Бейсенбі, 26 желтоқсан, 05:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ұлттық құндылықты сақтаған ауыл

23.03.2024

1402 0

Сурет: Айдана Сейіл

Наурыз мерекесі қарсаңында қалаға қарасты Қарауылтөбе ауылына ат басын тұрдық.

Ауылдың ең үлкен тұрғыны

Қашанда үлкенді сыйлаған елміз. Осы әдебімізді сақтап, ең әуелі ауылдың ең үлкен түрғынына сәлем бердік.

Қазақта «қарты бар үйдің қазынасы бар» деп текке айтылмаған. Расында, қариясы бар үйге кіре қалсаңыз, жылулық, береке сезіледі. Осындай берекеге толы үйдің бірінде 94 жастағы Күнсұлу Жайсаңбаева әжеміз тұрады. Біз үйге кірген сәтте күннің шуағындай жарқырап, алдымыздан шығып, күлімдей қарсы алды.

– Біздің кезімізде наурыз онша тойлана бермейтін. Кейіннен мән беріле бастады ғой. Біз наурызға дайындалғанда дайын ұлттық киім де жоқ. Қамзол, шапан дегенді өзіміз тігетінбіз. Сосын үйдегі барымызбен наурызкөжемізді пісіретінбіз. Ал қазір бәрі дайын. Ұлттық киімнің неше түрі бар. Көженің өзіне жеті түрлі дәннен кем емес етіп дайындайды. Шүкіршілік заман ғой.

Өзім бұл шаңыраққа келін болып он сегіз жасымда келдім. Ата мен енем болды. Сегіз баланы дүниеге әкелдім. Шалымыз екеуміз білім алмадық. Ол кезде қиын-қыстау кез болатын. Бірақ балаларымның бәрін оқыттым. Әрқайсысы өз жолын, өз теңін тапты. Қазір осылардың тілеуін тілеп отырмын,  – дейді ақ жаулықты әже.

Кейуананың бүгінде 24 немересі, 40 шөбе­ресі, 3 шөпшегі бар екен. 

Самаурынның шайы…

Ауылға барсақ самаурын табудың өзі қиын. Ілуде біреу болмаса… Ал ақ кимешек киген ауыл тұрғыны Гүлзат Тілесованың үйінде самаурын да, диірмен де, күбі де бар екен. Ол ауылда кітапханашы болып жұмыс істейді. Оған қоса, қазақтың ұлттық құндылығын ұмытпаған, шаңырағында отбасы берекесін сақтаған отанасы. Тағы бір атап айтарлығы, Гүлзат апа әлі де самаурын қайнатып, қиға нан жабады. Анда-санда диірмен тартып, күбі піседі.

– Үлкен әулетке келін болып түстім. Жолдасым сегіз баланың кенжесі. Сондықтан бұл үй – қарашаңырақ. Жазғы демалысқа үйге жан-жақтан немерелер келіп, улап-шулап, асыр сала ойнап жүретін. Бала көп кезде қазан-қазан тамақ пісіріп, күніне бірнеше мәрте нан жабатынмын. Содан бері қолымнан табам түскен емес. Әлі күнге дейін далаға қиға нан көмемін. Себебі қиға піскен нанның дәмі бөлек.

Ал мына диірмен енемнен қалған дүние. Осы үйге жас келін болып түскен кезде көп нәрсені енем үйретті. Жалпы өзіміз де ауылда диірмен тартқанды көріп өстік. Осы кезде диірмен тартуды қызыма үйретіп отырмын. Табиғи өнімнің дәмі бөлек қой.

Кезінде күніне жеті сиыр саудым. Осы кезде де сиыр сауып, айран пісіп, құрт жайып отырған жайым бар. Күні кеше бір сиырым бұзаулап, балаларыма уыз көже пісіріп бердім. Негізі уыз көже пісіру – біздің үйдегі қалыптасқан үрдіс. Наурызкөже де пісірдім.

Самаурынмен қайнаған шайдің дәмі ерекше. Өзім күнделікті самаурынмен шай қойғанды ұнатамын. Қазір кей үйлерде тіпті самаурынды таппайсың. Мен анамның, енемнің тәрбиесін көрген жанмын. Кейде қаладағы туыстарымыз да «таба нан мен самаурынның шайін сағындық» деп келеді, – дейді Гүлзат апамыз.

Наурызда туған  Наурызгүл

Аты айтып тұрғандай, бұл ауылдан да Наурызбай, Наурызгүлдерді іздегеніміз жасырын емес. Наурызгүл Мырзабаева деген апамыз бар екен.

– 19 наурызда дүниеге келдім. Жетпіс жасқа толдым, шүкір. Сол кездері жұрт жиналып, наурызкөже беретін көрінеді. Анам сол наурыз­көжеге барған сәтінде мені босанып қойған екен. Жасы үлкендеу келген Ерке апа деген кісі менің кіндігімді кесіп, атымды Наурызгүл қойыпты, – дейді кейіпкеріміз. Бүгінде Наурызгүл апамыз 8 шөбере сүйіп отырған аяулы әже. 

Қолөнерді анасынан үйренген Мөлдір

Ынтымағы жарасқан ауылдағы келесі кейіпкер – Мөлдір Түлебаева, балабақшада жұмыс істейді, төрт баланың анасы. Басында орамалы, ұзын етекті қазақы нақыштағы көйлегі жарасқан, жүзі жарқын Мөлдір осы күні тігін тігумен айналысады. Мөлдір тігіншілікке арнайы бір бөлмені дайындап қойыпты. Ішіне кірсеңіз, қазақтың оюымен тігілген құрақ көрпешелер, жастықтар көз жауын алады. Тігінші қолынан шыққан дүниенің әдемілігінде мін жоқ.

– Бала кезден тігінге қызықтым. Ол кезде қуыршаққа киім тігетінмін. Негізі ісмерлік анамнан дарыған. Үлкен апам тұрмысқа шыққанда анам оның жасауын өзі тікті. Сол кезде қасында қарап отыратынбыз. Көрпе көктеуді де анамнан үйрендім.

Сөйтіп, карантин кезінде тігін тігуді қайта қолға алдым. Содан бері төрт жылға жуық уақыт болды. Бүгінде өз тұтынушыларым бар. Қаладан да, ауылдан да, әлеуметтік желідегі па­рақшам арқылы да тапсырыс беріп жатады. Қыз жасауын, бесік жабдығын тігемін, – дейді қолөнер иесі.

«Атымды

5 млн-ға да бермеймін»

Бұл – ауыл тұрғыны Айдос Хакімұлының сөзі. Ол аттан түспейтін, жылқыны жақсы көретін азаматтың бірі.

– Өзім бала кезден атқа құмар болып өстім. Жылқы жаныма жақын болды. Атты баптап, көкпарға қосуды 2012 жылдан бастап қолға алдым. Бұл жануарға ерекше күтім керек. Балаға қалай қарау қажет? Міне, атты да солай жастайынан баптаймыз. Тіпті арасында жарыстан ауырсынып қалған аттарыма жаным ауыратын сәттер де болады. Мысалы, мына атымның есімі – Джиган. Талай көкпарда жүлделі орынға ие болып жүр. Айтқанның бәрін түсінеді. Сондай ақылды жануар, – деп атын сипалап, еркетеліп қойды.

Алған жүлделерін мақтанышпен айтты. Әрине, Джиганды баптаған Айдостың да еңбегі бар. Айтпақшы, бұл тұлпар Қызылордаға танымал. Жүйрік атқа біраз көкпаршының көзі түсіп, тіпті 5 млн теңгеге де пұлдап жүр екен. Бірақ «қанша миллион берсе де Джиганды сатпаймын», – дейді атсейіс.

Батагөй ақсақал мен батыр ана

Қазақта «Ауылына қарап, азаматын таны» деген сөз бар. Ал біз жұдырықтай жұмылған азаматтар арқылы ауылды тани түскендейміз. Елді мекенге келгендіктен ауыл ақсақалынан бата алып қайтқанды жөн санадық.

Бүгінде бата беріп, бәтуалы сөз айта алатын адамның азайғанын ұят та болса, мойындаймыз. Астан кейін қол жайып, үлкендердің аз-кем күбірінен кейін бет сипап тұра беретініміз жасырын емес. Дегенмен сөздің қасиеті бар деп ұққан қазақ қара сөздің қадірін біледі. Ел арасын іздесек, алтын кенішке жолығатынымыз анық. Ұлағаты мол, аузының дуасы бар қариялар кезігеді. Осындай шежіре қарияның бірі – Аманкелді Досмаханұлы. Ол – ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы. Сексеннің төртеуіне келсе де сергек.

Қарияның кәрілікке бой бергісі жоқ. Ұлағатты әңгімені де, шежірені де таңнан-таңға дейін айтуға әзір. Қариядан «қанша бата білесіз?» деп сұрадық.

– Санын білмеймін. Бірақ бесіктегі сәбиден бастап, шаңырақ көтерген жастарға, отбасы тақырыбына арналған баталар білемін. Осы батаның арқасында талай байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Әр үйдің қариясы баталы болуы керек деп ойлаймын, – дейді ол. Халқына бата берумен бірге елдегі мәселелерді оңтайлы шешуге атсалысып жүрген ақсақал ауылдағы белсенді, маңдайалды ардагерлердің бірі. Тағы бір ұстанымы, қарапайымдылықты жақсы көреді. Тәкаппарлық танытқандарды жаны сүймейді. Батагөй қария бізге «Дастархан» батасын берді.

– Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын.

Дастархандарың бай болсын.

Ішіп-жегендерің қазы-қарта, жал болсын.

Төрт түлігің сай болсын, көңілдерің жай болсын.

Ұлдарың қонсын ұяға, қыздарың ұшсын қияға.

Келінің бибі атанып, ұлдарың болсын би аға,

Бергеннен Алла танбасын, көбейе берсін мал басың,

Өсе берсін жан басың, арманың көкке самғасын.

Досыңнан көңілің қалмасын, жағаңнан дұшпан алмасын.

Жортқанда жолдарың болып, жолыңды Қыдыр жалғасын.

Дастарханың дәмге толып, көңілдерің сәнді болсын.

Ұрпақтарың аман болып, өмірлерің мәнді болсын, – деп батасын берді.

Ауыл ақсақалы жұбайы Назипа Досмаханова екеуі 10 баланы тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған үлгілі отбасы. Шаңырақ көтергендеріне 60 жылдан асқан берекелі үйдегі батыр ана Назипа әжені әңгімеге тарттық.

– Осы әулетке 17 жасымда келін болып түстім. Келген үйім мал шаруашылығымен айналысады екен. Жасыма қарамай еңбекке араласып кеттім. Қазір шүкір, жаман емеспіз. Бала-шағаның ортасында арқа-жарқа боп отырмыз. Негізі баланың көп болғаны дұрыс деп ойлаймын. Санына шектеу қоймау қажет. Алла берсе, несібесімен береді. Көптік етуге болмайды, – дейді әже. Өзі айтқандай, кезінде жұмыс пен отбасын қатар алып жүрген. Еңбек етуден қашқан кезі болған емес. Жылдар бойы ауылдағы фермада сауыншы болған батыр ана. Облыстық, аудандық советтің депутаты болып, ел ісіне белсене араласты.

Көпшілікке үлгілі шаңырақ қалалық «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, облыстық кезеңде «Үлгілі отбасы» номина­циясын иеленген.

– «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген.  Келіндеріме, балаларыма тату болыңдар деп айтып отырамын. Отбасында ең бірінші сый­ластық қажет, – дейді Назипа әже. Берекелі отбасыдан тек қана жылылықты сезініп, Аманкелді атамыздың ақ батасын алып, жолға шықтық.

Тілші түйіні

Міне, Қарауылтөбе ауылындағы ағайынның жайы осындай. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, ұлттық құндылықты сақтаған, бірлігі бекем, тірлігі толымды, берекелі, несібелі ауылдың бары көңілге қуаныш ұялатты.   

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: