз мерекесінің бір күнін, яғни 18 наурызда еліміз бойынша барлық өңірлер «Ұлттық киім» күнін атап өтуі тиіс. Бұған дейін мұндай күн болмаған. Мүмкін, алдағы уақытта осы дата айтулы күнге айналар деген үміттеміз.

Айтпақшы, бұл мәселені ұлттық киімді үстінен тастамайтын Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев та көтерді. Ұлттық киімдерімізді ұлықтау мақсатында республикалық деңгейде «Ұлттық киім» күнін бекіту жайлы жиі айтылып та жүр. Мәжіліс депутаты Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына сауал жолдаған еді.

– Ұлттық киім – ұлтымыздың ұлылығын ұлықтайтын, ұлттық кодымызды білдіретін айшықты көрсеткіш. Ұлттық киімдеріміздің мол мұрасымен мақтана алатындай елміз. Басқа киімдерді айтпағанда, бір ғана бас киімнің қазақ халқында 20-дан астам түрі бар. Бүгінде ұлттық киіміміз өзге елдерде кеңінен ұлықталу үстінде. Әлеуметтік желіде Қытайда қазақ жігітінің ұлттық киіммен көшеде жүріп, елдің назарын аударған видеосы 5 миллионға жуық қаралым жинап, халықтың ыстық ықыласына бөленген. Елде ұлттық киімді насихаттау тек бір реттік челлендждер мен акциялармен ғана ұлықталуда. Соңғы кезде жалпы халық арасында «Ұлттық сезім» жалпыұлттық акциясы басталып, ел арасында кеңінен қолдау тауып келеді. Акцияны зиялы қауым өкілдері, журналистер мен блогерлер, оқу ордалары қолдап, аптаның әр жұмасында ұлттық нақыштағы киімдерді киіп жүргендер қатары көбейді. Осы акцияны бастаған азаматтарға ерекше алғысымды білдіремін. Ұлттық киім мәдени майданның негізгі қаруы, халық санасына әсер етуші күш екенін ескерсек бұл мәселеге үстіртін қарауға болмайды, – деді депутат.

 «Шапанымыздан айырылып, қамшымызды ғана ұстап қалмайық»

Депутаттың  айтуынша , алдағы уақытта ұлттық нақыштағы киім кию дәстүрін тек н а у р ы з б е н , акциялармен ғана шектемей, оны трендке айналдыру қажет. Айталық, қырғыздар айыр қалпақтарын басынан тастамайды. Жапондар киманоларын әлемге әйгілеп әлек. Өзбек ағайындар ала шапанын жамылып жүр. Түркіменстан ғылым академиясы ғалым әйелдерге ұлттық нақыштағы көйлек киіп, басына орамал тартып жүруге міндеттепті. Енді Моңғолияны қараңыз, олардың ұлттық арналарында жаңалық оқитын дикторлар міндетті түрде ұлттық киім киіп отырады екен. Мектеп мұғалімдеріне де ұлттық нақыштағы киім кию міндеттелген, тіпті қоңыраудың өзін олар моңғол ұлтының рухын көтеретін әуенмен алмастырған. Ал біз ше?

Бізде де жаңалық жоқ емес. Мәселен, мектеп оқушылары сабақта қамзол киюді үрдіске айналдырып келеді. Бірақ бұл мәселеге кейінірек тоқталсақ…

– Бауырлас қырғыз халқы басынан айыр қалпағын тастамайды. Соған қарап-ақ, оны қырғыз екенін жазбай танисың. Тіпті депутаттары айыр қалпақтарын киіп отырады. Сондай-ақ ұлттық киімдерін сақтау мақсатында 5 наурызды – «Айыр қалпақ» күні деп мемлекеттік деңгейде бекітіп, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгізген. Мұндай күн тек Қырғызстанда ғана емес, әлемнің Бразилия, Испания, Шотландия, Жапония сынды алпауыт елдерінде бар. Көршілес өзбек халқы да ала тақиясы мен шапанын күнделікті киеді. Сол секілді шешен халқы да бөрігімен ерекшеленеді. Біз де ұлттық киімімізді өзіміз киюді сәнге айналдырмасақ, біртіндеп оларды басқалар иемденіп кетуі мүмкін. Соңында шапанымыздан айырылып, қамшымызды ғана ұстап қалмайық, – деді Дәулет Мұқаев. Осы орайда ол Үкіметке бірқатар іс-шараны қолға алуды ұсынды.

– Біріншіден, ұлттық киімдерімізді ұлықтау мақсатында республикалық деңгейде «Ұлттық киім» күнін бекіту. Бұл күн мәдени құндылықтарымызды кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеудің негізі болар еді. Екіншіден, мемлекеттік қызметкерлер мен халыққа қызмет көрсететін орталық қызметкерлерінің киімдеріне ұлттық нақыштағы элементтерін қосу. Үшіншіден, ұлттық киім өндіретін отандық кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп, бизнесті қолдауға бағытталған грант бөлуде ұлттық киім кәсібіне басымдық беру, халық арасында ұлттық киімді қолжетімді етуге ықпал етіп, сұранысты арттыру. Төртіншіден, мектеп оқушылары киетін ұлттық киімдер стандартын әзірлеп енгізу әрі халықаралық түрлі жарыстарға баратын азаматтардың формаларына міндетті түрде ұлттық нақышты бейнелеу керек, – деді Мәжіліс депутаты.

Оқушылар ұлттық киімді мерекеде ғана кие ме?

 Қаламызда елуден астан мектеп бар. Соның ішінде бірқатар мектеп осы үрдісті қолға алды. Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінде бастауыш сынып оқушыларының сабаққа қамзол кию дәстүрге айналған. Тіпті арнайы бірдей етіп тіккізіпті. Алдағы уақытта мектептегі барлық оқушы қазақы нақышта киінбек.

Біз де бастауыш сынып жетекшісімен тілдескенді жөн көрдік. 1 «О» сынып мұғалімі Айнұр Исламбекованың оқушылары қамзол тіктіруде жасыл түсті таңдапты.

– Мектепке киетін киімнің тәрбиеге өз әсері бар. Жалпы ұлттық құндылықтарды насихаттау қажет. Сыныпта 22 оқушы бар. Бәрі де ұлттық киімді тек наурызда ғана емес, күнделікті киіп жүреді, – деді Айнұр апай.

Бұл үрдіс оқушыларға да ұнапты. Оқушы қыздар заманауи үлгіде корсет түрінде тіктірсе, ұлдар жағы қамзол тіктірген. Сондай-ақ қамзол түрін, түсін мұғалім мен ата-ана ақылдаса отырып, қолға алуда. Мұндай игі бастамаға қуанып қалдық.

Сонымен, оқушыларға арналған қамзол тіктіру бағасы қашна болады? Осы сұрақты тігінші Фариза Сатаеваға қойдық. Тігіншінің айтуынша, оқушылардың қамзолының бағасы 5 мың теңгеден басталады. Әрі қарай матасына, ою-өрнегіне қарай бағасы да қымбаттай береді.

Ал сән үйлеріндегі қазақша киімдер көздің жауын алады. Ал бағасы шарықтап тұр.

 «Сараның сандығындағы» киімдер

«Сараның сандығынан» атауымен ұлттық киімдер топтамасын ұсынған айтыскер ақын Сара Тоқтамысова да осы бағытқа ерекше үлес қосып жүргендердің қатарында. Мереке қарсаңында әлеуметтік парақшасынан байқағанымыздай, бұл жерде де ұлттық үлгідегі барлық киім түрі бар. Киім бағасын сұрап көрдік. Гүлнұр есімді маманы былай дейді:

‒ Сенесіз бе, біз де осы кезде қанша киім тігіліп, сатылымға қойылып жатса да бағасына қарамай сауда қарқынды жүруде. Мысалы, матасы бархат шапан ‒ 155 мыңның үстінде. Ерлерге арналған «Алтын сақа» шапанымыз бөркімен 139900 теңгеден сатылып жатыр. Сонымен бірге ерлерге арнайы тігілген қазақы нақыштағы кеудешелер бар. Бағасы ‒ 25900 теңге. Дәл осы бағада қыздарға арналған кеудешелер сатылуда.

Нәзік жандар көйлектің сыртынан күнделікті киіп кетуге арналған шапандар да бар. Олардың бағасы ‒ 88900 теңге. Сондай-ақ «Сараның сандығынан» деген арнайы жазуы бар матамен тігілген ақ көйлек пен қамзолы бірге сатылады. Бағасы 43 мыңның үстінде. Негізі қазір мерекеге орай біраз жеңілдіктер болып жатыр, ‒ дейді ол.

 «Жанат Бақыт» сән үйіндегі бағалар

 Бәрі де «Қазақстанда жасалған» брендімен сатылымға шығарылған «Жанат Бақыт» сән үйі ұсынған ұлттық киімдер топтамасының да өз тұтынушылары бар. Біз сән үйінің әлеуметтік желідегі парақшасына жүгіндік. «Instagram» әлеуметтік желідегі парақшасында әр киімнің бағалары жазулы тұр. Ел сүйсіне қарайтын парақшадан іздегеніңді табуға болады.

Ал бағасына келсек, бархат шапандардың бағасы ‒ 95000 теңгеден басталады. Қазақы нақышта тігілген сырмақтар да бар екен. Бағасы ‒ 38 мың теңге. Қамзолдардың бағасы 38 мыңнан табуға болады. Бархат матадан тігілген гүл шапан 48 мың теңге тұрады. «Ғажап» бархат көйлегі де сатылымда бар. Бағасы ‒ 30 мың теңге.

Сән үйіндегі мамандардың айтуынша, көбі брендті киімдерге қызығушылығы басым екенін жеткізді. Ал олардың бағасы арзан емес.

Қызылордалық қолөнершілер не дейді?

Ұлттық нақыштағы киім тігудің хас шебері, сырбойылық кәсіпкер Аида Керімқұлованың ерекше дүниелері бүгінде көптің сұранысына ие. Осындай киімге ден қойған «Sapa KA» жеңіл өнеркәсіп осы кезге дейін ұлттық киімдерді де, қазақы бұйымдарды да кеңінен насихаттап келеді. Орталық директоры Аида Керімқұлова ұлттық киімдердің дизайнын кім сызатынын және бұл сала қаншалықты табысты екенін жасырмады.

 − Киім дизайнын өзім ойлап табамын, сол үшін тарихқа үңілемін. Оның үлгісін барынша жергілікті тарихпен байланыстыруға тырысамын. Ал 3D модельдеу үшін маман көмегіне жүгінемін. Бізде ең төмен баға 5000, 7000 теңгеден басталады. Яғни олар − жұқа шапандар. Ал этно стильдегі ұлттық киім 10 мыңнан басталады, − дейді ол.

Келесі кейіпкеріміз қызылордалық қолөнер шебері әрі кәсіпкер Қарлығаш Ілиясованы білмейтін жан жоқ шығар. Сыр еліне ұлттық киімді дәріптеумен бірге қазақы нақыштағы бұйымдар жасап көрмелерге қатысып, жүлделі орын алып жүрген қолөнершінің бірі. Бүгінде оның өз орталығы, өз тұтынушылары бар.

− Негізі қолөнермен айналысқаныма 27 жылдан астам уақыт болды. Ұлттық киімдердің матасы синтетика емес, кезінде әже-апаларымыз киген бархаттан тігіледі. Бағасы сапасына қарай. Дегенмен халықтың қалтасы көтеретіндей болады. Мәселен, 12000-нан басталып, 25 мың, 35 мың, 45 мың, 150 мың теңгеге дейін барады, – дейді кәсіпкер Қарлығаш Ілиясова.

Мен үшін ұлттық киім бәрінен қымбат

Бұл – психолог, тренер Назира Аймаханованың пікірі. Ол ұлттық киімді күнделікті киіп жүреді.

Ұлттық киім – халқымыздың айнасы. Біздің ұлттық кодымыз. Мәселен, өзге ұлт үстіміздегі оюлы қамзолымызбен, шапанымызға қарап, қазақ екенімізді білуі керек. Киіміміз, салт-дәстүріміз, әдеп-ғұрпымыз әлемнің алдында қазақ екенімізді айқындайтын бірден-бір код. Жалпы ұлттық нақыштағы ою-өрнекті, заманауи киім үлгілерін кеңінен тігіп жатқандар баршылық. Оған қоса күнделікті киюге де арнайы тіктіріп киетіндерді де көріп жүрміз. Сондай жандарды көрсем, еріксіз қуанып қаламын. Өзім психолог болғандықтан әр адамның киімі арқылы олардың мінез-құлқын, қоғамдағы орнын, болмысын тануға болады. Негізі әр адам ұлттық киімді наурызды күтпей жылдың барлық уақытында кисе, осыны өзі үрдіске айналдырса, нұр үстіне нұр болар еді. Өзімді күнделікті киіп жүргенді қалаймын. Тек наурызда ғана киіп, қалған уақытта оны киім ілгішке іліп немесе оны сақтап қою дұрыс емес. Жалпы мерекеде ғана киіп, жалған патриот болудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

Бір байқағаным, оң өзгеріс бар. Мәселен, дизайнерлер ұлттық киімдерді неше түрлі етіп тігіп, насихаттап жүр. Оған қоса мектеп оқушыларының қамзол киіп жүргені көңіл қуантады. Сондай керемет. Негізі өзгерісті адам өзінен бастауы керек. Мәселен, өзім ұлттық киімді күнделікті киемін. Ұлттық киім адамды әдемі етіп көрсетіп тұрады. Ол көңіл-күйге де әсер етеді. Тіпті шетелге шыққан кезде өзіммен бірге оюлы қамзолымды бірге апарып, сол жақта мақтанышпен киіп жүремін. Негізі осыны дұрыс насихаттай білуіміз керек, – дейді Назира.

Базардағы баға: қырғызстандық күртеше, дубайлық абайка

Тіпті қолжетімді бағадағы ұлттық киімнің өзі бізге сырттан келеді. Ал қазақстандық сән үйінің киімдері тым қымбат. Мереке болған соң ба, базарда адам қарасы көп. Бәрі жарыса ұлттық киім іздеп жүр. Ал оюлы қамзолдар, шапандар дегеніңіз толып тұр. Бағалары да әртүрлі. Бұл жақта да арзаны да, қымбаты да, бәрі бар.

Көбіне Қызғызстаннан келген күртешелердің бағасы көпшілік үшін қалтаға қонымды. Ең төменгі баға 5000- нан басталады. Ал қамзолдар безендірген моншағы мен оюына қарай 10 мыңнан асады. Ал кейінгі кезде сәнге айналған «абайка» деп аталатын шапан бағасы 25 мыңнан жоғары. Сатушы Мәдина Ермекова сауда қызып жатқанын жасырмады.

– Абайкалар негізі қазақтың ұлттық киіміне жатпайды. Бірақ кейбірі көйлектің сыртынан шапан ретінде алып жатыр. Оған қоса тойға, салтанатты кештерге киюге жарасымды. Көбіне толық әйелдер жағы жақсы алуда, – деді ол. ҰЛТТЫҚ КИІМ НЕГЕ ҚЫМБАТ? Басы 1-бетте Тілші түйіні Халық ұлттық киімді күнделікті киюге үйренді. Бұл үрдіс көңіл қуантады. Ендігі мәселе – ұлттық киімді өзгелердің емес, өзіміздің тіккеніміз. Ол үшін ұлттық киім тігетін кәсіпкерлерге қолдау қажет екені белгілі.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: