Ұлттық құрылтай – жаңа заманның ғана құбылысы емес. Бұл ұғым ғасырлар бойғы халық тәжірибесімен, дәстүрлі басқару және келісім институтымен тығыз байланысты. Арыға бармай-ақ, Қазақ хандығы дәуірінде Ұлттық құрылтай қоғам мен биліктің арасына көпір болып, құқықтық және рухани дәстүрді сақтаушы орган ретінде қызмет етті. Дәстүр сабақтастығы жалғасып, осы институт бүгінгі заманауи құрылымға қайта түсті. Қазіргі Құрылтайлар – сөзден іс-қимылға өтетін көпір, қоғам мен биліктің ашық диалог алаңы, азаматтық қоғамның дамуына серпін беретін стратегиялық платформа.
Мәні мен маңызы артқан институт
Кейбіреулер Ұлттық құрылтайды тек кеңес беру органы деп ойлайды. Бұл қате пікір. Шын мәнінде, ол – қоғам мен мемлекеттің сенімді көпірі, реформалық өзгерістердің бастамасы. Мұнда көтерілген идеялар заң жобаларына, мемлекеттік бағдарламаларға және стратегиялық шешімдерге жол ашады. Оның саяси мәні мен маңызы күннен-күнге артып келеді.
Құрылтайда көтерілген қоғамдық пікір мемлекеттік шешімдерге тікелей әсер етеді. Құрылтайда талқыланған бастамалар тек сөз жүзінде қалмай, нақты іс-қимылға, ел дамуына жол ашуда. Құрылтайда көтерілген ұсыныстар өңірлік жобаларға айналып, нақты нәтижелерге бастауда. Инфрақұрылым жаңғыртылып, әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырылды, жастар мен қоғамдық ұйымдардың бастамалары мемлекеттік қолдауға ие болды. Бұл – елдің барлық тұрғындары үшін нақты пайда әкелген өзгерістер.
Сондай-ақ Ұлттық құрылтай азаматтық қоғамның белсенділігін арттыруға және құқықтық мәдениетті қалыптастыруға мүмкіндік берді. Әділеттілік пен заң үстемдігін күшейтуге бағытталған бастамалар қоғамға сенім орнатты, азаматтарға өз пікірін ашық айтуға, шешім қабылдауға қатысуға жол ашты.
Рухани және мәдени даму мәселелері де Ұлттық құрылтай назарынан тыс қалған емес. Құрылтайда талқыланған жобалар тарихи ескерткіштерді қалпына келтіруге және мәдени өмірді жаңғыртуға бағытталды.
Алдағы міндеттер
Биылғы Ұлттық құрылтай жылдағыдан ертерек өтпек. Бұл кездейсоқтық емес. Әлемдегі қиын геосаяси ахуал кезінде елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін батыл әрі нақты шешімдер қабылдау қажет. Қызылордада өтетін құрылтайда Президентіміз Парламенттік реформаның мәні мен маңызын кеңінен түсіндіруі, заң шығарушы органды жаңғырту бойынша нақты бастамалар жариялауы мүмкін екендігін болжайды көптеген сарапшылар.
Осы ретте Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев осы жылғы 15 қаңтарда «Түркістан» газетінде жарияланған «Реформалардың мәні – 5: Ықпалды Парламент» атты мақаласында: «Өкілді биліктің тұрақтандыру функциясы бүгінде қос палатаның әлеуетін бір пәрменді күшке жұмылдырып, Қазақстан халқының барлық әлеуметтік тобының пікірін тұтас білдіретін бір палаталы Парламентке біріктіруді талап етеді. Бұл – атқарушы билікке ықпалды теңгерім болатын қадам. Халық – парламенттік реформаның негізін қалаушы. Өйткені бұл жолы өзгерістің басты тапсырыс берушісі бұрынғыдай билік емес, халық болып отыр»,- деп нақты тұжырымдайды.
Ұлттық құрылтайда талқыланған мәселелерді жүзеге асыру үшін халық, мәслихаттар, Парламент пен атқарушы билік бірлесіп жұмыс істеуі тиіс. Ұлттық құрылтайдың Қызылордада өткізілуі символдық мәнге ие: бұл өңір қазақ елінің тарихында маңызды шешімдер қабылданған орын. Кешегі дәуірлерде Қыпшақ мемлекетінің, Ақ орданың, Қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ, Қорқыттың қоңыр күйі, ғарышқа жол ашқан Байқоңыр кешені – Сырдың стратегиялық маңызын дәлелдейді.
Қызылорда облысы орнықты даму көрсеткіштері бойынша жоғары нәтижелерге жетуде. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени өмірін жаңа белеске көтеру үшін аянбай еңбек етуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қызылорда облысына келген жұмыс сапарларында Сырдағы атқарылып жатқан игілікті істерді көріп, облыс әкімінің қызметін жоғары бағалағанын да ел біледі.
Біз әдетте дамуды тек экономикалық көрсеткішпен бағалаймыз. Бірақ шын мәнінде, қоғамның тірегі – білім мен рухани байлық.
Облыс орталығынан шалғай ауылдарға дейін мәдени және білім беру инфрақұрылымы жүйелі дамуда. Музейлер мен кітапханаларды біріктірген Руханият орталықтары, Өнер орталығы, Балалардың шығармашылық академиясы, физика-математика бағытындағы мектеп-лицей – жергілікті тұрғындар үшін ашық білім мен шығармашылықтың алаңына айналды. Сонымен қатар мәдениет үйлері мен спорттық кешендер жаңартылып, жаңалары ашылуда. Олар тек бос уақытты тиімді өткізуге ғана емес, ұлттық дәстүрлерді сақтау мен дамытуға қызмет етеді.
Бұл орталықтар балалар мен жастарға ұлттық тарихты, әдебиет пен өнерді үйретіп, шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ спорттық кешендер денсаулықты нығайтып, белсенді өмір салтын қалыптастыруға жол ашады.
Бүгінде Қызылорда облысы әлеуметтік-мәдени жаңғырудың үлгісіне айналды. Рухани дамыған қоғам – білімді, белсенді, елге пайдалы азаматтар тәрбиелейтін қоғам. Қызылорда – осының жарқын мысалы.
Цифрлық трансформация – жаңа көпір
Азаматтардың белсенділігі, әлеуметтік бастамаларға қатысуы, қоғамдық пікірді ашық білдіруі – елдің тұрақтылығы мен демократиялық дамуының басты кепілі.
Президенттің былтырғы Жолдауында жасанды интеллекттің рөліне баса назар аударылып, елімізді цифрлық мемлекетке айналдыру міндеті қойылды. Осы талаптардың жалғасы ретінде 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект» жылы деп жарияланды. Бұл тек технологиялық жаңалық енгізу емес, ел өмірінің барлық саласын – экономикадан білім, денсаулық сақтау, мәдениет пен әлеуметтік қызметке дейін – цифрлық трансформация арқылы тиімді етуге бағытталған стратегиялық шешім.
Ұлттық құрылтайда да цифрлық өркениет пен жасанды интеллект заманында көшке ілесу мәселесі негізгі тақырыптардың бірі болады деп ойлаймын. Дегенмен, бұл бағытта кешенді мәселелерді шешу әлі күнге дейін өзекті. Әсіресе, жоғары жылдамдықты интернетті тарату, электрондық үкімет қызметтерін жетілдіру, жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді қолдану азаматтарға қызмет көрсету сапасын арттырады, бюрократиялық кедергілерді азайтады және қоғамдағы ашықтықты қамтамасыз етеді.
Сонымен бірге, цифрлық даму – экономикалық өсудің қозғаушы күші. Жаңа технологиялар шағын және орта бизнесті қолдауға, өңірлік жобаларды тиімді басқаруға және инвестициялық климатты жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жұмыс орындарын көбейтеді, кәсіпкерлікті дамытады және елдің әл-ауқатын арттырады.
Рухани және мәдени даму да цифрлық трансформациядан тыс қалмайды. Онлайн білім беру, виртуалды музейлер мен мәдени жобалар, цифрлық архивтер тарихи мұра мен ұлттық құндылықтарды сақтап қана қоймай, оны жаңа буынға жеткізудің тиімді жолына айналады. Мысалы, тарихи ескерткіштерді цифрлық форматта қалпына келтіріп, әлемдік аудиторияға танытуға болады. Қызылордада салынған облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа заманауи ғимараты Сыр мәдениеті мен өнерін, өлке тарихын насихаттауды осы бағытта дамытудың мүмкіндігін арттырды.
Сондай-ақ цифрлық болашақ – стратегиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды компоненті. Ақпараттық және киберқауіпсіздікті нығайту, мемлекеттік жүйелерді цифрлық қорғау елдің тұрақтылығы мен тәуелсіздігі үшін шешуші рөл атқарады.
Қысқасы, цифрлық трансформация елдің барлық саласында тиімділікті арттыру, азаматтардың өмір сапасын жақсарту, қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайту, рухани және мәдени құндылықтарды сақтау мен дамыту үшін жасалған кешенді маңызды қадам болып отыр.
Біз осы істерде белсенділік танытуымыз керек. Себебі елдің рухани, мәдени және цифрлық дамуы тек атқарушы биліктің емес, әрбір азаматтың атсалысуымен ғана мүмкін болады.
Руслан Рүстемов,
Парламент Сенатының депутаты
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!