Елімізде әр бала дүниеге келген сәтінен бастап, ер жеткеніне дейін мемлекеттің қолдауына ие бола алады. Соның айқын дәлелі – «Ұлттық қор – балаларға» жобасының жүзеге асуы.
Бұл қор ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, сондай-ақ білім алуына жан-жақты жағдай жасап, табысты болуына бағытталған. 2024 жылдан бастап балаларға 18 жасқа толғанға дейін Ұлттық қордан қаражат аударылып келеді.
– Біз азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсартып, балаларымызға кемел келешекті құрудың негізін қалап жатырмыз, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ақпан айында балалардың есепшотына мемлекеттен қаржы түсе бастады. Баласының есепшотындағы қаржы көбейгеніне ата-ана мәз.
– Менің төрт балам бар. Былтырдан бастап қаңтар айында төрт баламның есепшотына Ұлттық қордан ақша түсті. Бұл бастама тек балаларға ғана емес, еліміздің жарқын болашағына салынған үлкен инвестиция деп санаймын. Ұлттық қордың осындай мүмкіндігі олардың болашағына жол ашатыны сөзсіз. Мемлекет осындай қамқорлық жасап жатқанына балалар да қуанып жүр. Біз оларды ел үмітін ақтайтын ұрпақ етіп тәрбиелеуіміз қажет. Бұл бастама кейінгі ұрпақтың болашаққа зор сеніммен қарауына мүмкіндік береді, – дейді көпбалалы ана Аида Баржақсиева.
ҚР Қаржы министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылы бұл бағдарлама 6919131 баланы қамтып (2006-2023 ж.ж. туған балаларды қоса алғанда) олардың шотына 100,52 АҚШ доллары аударылған.
Ал биыл әр балаға 129,38 АҚШ доллары аударылды. Бағдарламаға екі жылдан бері қатысып келе жатқан балалардың жинақтарының жалпы сомасы 232,94 АҚШ долларына ұлғайған.
Айта кетелік, жинақталған соманы 18 жасқа толғанда пайдалана алады. Жинақтар БЖЗҚ-дағы шоттарға аударылады және жобаның ресонденттері уәкілетті операторлардың (Отбасы банкі және Халық банкі) қосымшасы арқылы өтініш бере отырып, тиісті соманы тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және (немесе) білім алуға жұмсай алады. Биыл бұл бағдарлама 6921035 баланы қамтыған. Олардың ішінде 324430 азамат 2025 жылы 18 жасқа толады.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!