Сейсенбі, 25 наурыз, 16:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№21,2134
23.03.2025
PDF мұрағаты

Ұлттық киімді дәріптеген қолөнер шебері

23.03.2025

771 0

Қазақтың ұлттық мәдениеті – ғасырлар бойы қалыптасқан баға жетпес мұра. Бұл мұраны сақтап, келер ұрпаққа жеткізу – әрбір саналы азаматтың парызы. Қолөнер – осы ұлы міндетті атқарудың маңызды бір қыры. Сол дәстүрлі өнерді жаңғыртып, ұлттық нақышты заманауи әлеммен үйлестірген шеберлердің бірі – Сабина Темірболат. Сабинаның қолөнерге деген қызығушылығы бала күнінен басталды. Ол жастайынан ою-өрнектерге, ұлттық киім үлгілеріне қызығып, қолөнердің қыр-сырын үйренді. Уақыт өте келе, бұл қызығушылық кәсіби деңгейге көтеріліп, оның қолынан шыққан туындылар қазақ мәдениетінің айнасына айналды. 

Бүгінде Сабина – ұлттық киім киінген қуыршақтар, заманауи киімдер, сәнді бұйымдар жасаумен айналысатын шебер. Ол әр қуыршақтың киіміне ұлттық нақыш беріп, бас киімінен бастап, өрнектелген камзолына дейін тарихи мазмұнмен үйлестіре отырып жасайды. 

Ұлттық киім – қазақтың рухани коды

Сабина ұлттық киімдердің сәндік қана емес, рухани маңызы зор екенін ерекше атап айтты. Әрбір ою-өрнек, әрбір түстің үйлесімі белгілі бір мағынаны білдіреді. 

– Қазақтың ұлттық киімдері – ата-бабаларымыздың өмір салтының көрінісі. Әр өрнек, әр түстің өз тарихы бар. Мәселен, шапанның тігілу тәсілі, кимешектің әр қыртысы халқымыздың өмірлік философиясынан сыр шертеді. Сондықтан мен әр қуыршақты тіккенде, осы тарихи элементтерді толық сақтауға тырысамын, – дейді шебер. 

Оның қолынан шыққан қуыршақтар тек әсемдігімен ғана емес, ұлттық болмысты бойына сіңірген ерекше дүние ретінде құнды. Қолөнер бұйымы қазақ мәдениетіне жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік беріп, дәстүрімізді бағалауға, ұлттық болмысымызды тануға көмектеседі. 

«Louis Vuitton» бағдарламасынан өткен жас шебер

Сабинаның таланты шекара асып, халықаралық деңгейде танылды. Ол сән индустриясының алыптарының бірі – «Louis Vuitton» компаниясының «Creation & Branding» және «Retail & Customer Experiences» бағыттары бойынша кәсіби оқыту бағдарламасына қатысып, халықаралық сертификатқа ие болды. 

– Бұл бағдарлама маған сән әлемінің жаңа көкжиегін ашты. Мұнда мен бренд қалыптастыру, тұтынушылық тәжірибені дамыту және сән индуст­риясының зама­науи тенденцияларын зерт­теуге мүмкіндік алдым. LVMH ұсынған білім мен тәжірибе менің шығармашылы­ғыма тың серпін берді, – дейді Сабина. 

«Louis Vuitton» бағдарламасы аясында ол әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған талантты шеберлермен тәжірибе алмасып, сән индустриясының құпиясын меңгерді. Бұл тәжірибе оның ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын жасау ісіне жаңа көзқараспен қарауына сеп болды. 

Ұлттық өнердің

заманауи үлгісі

Сабина жасаған қуыршақтар мен әшекейлерге шетелдіктер де назар аударуда. Оның қолынан шыққан бұйымдар – ұлттық өнер мен заманауи сәнді туындылар. 

– Әр бұйымымның артында үлкен ізденіс пен махаббат жатыр. Ұлттық өнердің қадірін түсіну және оны қазіргі заманға бейімдеу – тек шеберлікті ғана емес, жүрекпен сезінуді талап етеді. Әрбір ою, әрбір өрнек – біздің мәдениетіміздің мәні, оны дұрыс жеткізу – үлкен жауапкершілік, – дейді ол. 

Қолөнер шебері заманауи сәнді жаңа қырынан қарастырып, қазақи нақыштағы ерекше әшекейлер жасап, ұлттық өнерді жаңаша дамытып келеді. Ол ұлттық бұйымдарда заманауи трендтермен үйлес­тіріп, бірегей стильдегі сәндік бұйымдар жасайды. Сабина Темірболат ұлттық өнерді жаңғыртуға үлес қосып келе жатқан талант иесі.

Ұлттық киімді дәріптеген қолөнер шебері

Оның шығармашылығы ұлттық мәдениетті дәріптеуге, оны жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Ол ұлттық киім үлгілерін, дәстүрлі нақыштарды заманауи сәнмен үйлестіре отырып, қазақ мәдениетін әлемге танытып келеді. Ұлттық өнерге деген сүйіспеншілік, ізденіс пен шеберліктің арқасында қазақ мәдениетін тек елімізде ғана емес, жаһандық деңгейде насихаттап жүрген қазақ қызының еңбегіне тәнті болдық.

Аққағаз  ҚАЛАМҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: